Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 12 жастағы қыз өгей әкесіне ренжіп өзін зорлады деп жала жапқан: Енді анасы жазықсыз күйеуін түрмеден босата алмай жүр

Фото: freepik.com

Қарағандыда 49 жастағы ер адам 12 жастағы өгей қызын зорлады деген айыппен сотталды. Алайда кәмелетке толмаған қыз да, оның анасы да, сотталған адамның туыстары да ешқандай зорлық-зомбылықтың болмағанын айтып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Евгений Кулагин 2024 жылдың 30 қаңтарында сүйіктісіне ресми түрде үйленген. Ал бұған дейін олар үш жыл кездесіп, әйелдің кішкентай қызын бірге өсірген. Некені тіркегеннен кейін отбасы бірден Алматыға демалуға кетеді. Алайда үйлену тойынан 21 күн өткен соң, қыз полицияға өгей әкесінің зорлағаны туралы мәлімдеген.

“Сол күні Женя екеуміз жұмысқа кеттік. Ал қызымыз үйде қалды. Біз оған бір күн бұрын телефон мен ит сатып әпергенбіз. Біраз уақыттан кейін Женя шай ішу үшін үйіне оралған. Ол такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Дегенмен үйдің тазаланбағанын айтып, қызыма телефонды алып, үй жануарларын қуып жібереміз деп ескертуге тырысқан. Қызым соған ренжіген сияқты. Жағдайдан соң ол құрбысына кетті. Онда қыздар жағдайды талқылайды. Ал құрбысы қызыма “өгей әкесіне зорлады” деп айып тағуды ұсынған. Кейін қызымның құрбысы анасына зорлық туралы айтқан. Ал ол маған және мектеп мұғалімдеріне қоңырау шалды. Оған бәрін өзім шешемін дегеніме қарамастан ол әрекет етуді бастап кеткен", – деп еске алады Евгенийдің жұбайы Юлия.

Әйелдің айтуынша, ол көршісінің мәлімдемесіне сенбеген. Бірден қызына қоңырау шалған кезде ол зорлау болмағанын айтқан. Ауыр айыптауды естігенде Евгений де есеңгіреп қалған.

“Евгений мені жұмыстан алып кетті. Ал біз үйге келе жатқанда, көрші қызымның биологиялық әкесіне қоңырау шалған. Қызымның биологиялық әкесі оның құжаттарында жазылмаған. Тіпті осы күнге дейін өміріне де араласапаған ол бірден келіп, қызымды полицияға апарған. Не ойлағанын білмеймін, мүмкін қызымды менен алып кеткісі келеді. Біз олардың артынан полицияға бардық. Тергеушінің кабинетінде педагогтар мен психолог отырды. Қызымның қорқып кеткені анық. Неліктен анасынсыз баладан жауап аласыңдар деп сұрағанымда олар жағадан алып, сыртқа шығарып жіберді”, – деді Юлия.

Кәмелетке толмаған қыздың өзі көзіне жас алып өкінетінін айтты. Қыз сол күні полицияға барлығы ойдан шығарылғанын айтса да, құқық қорғаушылар егер өгей әкесі туралы ақпаратты растамаса, биологиялық әкесін түрмеге жабатынын айтып қорқытқан.

“Мен ештеңе болмағанын айттым. Бірақ әкемді отырғызатынын айтып қорқытты. Сондықтан амал жоқ болды деп айттым. Әрі кетсе өгей әкеме айыппұл салатын шығар деп ойладым. Олар мені сол күні кешке емханаға апарып, тексертті. Тексеріс нәтижесінен өтірік айтқанымды білді. Үйге жіберіп, істі тоқтататындарын айтқан. Бірақ үш айдан кейін іс қайтадан ашылып, өгей әкемді ұстап әкетті. Мен бәрін ойдан шығардым деп айтсам да, тыңдамады. Маған "біз оны бәрібір отырғызамыз" деп жауап берді”, – деп есіне алды қыз.

“Қызымда сары іш киім болған, тергеу сұр іш киімді қайдан шығарды?”

Юлияның айтуынша, 24 ақпанда жасалған сараптамалар қызының бастапқы көрсетілімдерін толығымен жоққа шығарған. Қыздың іш киімінен өгей әкесінің биологиялық іздері табылмаған, зорлық белгілері анықталмаған. Сол күні қыздың сары түсті іш киімі тексерілген. Кейін тергеу үшін басты дәлел сол болған.

“Ақпанда бізді босатқаннан кейін, қызымызбен сөйлестік, бәрін түсінді. Мәселе шешілді екен деп жоспар құрып, жаңа көлік сатып алдық. Алайда 17 маусымда полиция қайта шақырды. Барсақ, қызымның биологиялық әкесі де сол жерде болды. Оны қызымен бірге ішке кіргізіп, мені кіргізбеді. Құқық қорғаушылар қызымның мүддесін менің қорғай алмайтынымды айтты. Ал туу туралы куәлікте аты жоқ әкесі қорғай алады екен. Сол күні қылмыстық іс қайта қозғалды. Төрт айдан кейін біз тапсырған сары емес, қайдан шыққаны белгісіз сұр іш киімнен бір ғана Y-хромосомасын тауыпты. Және оны Евгенийдікі дейді. Ал сұр іш киім қайдан шыққаны түсініксіз, — дейді Кулагиннің әйелі.

Юлияның айтуынша, осыдан кейін тергеушілер жаңа көлікті ашық түрде талап ете бастаған.

“Евгенийдің бұрын соттылығы бары одан сайын мәселені ушықтырды. Ол әлдеқашан өтелген және мүлде басқа баппен болған. Бірақ олар соған жабысып алды. Екі адвокат ауыстырдық, екеуі де әрекет етпеді. Мен қарсы шықтым, бірақ қыздың ресми өкілі ретінде бөтен адамдарды тағайындады. Маған ескерту де жасамады. Күйеуімді қорғауға тырысқаным үшін баладан айырамыз деп қорқытты, — дейді ол.

Евгенийдің анасын да сотқа қатыстырмаған. Процесс жабық өткен, үкім ерте таңмен шығарылған.

“Тергеу кезінде ұлымды ұрған. Киімдерінен қан іздерін өз көзіммен көрдім. Келінімді мысықша жағасынан сүйреп әкеткенін де көрдім. Ұлым соттан кейін ғана бәрін айтып берді. Қорқытқан, қысым жасаған. Ұлым ұстау изоляторында инсульт алып, сал болып қалды. Қазір арбада, сөйлей алмайды. Өмір сүргісі келмейді”, — деді Евгенийдің анасы Светлана Кулагина.

Жұбайы мен анасы дәлелдердің қолдан жасалғанына сенімді. Юлияның айтуынша, іс материалдарындағы іш киім қызына тиесілі емес. Құжаттарда жалған қолдар мен өтініштер де болған.



“Жазықсыз адам түрмеде ”

12 жастағы мектеп оқушысының биологиялық әкесі қазір Евгенийдің жазықсыз қамалғанын растап отыр. Айтуынша, оны қамау кезінде эмоцияға берілген.

“Юлиямен ажырасқаннан кейін қызымды сирек көрдім. Демалыссыз жұмыс істеп, басқа қалада тұрдым. Тек телефонмен сөйлесіп, кейде мектептің алдында көрістім. Бірте-бірте қызым менен алыстай бастады. Ақпан айында ол: "келме" деді. Шошып кеттім. Оның Женяны жақын тартқанына ренжідім және оны әке деп санай бастай ма деп қорықтым. Сондықтан маған оның зорланғанын айтқан кезде сендім. Кейін қызымның бәрін ойдан шығарғанын білгенде есімнен тана жаздадым. Біздің іс-әрекетіміздің кесірінен жазықсыз адам түрмеде екенін түсіндім”, – деді ол.

Ер адам егер іс Жоғарғы Сотқа жетсе, Евгенийді қорғайтынын айтты.

Ал Евгенийдің адвокаты іс жүргізуде заң бұзушылықтар бар екенін айтты.

“Қорғаушымның кінәсі дәлелденбеген деп санаймыз. Соған қарамастан, үкім бүгінге дейін заңды күшіне енді. Іс барысында біз қосымша сараптамалар тағайындау, куәгерлерді шақыру, балалардан, ата-аналардан сұрау туралы өтінішхаттар мәлімдедік. Бас тартылды. Бастапқыда екі сараптама биологиялық іздердің жоқ екенін көрсетті. Содан кейін түсініксіз себептермен екі қосымша сараптама тағайындалады”, – дедіі Илья Махлов.

Адвокаттың айтуынша, бұл үлгілердің қыздан алынғанын растайтын құжаттар жоқ. Оларды кім тәркілегені, қайда және қалай сақтағаны белгісіз.

“Өкінішке қарай, бізді апелляциялық саты да естіген жоқ. Егер қылмыстық қудалау механизмі іске қосылса, оны тоқтату мүмкін емес, тіпті егер адам кінәсіз болса да”, – дейді адвокат.

STAN.KZ
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 16:52
Талқылау