Астанадағы автобус апаты кезінде аяғынан айырылған жеті жасар қыздың отбасына 40 миллион мен баспана берілмек
Фото: Іnstagram.com/help.aluabeken және gov.kz порталынан коллаж
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек автобустағы жол апаты салдарынан аяғынан айырылған жеті жасар қызға неліктен бармағанына байланысты пікір білдіріп, отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер әкімнен неге зардап шеккен қыздың жағдайын біліп бармағанын және неге әкімдік тарапынан отбасынан ешкім кешірім сұрамағанын сұрады. Олар елордада жүргізушілердің жылдамдықты жиі асырып, смартфонға алаңдайтыны туралы шағымдарға қатысты да пікір білдіруді өтінді.
"Менің әріптестерім, соның ішінде орынбасарым анасы мен қызын бірнеше рет барып көрді. Кеше олардың жанында балалар омбудсмені болды. Бүгін менің орынбасарым тағы да өкілдермен бірге барады. Көмекке келсек, сақтандыру төлемі шамамен 20 миллион теңге болды. Ал әкімдік қосымша 10 миллион теңге бөледі, сондай-ақ тағы 10 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, тұрғын үй мәселесін де шешеміз. Мұны ресми түрде айтып отырмын.
Білуімше, автобус жүргізушісі – тәжірибелі маман. Қазір ол қамауда", — деді Қасымбек.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада автобус апатынан аяғынан айырылған қыздың қазіргі жағдайы туралы хабарлаған едік. Қыз күндіз-түні ұйықтамай “аяғым қайда?” деп сұрайды екен.

Қазақстандықтарға қай айларда шетелге саяхаттау арзан екені айтылды
