Ата-аналар жекеменшік мектептердегі оқу ақысының қымбаттауына наразы: Биыл білім алу құны қаншаға өсті?
Фото: Stan.kz коллажы
Балаларын жекеменшік мектептерде оқытатын қазақстандық ата-аналар 2025-2026 оқу жылы үшін оқу ақысы күрт өскенін айтып, шағымдануда. Сөздерінше, баға 30% өскен, сөйтіп кей ғылым ордаларында білім беру бағасының айырмашылығы 4 миллион теңгеге жеткен. Stan.kz тілшісі Қазақстандағы танымал жекеменшік мектептерде оқу құнының қаншалықты өзгергенін және оған не себеп болғанын сұрады.
Желіде Әбуғали есімді ата-ана баласы оқитын жекеменшік мектептің оқу құны күрт өсіп кеткенін жазды. Ата-ана оқу бағасының бір жылда бірден 30% өскенін түсінбей дал.
“Менің ұлым Шоқан мектебінде оқиды, бәрі жақсы, оған бәрі ұнайды. Бірақ келесі жылдан бастап құны 520 000 теңгеге көтерілді, 30% қымбаттататындай елде не болғаны түсініксіз. Неліктен баға бұлай шарықтап кетті? Алматыдағы жекеменшік мектептерде кімнің балалары оқиды, келесі оқу жылынан бастап кім қанша төлейді? Мүмкін біз мектебімізді ауыстырамыз...”, – деді ол Threads-тегі жазбасында.
Басқа ата-аналар да бұл проблемаға кезіккендерін жазды.
“Мәссаған, бізде де бағаны көтеріп жатыр. Tamos-тың математикалық бағытынан кейбірі кетіп жатыр. Ал біз кетсек пе, әлде қалсақ па, әзірге білмейміз. Кетсек, қайда баруға болады”, “Жәния Әубәкірованың мектебінде оқимыз. Оқу ақысын айына 350 мыңнан 390 мыңға көтерді. Меніңше, барлық жекеменшік мектепте баға өсті. Маған бұл мектеп ұнайды, балам музыканы тереңінен меңгереді. Менің ойымша, егер бөлек музыкалық мектепке берсем, таксиге көбірек шығындаламын”, – деді желідегілер.
Кейбірі мұның себебін мемлекеттік субсидияның тоқтауымен түсіндірді.
“Мемлекет жекеменшік мектеп пен балабақшаларды субсидиялауды тоқтатқандықтан, осындай жағдай болды. Бюджеттен ақша түспегесін олар салмақты ата-анаға салады”, – деді желі қолданушысы.
Stan.kz тілшісі Қазақстандағы танымал жеке мектептердің оқу ақысы қаншалықты өзгергенін тексерді.
Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектеп
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп Алматыда орналасқан. 1-11 сыныптарға қазақ және орыс тілінде білім береді. Құрылтайшысы – Кеңес Рақышев, ал негізін салушы – Әсел Тасмағамбетова.
2024-2025 оқу жылында 1-4 сынып үшін айына 450 мың теңге, ал бір жылға 4 миллион 50 мың теңге еді. Ал 5-11 сынып оқитындардың оқу ақысы айына 400 мың теңге, ал бір жылдық оқу құны – 3 миллион 600 мың теңге болған.
2025-2026 оқу жылында баға айтарлықтай өсті. Әсіресе, жоғары сынып оқушыларының оқу құны бастауыштікінен де асып кетті. Енді Шоқанның бастауыш сынып оқушыларының оқу бағасы бір айға – 500 мың теңге, сонда бір жылға 4 миллион 500 мың теңге төлейді. Ал жоғары сынып оқушылары үшін бір айға – 520 мың теңге, сонда бір жылға 4 миллион 680 мың теңге болады.
Ай сайынғы оқу ақысынан бөлек әр оқушыға бір реттік бастапқы жарна 520 000 теңге төленуі керек.
Алайда бағаның өзгеру себебі айтылмады.
Haileybury Astana және Almaty
Haileybury халықаралық мектеп-интернатының Астана және Алматыда филиалы бар. Haileybury Almaty 2008 жылы Ұлыбританиядағы Haileybury мектебінің жанынан ашылды. Коммерциялық емес білім беру жобасын бір топ қазақстандық бизнесмендер қаржыландырған. Құрылтайшысы ретінде Болат Өтемұратовтың “Асыл Мирас” қайырымдылық қоры көрсетілген. Одан бөлек мектептің иелері тізімінде Марғұлан Сейсембай, Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин, Айдан Кәріпжанов, Альфия Асқар бар.
Ал Haileybury Astana мектебін 2011 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Құрылтайшы ретінде бірінші президент қоры көрсетілген.
Оқу орнында 2 жастан бастап оқуға болады, яғни балабақша, даярлық сыныбы да бар. Мұнда бағалар фунт стерлингпен бекітілген. Сол себепті де девальвация болған сайын теңгеге айналдырған кезде баға өзгерісі болатынын айтады.
2024-2025 оқу жылы үшін жылына:
- балабақша 3,9 миллион теңге,
- даярлық сынып 6,9 миллион теңге,
- 1-2 сынып – 10 миллион теңге,
- 3-6 сынып – 11,8 млн теңге,
- 7-9 сынып – 13,5 миллион теңге,
- 10-13 классы – 14,8 миллион теңге.
2025-2026 оқу жылында Haileybury Astana-да баға былай өзгерді:
- балабақша – 4,9 млн теңге,
- даярлық сынып – 8,4 миллион теңге,
- 1-2 сынып – 12 миллион теңге,
- 3 -6 сынып – 14,3 миллион теңге,
- 7-9 сынып – 16,3 миллион теңге,
- 10-13 сынып –18,1 миллион теңге.
Демек жоғары сынып оқушыларының оқу ақысы бір жылда 4 миллион теңгеге өскен. Шамамен 35% қымбаттағанын көруге болады.
Haileybury Almaty-да баға өсімі Астанадағы оқу ордасынан азырақ. Ата-аналар 1-2 сынып оқушыларының сабағына 7,5 миллион теңге, ал жоғары сыныптағыларға 11,5 миллион теңге төлеуі керек.
Spectrum халықаралық мектебі
Мектепті 2008 жылы "Білім Орда" қоры ашқан. Қазір ол Cambridge IGCSE және AS & A Levels бағдарламалары бойынша білім алуға мүмкіндік беретін Кембридж халықаралық мектебі мәртебесіне ие.
Осы уақытқа дейін мұнда бір жылдық білім алу бағасы 1-5 сыныптар үшін 7,2 миллион теңге, 6-8 сыныптар үшін 7,59 миллион теңге, 9-12 сыныптар үшін 7,98 миллион теңге болған.
2025-2026 оқу жылы үшін бір жылдық білім алу бағасы:
- 1-5 сыныпқа 8,065 миллион теңге;
- 6-8 сыныпқа 8,5 миллион теңге;
- 9-12 сыныпқа 8,95 миллион теңге.
Оқу құны шамамен 800 мың-1 миллион теңгеге өсіп отыр. Мұны инфляциямен байланыстырса керек.
Одан бөлек ата-ана 100 мың теңге тіркелу жарнасын ұсынуы қажет. Ал баланың мектеп қабырғасында үш мезгіл тамақтануына 757 мың теңге кетеді екен.
QSI халықаралық мектебі
QSI халықаралық мектебі – Словенияның Quality Schools International филиалы. Ол 2005 жылы құрылған және оның оқу бағдарламасы әйгілі америкалық AP Capstone дипломдық бағдарламасына сәйкес келеді.
2024-2025 оқу жылында ай сайынғы төлем миллион теңгеден астам болған. Жоғары сыныптағыларға жылына шамамен 13,5 миллион теңгеге шығатын. Енді ол шамамен 800 мың теңгеге қымбаттап кетті.
Алайда мектеп басшылығы оқу ақысы доллар эквивалентімен бекітілетінін түсіндірді. Доллар құнына байланысты оқу ақысы өзгеріп отырады дейді. Доллар құны өскендіктен, теңгемен шаққанда оқу бағасы көбейіп кеткен.
2025-2026 оқу жылы үшін жылдық оқу ақысы:
- 1-2 сынып – 21 мың доллар (10,7 миллион теңге);
- 3-5 сынып – 22 мың 250 доллар (11,3 миллион теңге);
- 6-8 сынып – 24 мың доллар (12,2 миллион теңге);
- 9-10 сынып – 26 мың доллар (13,2 миллион теңге);
- 11-12 сынып – 28 мың доллар (14,3 миллион теңге).
Мирас мектебі
Мектепті NNEF қоғамдық қоры ашты. “Мирас” мектебі Астанада орналасқан.
Оқу ордасының балабақшасы жылына 2 миллион 646 мың теңге еді, оның бағасы 400 мыңға өсіп, енді 3 миллион теңге болады. Ал даярлық класы 3 миллион 492 мың еді, енді 4 миллион теңге болады.
Осыған дейін бұл мектепте балалары білім алу үшін ата-аналар 3,3 миллион теңгеден 7,6 миллион теңгеге дейін төлейтін. Әр сыныпқа байланысты баға өзгереді. 2025-2026 оқу жылында білім алу 3,8 миллион теңгеден 8,7 миллион теңгеге дейін барады.
Төменгі сыныптарда оқу 500,700 мың теңгеге қымбаттады. Ал жоғары сыныптар үшін 1,1 миллион теңге өскен.
Бірақ бағаның өсіру себебін түсіндірмеді. Мәлімдеулерінше, жылда бағасы құбылады.
Tamos Education
Tamos Education физико-математикалық мектебі 1998 жылы ашылды. Құрылтайшылары – Мұрат Омаров, Дәурен Қаупынбаев, Марғұлан Сейсембай. Мектеп Кембридж халықаралық мектебі мәртебесіне ие. Сонымен қатар Халықаралық мектептер кеңесінің (ТМД) тұрақты мүшесі мәртебесін алды.
Білім ордасының екі филлиалы бар. Бірі – “Кекілбаев кампусы”, екіншісі – НұрАлатау.
НұрАлатау филлиалының бағасы Кекілбаевтікінен жоғарырақ. Сондай-ақ орыс сыныптарында оқу да қазақ тілді класстан қымбатырақ екен.
2024-2025 оқу жылындағы баға:
Орыс бөлімі:
- 1-9 сыныптар – жылына 2 730 000 теңге;
- 10-11 сыныптар – жылына 2 600 000 теңге.
Қазақ бөлімі:
- 1-9 сыныптар – жылына 2 580 000 теңге.
- 10-11 сыныптар – жылына 2 400 000 теңге.
2025-2026 оқу жылындағы баға:
Орыс бөлімі:
- 1-9 сыныптар – жылына 3 181 000 теңге;
- 10-11 сыныптар – жылына 2 860 000 теңге.
Қазақ бөлімі:
- 1-9 сыныптар – жылына 2 838 000 теңге.
- 10-11 сыныптар – жылына 2 640 000 теңге.
Оқу ақысы бір жылда шамамен 240-450 мың теңгеге қымбаттап отыр. Бірақ не себепті екенін тілшімізге нақтыламады.
Astana Garden school
Қазақ-түрік лицейі мен Кембридж университетінің түлегі Нұрмұхаммед Досыбаев 2018 жылы мектептің негізін қалады. Мектеп Халықаралық Бакалавриат (IB) бағдарламасы бойынша білім береді.
Бұған дейін жылдық оқу бағасы 1-6 сыныпқа 4,1 миллион теңге, 7-8 сыныптағыларға 4,95 миллион теңге, 9 сынып үшін 5,5 миллион теңге, ал жоғары сыныптағыларға 6,6 миллион теңге еді.
2025-2026 оқу құны 500 мың теңгеге өскен, ал жоғары сыныптағылардың оқу ақысына 300 мың теңге қосылды. Мәселен 1-6 сынып үшін енді 4,6 миллион теңге, 7-8 сыныптағыларға 5,4 миллион теңге, 9 сыныпқа 5,9 миллион теңге, ал жоғары сыныпқа 6,9 миллион теңге төлеуі керек.
Онымен қатар тіркелу үлесіне 500 мың теңге төлейді.
Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі
Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі балаларды өнер мен шығармашылыққа баулиды екен. Онда қарапайым оқу бағдарламасынан бөлек музыкалық білім беріледі.
Бұған дейін бұл мектепте оқу айына 350 мың теңге, яғни бір жылға 3 150 000 теңге еді. Енді 2025-2026 оқу жылында баға 390 мың, яғни бір жылға 3 510 000 болады.
Әкімшілік бағаны не себепті өсіргенін айтудан бас тартты.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде елімізде 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Онда жалпы 250 мыңнан астам бала оқып жатыр.

Шымкенттік кәсіпкер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдап кетті деп айыптады: Бұл оқиға немен аяқталды?
