Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Курметті, Казакстан халкы": Желіде Halyk Bank-тің қазақ тілінде қате жазылған Бірлік күнімен құттықтауы сынға қалды

Фото: 2gis.kz

Желіде Halyk Bank-тың қазақстандықтарды 1 мамыр – Бірлік күні мерекесімен құттауы сынға қалды. Банк мәтінді қазақша әріптерсіз көп қатемен жазғаны көпшіліктің шамына тиді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржыгер әрі PR-маманы Айбар Олжаев желіде банктің құттықтау хабарламасын жариялап, сынады.

“Қазақша айналдырған 4-5 сөздің өзін дұрыс жаза алмай, әбден ұятқа қалды. Бұданша құттықтамай-ақ қойғаны дұрыс еді. Базалық сауат беделдің кепілі екенін білмейді емес. Тек құнттамаған. Қазақша шрифтті жүктеуге не кедергі болды? "Курметті, Казакстан, халкы, озара" деген сөздер масқара қате енді. Кім не айтса да”, – деді ол.

Мәтінде қазақша әріптер жазылмай қалған. Мәселен:

“Казакстан халкынын бірлігі кунімен куттыктаймыз! Бул мереке басты кундылыктарды, достыкты, озара сыйластыкты және бірлікті еске салады. Биз еліміздін кеп ултты халкын мактан тутамыз”, – делінген хабарламада.  

Көпшілік мұны көріп өз пікірлерін бөлісті. 

“Білдей компанияда бір қазақша білетін маман жоқ па?”, “Он сөзді жиырма қатемен жазыпты”, “Тіл мәселесі шытынап тұрғанда қасақана жасалған әрекет”, – деді жұртшылық. 



Halyk Bank осы жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұл қателерге техникалық әрі адамдық факторлардың әсер еткенін түсіндірді. 

“Halyk Bank атынан мемлекеттік тіліміздегі мәтінде кеткен қате үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Қазақ тілі – мәдениетіміздің, тарихымыздың және ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұл біз үшін жауапкершілік қана емес, жүректен шыққан саналы таңдау. Сондықтан біз әрбір сөздің дәлдігі мен маңызына айрықша мән береміз.

Бұл жағдайда мәтінді көшіру кезінде техникалық қате және адамдық фактор рөл атқарған болуы мүмкін. Біз командамызға сенеміз және олардың әрбір материалға ерекше ұқыппен қарайтынын жақсы білеміз. Дегенмен, өкінішке қарай, осы жолы маңызды жайт назардан тыс қалды”, – деп жазды банк өкілдері. 

Сондай-ақ әрдайым ашық диалогқа дайын екенін және қатені мойындап, түзетуге ұмтылатынын жеткізді

Еске салсақ, қазақстандықтар қазақ тіліне қатысты даудан кейін Magnum-ға бойкот жариялаған еді.

STAN.KZ
Жұма, 02 Мамыр, 2025 13:28
Талқылау