Қаржаубай Нұрымовтың отбасына қысым көрсеткен желі қолданушысы сотқа тартылды
видеодан скрин
Қаржаубай Нұрымовтың отбасына жүйелі түрде қысым көрсетіп, тыныштығын бұзған азамат заң алдында жауап береді. Ол әлеуметтік желілерде "Доктор" деген лақап атпен танылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев Instagram-дағы парақшасында айтты.
Адвокаттың айтуынша, “Доктор” лақап атымен танылған азамат Қаржаубай Нұрымовтың отбасын ұзақ уақыт бойы аңдып, түрлі арандатушылық әрекеттер жасаған. Сот отырысында адвокат Мейірман Шекеев бірнеше нақты талап қойды.
“Жауапкер Әбдірахман Бауыржанды сот шешімі заңды күшіне енген соң бес күн ішінде TikTok әлеуметтік желісінде Қаржаубай Полатұлынан ресми түрде кешірім сұрап, теріске шығаруды және бұл кешірім видеосын өз парақшаларында – maskarad778 және басқа да аккаунттарында кемінде 30 күн бойы ашық жариялап қоюға міндеттеуді сұраймыз, – деді адвокат.
Судья сотта жауапкерден кінәсін мойындайтынын не мойындамайтынын нақтылауды сұрағанда, Әбдірахман Бауыржан:
“Айтқанымды мойындаймын”, – деп жауап берді.
Одан кейін судья тараптарды медиация жолымен татуласуға бола ма деп сұраған сәтте, адвокат қарсы тараптан тікелей сұрақ қойды:
“Қаржаубайдың отбасын не себепті аңдып жүрсіз?” – деген сұраққа жауапкер былай деп түсініктеме берді:
“Қазақстан азаматы, қазақ болған соң, ол жерде болған істі көріп, ашуланып, соның бәрін істедім. (...) Бұл – менің азаматтық позициям. Мен оны батыр қылуға жол бермеймін”, – деді ол.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.
Оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.
9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.
5 маусымда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарған.