Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тиімді бағада шоппинг, түнгі круиз және ғибадатханалар: Қазақстандықтар Гуанчжоуда қайда саяхаттай алады

  

Фото: Stan.kz

Саяхат бағытыңызды Азияға бұрып жатсаңыз, Қытайдың Гуанчжоу қаласы – міндетті түрде тізімде болуға тиіс мекен. Көбіне қазақстандықтар Қытайға сауда-саттық, яғни тауар алуға, кәсіп мақсатында барады. Алайда Гуанчжоуды тек іскерлік бағытта емес, саяхат нүктесі ретінде де қарастырған жөн. Ежелгі және заманауи стильді біріктіре алған қалада көздің жауын алатын биік мұнаралар мен тарихи мұражайларды, әдемі саябақтарды тамашалап, тиімді бағада шоппинг жасауға болады. Stan.kz тілшісі Гуанчжоудағы сапарынан пайдалы кеңестерін бөлісіп, мегаполистің көрнекі жерлері туралы материалды назарыңызға ұсынады.

Гуанчжоу – Қытайдың оңтүстігінде орналасқан төртінші мегаполисі, Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы. Сауда және өнеркәсібі дамыған, Оңтүстік Қытайдағы ең ірі сыртқы сауда теңіз порты деп саналады. Жібек, мақта, джут, рами, жасанды талшықтардан өнім шығаратын әлемге әйгілі жеңіл өнеркәсіп орталықтары бар. Кеме жасау, автомобиль, мотоцикл, тоқыма және азық-түлік жабдықтары, автокөлік бөлшектерін жасаумен айналысады. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың арасында GAC Group автомобиль зауыттары, GAC Aion New Energy Automobile бар.

Гуанчжоу ішкі туризмге аса мән береді, яғни қытайлықтар еңбек демалысы кезінде дәл осы қалада саяхаттайды екен. Қаланың сан алуан бояуы және төлтума атмосферасы туристерді өзіне баурап алады. Ғимараттарда көзге түсетін ашық түсті жазулар мен принттер бар, көліктерінің де түрлі-түсті екенін, жергілікті тұрғындардың ерекше стильде киінетінін байқауға болады.

гуанчжоу көше

Фото: Stan.kz

Гуанчжоудың көрікті жерлері

Шамянь аралы

шамьян

Фото: Stan.kz

Шамянь аралы – еуропалық стильдегі саябақ. XIX ғасырда ол батыс державаларының концессиясына беріліп, мұнда Франция мен Ұлыбританияның консулдықтары, банктері мен сауда өкілдіктері орналасқан. Сол кезеңнен бері сақталып қалған неоклассикалық ғимараттар мен колониялық архитектура бұл жерді өзгеше атмосфераға бөлейді. КСРО-ның да консулдығының ғимараты сақталған.

консул

Фото: Stan.kz (КСРО консулдығының ғимараты)

Одан бөлек православ шіркеуі бар.

Фото: Stan.kz

Ескі ескерткіштер – балаларын жетектеген ана, саудагерлер, ғұламалар мен музыканттардың бейнесі Шамяньнің көпқырлы тарихынан сыр шертеді. Қазір бұл жерде жастар фотосессия ұйымдастырып, видео түсіреді немесе жақындарымен серуен құрады. Көлеңкелі аллеялар, әдемі шамдар мен көне ғимараттар қала ортасындағы кішкентай Еуропа іспетті.

Фото: Stan.kz

Бейжің жаяу жүргіншілер көшесі

Бейжің жаяу жүргіншілер көшесін жаяу аралау арқылы қала мәдениетін тереңінен тануға болады. Себебі жергілікті тұрғындар мен туристер мұнда сауық құрып, көше музыканттары мен сатушылар сауда жасайды. Көптеген дүкендердің алдындағы жарқын, анимациялық LED-экрандар мен түрлі түсті баннерлер бірден көзіңді тартады. Қызылды-жасылды жарнамалар, 3D-графикамен безендірілген алып стендтер көшеге ерекше жан бітіріп, өзіне баурайды.

бейжің

Фото: Stan.kz

Көшенің бойында ZARA, H&M, UNIQLO, Nike, Adidas, Skechers, Sephora сияқты әлемдік брендтердің ірі дүкендері қатар тізілген. Ресейлік тауарлар сататын дүкен де бар. Сауда дүкендерімен қатар мұнда көше тағамдары мен тәттілер сататын орындар қаз-қатар орналасқан. Кокос сусыны, қытырлақ картоп, такоянки, т.б. жеміс шайлары, балмұздақтың дәмін татып көруге болады.

Фото: Stan.kz

Көшеде аяқкиім тазалау қызметін ұсынатын жасөспірімдер қаптап жүреді. Олар туристі көрген бойда жүгіріп келіп, ескертусіз аяқкиіміңізді ысқылай бастауы мүмкін. Тіпті “керек емес” десеңіз де, қалмайды. Тазалап болғаннан кейін сол үшін ақы талап етеді. Сондықтар тұрғындар ондай адамдарды көрсе, қашып, теріс айналады. Сәнді брендтердің көшірмелерін сатушылар да туристерді айналшықтап, бутикке кіруге барынша көндіреді.

Архитектуралық құрылымы тарихи образдарды қамтыған. Көшенің дәл ортасында әйнек жол төселген. Ол 500 жылдан астам уақыт бұрын салыныпты. Содан бері бұзылмай, сақталып келе жатыр.

Фото: Stan.kz 

Юэсю саябағы

Юэсю саябағы – жасыл желекке оранған аймақ. Мұнда көл, көне ескерткіштер мен түрлі табиғи ландшафтты байқайсыз.

саябақ

Фото: Stan.kz

Саябақтың жалпы аумағы – шамамен 700 000 шаршы метр және ол теңіз деңгейінен 70 метр биіктікте орналасқан жеті төбені қамтиды.

Юэсю саябағында Гуанчжоудың негізгі символы – әйгілі “Бес ешкі” мүсіні орналасқан. Аңыз бойынша, қалада аштық жайлаған заманда көктен бес ақ ешкі түсіп, аузында күріш сабақтарын әкеліп, халыққа береке сыйлаған. Сондықтан бұл мүсін – Гуанчжоудың молшылық пен аманшылық белгісі саналады.

бес ешкі

Фото: Stan.kz

Сонымен қатар саябақ аумағында Гуанчжоу қорғанының көне қабырғалары, Сун әулетінің тас ескерткіштері және басқа да тарихи жәдігерлер бар.

Хуа Чэн алаңы

Хуа Чэн алаңы немесе Гүлдер алаңы 2010 жылы салынды. Мұнда Гуанчжоудың ең ірі ғимараттары мен сәулет өнері анық көрінеді. Алаң Інжу өзенінің маңында орналасқан.

Фото: Stan.kz

Алаңның екі жағында Гуанчжоудың басты нысандары бар:

  • бір жағында – Кантон мұнарасы мен Інжу өзені;

  • екінші жағында – Гуанчжоу кітапханасы, Опера театры, Гуандун мұражайы және түрлі биік кеңсе ғимараттары.

хуа чен

Фото: Stan.kz

Кейбір мерекелер мен фестивальдер кезінде бұл жерде концерттер, көрмелер мен отшашулар ұйымдастырылады.

Кантон телемұнарасы

кантон

Фото: Stan.kz (Мұнараның күндізгі және түнгі көрінісі)

Кантон телемұнарасы Гуанчжоудың заманауи символы болып саналады. 600 метрлік ғимарат – әлемдегі екінші ең биік телемұнара. 2010 жылы Азия ойындарына орай ашылып, сол сәттен бастап қаланың басты көрнекі белгісіне айналды.

Әсіресе түнгі көрінісі алыстан-ақ көз тартады. Түнде түрлі-түсті жарықтармен көмкерілген кезде ол алып шамшырақ сияқты жылтырайды.

Бақылау алаңына кіріп, 108-қабатқа жеделсатымен көтерілесіз. Келушілер қаланы әртүрлі ракурстан бақылай алады. Әйнекті еденмен жүріп өтіп, фотоестелік жасауға болады. Әрі ішінде сый-сыяпат ретінде ұсынылатын сувенирлер мен магниттер сатылады.

кантон

Фото: Stan.kz (600 метр биіктіктен қала көрінісі)

Одан соң ашық аспан астындағы айналмалы дөңгелек шолу кабинасына отырдық. Бұл – әлемдегі ең биікте орналасқан капсула аттракционы екен. Аттракцион 20 минут айналады, осы уақытта қаланы төбеден асықпай тамашалай аласыз. Бір капсулаға 6 адамнан артық отыруға болмайды.

капсула

Фото: Stan.kz

Бақылау алаңына кіріп, аттракционға мінгеніміз 355 юань (25 мың теңге) болды.

Інжу өзені бойымен круиз

Інжу өзенінің бойында көптеген тарихи ғимараттар бар, олардың бірегей архитектурасы Гуанчжоу мәдениетін жақсырақ білуге ​​көмектеседі. Түнгі круиз екі қабатты кемемен болады.

круиз

Фото: Stan.kz

1,5 сағаттық Інжу өзенінің круизінде White Goose Pool, Чжухай алаңын, Айцун сарайын, Гуанчжоу қонақүйін және Шимян аралын көресіз. Түнгі Гуанчжоуда шамдар жарқырап тұрады, қаланы жаңаша лепте байқайсыз.

Кеме Жэньмин көпірі, Хайчжу көпірі, Гуанчжоу көпірі және Цзефан көпірі сияқты он көпірдің астынан өтеді.

Фото: Stan.kz (Круизден қала көрінісі)

Әдетте билет құны – 60-100 юань (4200-7100 теңге) аралығында. Алайда бағасы 300 юаньге (21500 теңге) дейін болатын премиум сападағы кемелер де бар, онда кешкі ас қарастырылған.

Чимелонг Сафари паркі

Чимелонг – Қытайдағы ең танымал сафари стилінде салынған хайуанаттар бағы. Зообақ 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Chimelong Safari саябағында 20 000 жеке және 200 түрлі жануарлар популяциясы бар.

сафари парк

Фото: Stan.kz

Мұнда жануарлар торда қамалмаған, емін-еркін жүре алады. 

Зообаққа қызығушылық танытатындар көп, кезекке балалар қаз-қатар тізілген. Қытайлықтар лагерьде демалып жүрген балаларды дәл осы мекенге әкелетінін байқадық.

Фото: Stan.kz

Фото: Stan.kz

Олар аспалы жолға мініп, Чимелонг аймағын төбеден бақылап шыға алады. Одан бөлек паравозбен немесе көлікпен тамашалауға болады.

Фото: Stan.kz

Сафари аймағында арыстан, жолбарыс, мүйізтұмсық, сусиыр, бөкен, гепард пен қабылан, пумалар сияқты жануарларды көресіз. Электро-паравоз бұл аймаққа аса жақындамайды. Ал керік, зебра сынды хайуандарды өте жақыннан көруге мүмкіндік бар.

Фото: Stan.kz

Сафари паркінің басты көркі – пандалар. Олар Қытайдың да басты символы болып есептеледі. Қытай үкіметі пандаларды шет мемлекеттерге "панда дипломатиясы" арқылы уақытша береді. Мұндай келісімшартпен берілген пандалар үшін шетелдік хайуанаттар бағы жыл сайын жалға алу үшін шамамен 1 миллион доллар төлейді. Панда баласы сол жақта дүниеге келсе де, ол Қытайдың меншігі болып есептеледі және белгілі бір уақыттан кейін елге қайтарылады.

Фото: Stan.kz

Чимелонг паркіне түске дейін келген жөн, өйткені пандалар таңғы 10:00 мен 11:30 арасында белсенді, әрі қарай ұйқыға кетеді. Олар ұйықтайтын кезде суық жел беретін ақ төмпешікке сүйеніп жатады.

Сафари паркіне кіру үшін төлқұжатыңыз болуы міндетті. Онсыз билет сатылмайды. Ал кіру бағасы ересектерге – 350 юань (24 850 теңге), ал балалар мен зейнеткерлер үшін 245 юань (17 395 теңге). Сондай-ақ студенттер 263-280 юань (18 673-19 880 теңге) төлеп кіруіне рұқсат. Ал өз көлігімен кіргісі келетіндер тағы қосымша 300 юань (21 300 теңге) төлеуге тиіс.

Қытай мәдениеті мен тарихына қызығатындар үшін

Қытай мәдениетін тереңірек танығысы келетіндер ғибадатханалары мен мұражайларына бара алады. Әрі кіру тегін.

Алты баньян ағашы ғибадатханасы

537 жылы будда монахы ғибадатхана маңында 6 баньян ағашын еккен. Буддизмде бұл ағаштар – даналық пен мәңгіліктің символы. Мұнда сол дінді ұстанушылар бірнеше будда мүсініне сыйынып, ғибадат етеді. 

баньян

Фото: Stan.kz

Оның аумағында бірнеше шағын ғибадатхана мен бөлме бар, бірақ ең басты назарды өзіне аударатыны – Гүл пагодасы. Бұл – 17 қабатты биік мұнара, биіктігі шамамен 57 метр. Бастапқыда 1097 жылы салынған. Алайда мұның ішіне кіруге болмайды, себебі негізін салушылардың мәйітінің күлі сақталған дейді.

баньян

Фото: Stan.kz

Тілшіміз барған сәтте топпен ғибадат ету рәсімі өтіп жатты, рәсімді фото-видеоға түсіруге рұқсат етілмеген. Рәсім аяқталған соң, бірнеше монах бөлмеден шықты.

Чен әулетінің ата-баба залы

Фото: Stan.kz

Чен әулетінің ата-баба залы – 19 ғасырдың аяғында салынған көне қамал. 1894 жылы Чен әулетінің ұрпақтары қаржы жинап салғызған екен. Аумақта 19 ғимарат бар, оның ішінде 9 салтанат залы және ұзын дәліздермен 6 аула біріктірілген. Ғимарат ағаштан өрнектеліп жасалған. Кіреберістегі қақпада тас қоңыраулар, ал онда сол діни сенімдегі құдайлар бейнеленген.

Гуандун мұражайы

Ғимараттың архитектурасы ерекше — сырт пішіні пазл қорабына ұқсайды.

Фото: Stan.kz

Мұражайда Гуандун провинциясының тарихи-мәдени мұраларынан бастап, көне фарфор, нефрит, мүсін, шеберлік бұйымдары мен шетелдік өнер топтамаларына дейін 160 000-нан астам экспонат бар. Қытайдың мин және цин әулеттерінің өнер туындылары, көне қола бұйымдар мен буддалық мүсіндерін көрдік.

Бір қызығы мұражайдағы туындыларға жастар ерекше қызығады, өнер туындыларын тамашалап, фотосессия жасап жүрген жасөспірімдерді байқайсыз. Ата-аналар да балаларын ертіп әкеледі. 

Мұражайға кіру тегін болғанымен, сайт арқылы брондау керек екен.

Тиімді баға, көп таңдау және сапа: Гуанчжоудан шоппинг жасауға тиімді жерлер

Байма базары

байма

Фото: Stan.kz

Байма – Гуанчжоудағы ең үлкен жоғары сапалы киім-кешек көтерме базары. Нарық алаңы 6000 шаршы метрден асады. “Бай Ма” “ақ ат” деген мағынаны білдіреді екен. 

Бір базарда 40 сауда орталығы және 2000-нан астам бутик бар, соның ішінде Гонконг пен Тайвань брендтерін де байқауға болады.

Фото: Stan.kz

Базарда түрлі сападағы киімді таңдап алуға мүмкіндік бар, әсіресе қыздар үшін кең ассортимент ұсынылады. Бірінші, төртінші және бесінші қабаттарда жоғары бағадағы жақсы сапалы әйелдер киімі ұсынылады. Ал екінші және үшінші қабаттардағы киімдердің сапасы мен бағасы төменірек. Қыздар той-томалақ немесе бітіру кештері үшін сәнді көйлектерді таңдай алады. Ондай көйлектерді орташа есеппен 14-35 мың теңге аралығындағы бағада аласыз. 

базар

Фото: Stan.kz

Қытай саяхатынан естелік ретінде ұлттық киімдерінің заманауи үлгілерін алуға болады. 

Алайда киімді киіп көру мүмкіндігі қарастырылмаған. Бутиктерде “киім алмастыру орындары” жоқ. Сонымен қатар мұндағы өлшемдер сәл ерекшеленетінін байқау керек. Физиологиялық жағынан халқы арық әрі аласа бойлы болғандықтан, стандартты өлшемнен кішірек. Әдетте S өлшемді болсаңыз, қытай базарынан М өлшемді киімді таңдаңыз. 

Шансяцзю жаяу жүргіншілер көшесі

Фото: Stan.kz

Бұл көшеде Гуанчжоудың қайнаған тіршілігін сезінесіз. Көше 1920-жылдардағы лингнан стиліндегі ғимараттармен безендірілген, қытай дәстүрі мен қазіргі замандық сауда үйлесім табады. Көше ұзындығы 1200 метрден асады, екі жағынан дүкендер мен бутиктер, дәмханалар мен сувенир сататын орындар тізіліп тұр.

Фото: Stan.kz

Киімнен бөлек иіс су, сөмкелер, әшекей бұйымдарды арзан бағада таба аласыз. Саудалассаңыз, саудагерлер бағаны түсіруге қарсы емес. 

Көшенің ортасында кейде мерекелік іс-шаралар өтеді. Мәселен тілшіміз қытай операсын көшеде тамашалап қайтты.

Фото: Stan.kz

Гуанчжоуға қалай барамыз?

Жақында Air Astana әуекомпаниясы Алматы-Гуанчжоу тікелей рейсін ашты. Енді қалаға 6 сағатта жете аласыз. Бару-қайту билеттері 280 мың теңгеден басталады.

Ұшақ бортында ыстық тамақ, түрлі сусындар және т.б тәттілер мен тіскебасарлар беріледі. Сондай-ақ ұзақ сапар барысында ішіңіз пыспас үшін ұшақ бортында әртүрлі жанрдағы қазақша әрі орысша таңдаулы фильмдердің топтамасы ұсынылған. Сонымен қатар жолаушылардың ыңғайлылығы үшін құлаққап, жастық, ұйықтағанда көзді жапқыш, үрілмелі мойынға арналған жастық, т.б сыйлыққа беріледі.

Фото: Stan.kz

 

Қаланың климаты

Мұнда субтропиктік климат, жазы өте ыстық және ауасы ылғал, қысы да жылы. Тілшіміз 9-13 маусым аралығында саяхаттаған кезде ауа райы температурасы 30–35°C аралығында болды. Ауасы өте ылғал болғандықтан, көзілдірік орнына линза таққаныңыз жөн. Себебі көзілдірік линзасы дымқылдан буланып кетеді. Сол үшін бұл қалаға саяхаттаудың ең жақсы уақыты – күз немесе қыс. Қыста +15 градус температура болады. 

Ауа райы құбылмалы –  жаңбыр әп-сәтте құйып өтеді де, араға 5-10 минут өткен соң, күн қайта шығады. Өзіңізбен бірге үнемі қолшатыр болғаны абзал. Тұрғындар көшеде жаңбырға арналған плащь киіп жүреді.

гуанчжоу

Фото: Stan.kz

Халқы

Гуанчжоу – халық саны бойынша Бейжің мен Шанхайдан кейін үшінші орында. Қалада 22 миллиондай халық тұрады. Алайда инфрақұрылым дамып, жолдары кең болғандықтан, кептеліс байқалмайды. 

Гуанчжоуда тұратындарды “кантондықтар” деп атайды. Яғни бұл “Гуандун” дегенді білдіреді. Мұнда тұрғындар ана тілінде сөйлейді, ағылшын тілін білетіндер жоқтың қасы. Мектепте де қытай тілінен басқа тілдер оқытылмайды. Тек кей ата-аналар балаларын ақылы түрде тіл курстарына апарады.

Сол себепті қалада онлайн аудармашы көмегі қажет болады. Мұнда аудармашылар жоғары бағаланады екен.

Қалада гид қызметін атқарған Дон Чы Таудың (лақап аты Лёша) сөзінше, қарапайым халық негізінен зауыт пен фабрикаларда, яғни өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Тағы бірі шағын бизнеспен айналысады, көшеде тамақ не киім сатады. Ал байлар табы IT стартаптарды қолға алған. 

Осы сөзіне дәлел ретінде балаларын дүңгіршегінің астына отырғызып қойған саудагер әйелді байқадық. Балаларын тастайтын жер таппаған ана осылай нәпақасын тауып жүрсе керек.

ларек

Фото: Stan.kz

Ал жастар арасында блог жүргізу кең танылған. Қытайдың танымал блогерлерінің көпшілігі Гуанчжоуда екен. Қалада түрлі мейрамханаларға шолу жасайтын фуд блогерлер, стримерлер бар. Жергілікті журналист Билли Янгтың сөзінше, олар тіпті журналистермен бәсекелесе алады. Өйткені халық блогерлерге сенеді дейді.

Гуанчжоулықтардың көбі буддизм мен даосизмді ұстанады. Сол үшін қалада ғибадатханалар көп. Ал 50 мыңдай адам мұсылман дініне сенеді. Христиан дінін ұстанатындар аз.

Нені білу керек?

  1. Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим болғандықтан, елде 90 күн жүре аласыз.
  2. Қытай шекарасынан кірген сәттен қатал тексерістен өтесіз. Үстіңізді толық тінтіп, жүгіңізде, қолжүкте тыйым салынған заттар бар-жоғын қарайды. Темекі тұтандырғышты жүкке салуға, тасымалдауға болмайды екен.
  3. Instagram, Whatsapp, Tiktok, т.б. әлеуметтік желілер, Google, Youtube жұмыс істемейді. Қытайға кіргенге дейін VPN жазып алуға кеңес береміз. Бірақ оның өзі кей кезде істемей қалуы мүмкін. Қытайлықтар өздерінің WeChat желісін пайдаланады, соған тіркеліп алсаңыз да болады. Қызығы ресейлік ВКонтакте желісі бұғатталмаған. 
  4. ApplePay немесе карта төлемі жоқ. Қолма-қол төлем немесе AliPay қосымшасы арқылы картаны тіркеп, төлем жасайды. 1 юань 71 теңгеге тең.
  5. Зообақ, мұражайларға кіргенде құжатыңызды талап етеді. Сондықтан қайда барсаңыз да, оны өзіңізбен алып жүрген абзал.

Қаланың ішінде қалай қатынаймыз?

Гуанчжоуда көліктер көк және жасыл нөмірлі екен. Көк нөмірдегілер бензинмен жүреді, ал жасыл нөмір электромобиль немесе гибридті екенін көрсетеді. 

Қала халқы жаяу жүруге немесе велосипед, мопед, мотоцикл сынды екі доңғалақты көлікпен жүруге дағдыланған. Тіпті жолдың бір бөлігі де мотоцикл мен мопед жүргізушілеріне арналған екен. Қытайлық WeChat мессенджері арқылы велосипедті жалға алу бағасы – сағатына 1,5-2,5 юань (107-180 теңге). Алайда депозитті 300 юаньға (21 300 теңге) толтыру керек.

Фото: Stan.kz

Мегаполис ішінде қатынауға метро тиімді. Гуанчжоу метросы ұзындығы бойынша әлемдік рейтингте үздік үштікте екен, ол 600 км-ден асады. 302 станциясы бар. Метроға міну құны – жүрген жолыңызға байланысты 3 юаньнан 6 юаньға дейін (213 теңге-426 теңге). 

метро

Фото: Stan.kz

метро

Фото: Stan.kz

Ал автобус метродан арзан – 2 юань (142 теңге), ал балалар мен қарттар үшін тегін. Десе де автобус іші бос, тек егде жастағы адамдар мінетінін байқадық.

автобус

Фото: Stan.kz

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 11:16
Талқылау