Енді МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар да онкоскринингтен өте алады
Фото: Adobe Stock
Енді жас ерекшелігі мен медициналық талаптарға сәйкес келетін барлық Қазақстан азаматтары скринингтен өте алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қабылданған түзетулер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Енді онкологиялық ауруларды ерте анықтау және мүгедектігі жоқ пациенттерді есту аппараттарымен қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар жүзеге асырылады.
Онкологиялық ауруларға скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан жүргізіледі. Бұл зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберіне енгізілді. Жас ерекшелігі мен медициналық талаптарға сәйкес келетін барлық азаматтар скринингтен өте алады.
Атап айтқанда:
-
Сүт безі обырына скринингтен 40-70 жас аралығындағы әйелдер әр екі жыл сайын өтеді. Маммография екі проекцияда жасалады, қажет болған жағдайда ультрадыбыстық зерттеу, мақсатты маммография және биопсия жүргізіледі.
-
Жатыр мойны обырына скрининг 30-70 жас аралығындағы әйелдер үшін әр төрт жыл сайын жүргізіледі. Ол цитологиялық жағынды (Папаниколау тесті) алумен жүзеге асырылады, қажет болса кольпоскопия және биопсия қолданылады.
-
Колоректалдық обырды анықтау үшін 50-70 жас аралығындағы азаматтар әр екі жыл сайын нәжісті жасырын қанға талдау тапсырады. Оң нәтиже тіркелген жағдайда бейнеколоноскопия мен гистологиялық зерттеу жүргізіледі.
Скринингтер азаматтардың тіркелген жері бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында өткізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі қабылданған шаралар халықты онкодиагностикалық тексерумен қамту деңгейін едәуір арттыратынын, ауруларды ерте анықтауға және уақытылы емдеуге жағдай жасайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, заңдағы өзгерістер мүгедектігі жоқ пациенттерді есту аппараттарымен қамтамасыз ету мәселесін де шешуге мүмкіндік береді.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
