Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда декрет демалысынан ерте шыққан аналарға жәрдемақы берілмейді: Нені білу керек

Фото: Pixabay.com

Биыл декрет демалысынан ерте шыққан аналар еңбекақы алса, әлеуметтік төлем алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Бес қазақстандық ана бала күтіміне берілетін жәрдемақыдан қағылды. Таңшолпан Орынтай бала күтіміне байланысты қазір декрет демалысында. Тұңғышы 3 жасқа толмайынша жұмысқа шықпайтынын айтады. Себебі қосымша табыс тапса, мемлекеттік жәрдемақыдан қағылатынын біледі.

“Мен мемлекеттік жұмыста болғасын басқа жерде істеуге мүмкіндігім жоқ. Менің жұмысым оған мүмкіндік бермейді. Сол себепті жолдасымның бір айлығына қарап отырмын. Мысалы, мен қазір жұмыс істемеймін, менде табыс көзі жоқ. Берешегім бар, несием бар, пәтерақым бар. Сондықтан ол дұрыс емес деп ойлаймын”, – деді ана Таңшолпан Орынтай.



Соңғы кездері декреттік төлем мәселесі қоғамда қызу пікірталас тудырғаны рас. Сақтандыру талаптарына сәйкес, мемлекеттік жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі. Бала күтіміне байланысты үйде отырған келіншектерге жалақының 40%-ы өтеледі. Ал декрет демалысынан ерте шығып, жұмысқа тұрғандарға әлеуметтік төлем тоқтатылады.

“Бұл норма 2023 жылы қолданысқа енгізілді. Декреттегі адам қосымша тапқысы келсе, 10 жұмыс күні аралығында құзырлы органдарды хабардар етуге міндетті. Жауапкершілік әлеуметтік төлемақы алушыға жүктелген. Әзірге біз барлық төлемді нақты жүйе арқылы қадағалап жатқан жоқпыз”, – деді әлеуметтік сақтандыру қоры департаментінің директоры Дина Байегізова.

Декреттегі аналар қосымша табысы туралы есеп бермесе, бұл заңбұзушылыққа жатады. Мұндай жағдайда сақтандыру қоры заңсыз алынған барлық төлемді қайтаруды талап етуге құқылы.

Биыл декрет демалысынан жұмысқа ерте шыққан бес келіншекке әлеуметтік төлем тоқтатылған. Олар өтінішті өз еркімен берген. Мамандардың мәліметінше, былтыр 277 мың ата-анаға бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындалды. Оның шамамен 9%-ы мемлекеттік қолдаудан бөлек, қосымша табыс тауып отыр. Әлеуметтік сақтандыру қоры барлық төлем бойынша мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда декрет демалысындағы әйелдердің төлемдері қысқартылатыны туралы жазған едік.

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 16:31
Талқылау