Қазыналы қарттыққа нық қадаммен!
Зейнетақы жүйесі – әрбір азаматтың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды механизм. Алайда бұл салада көпшілік арасында түрлі аңыздар тарап кеткен. Бұл мақалада біз сол аңыздарды талдап, шындықпен салыстырамыз.
1-аңыз: "Қазақстандық зейнетақы жүйесіне сенім жоқ, ол бәрібір күйрейді"
Ақиқат: Қазақстандағы зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді тұрақтылықты көздейді. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгелі әрбір азаматтың жеке шотына аударымдар түсіп тұрады. Бұл жүйе әр адамның еңбек өтіліне байланысты зейнетақы мөлшерін жеке анықтайды. Мемлекет тарапынан да жүйе үнемі жаңартылып, реформаланып отырады, сондықтан күйреу қаупі жоқ. Тіпті, еліміздің зейнетақы жүйесі Mercer институты CFA-мен бірлесіп, жыл сайын өткізетін зейнетақы индексінде сенімді 24 орынды иеленді. Әлемнің 48 елі қатысатын бұл халықаралық рейтингте әр елдің зейнетақы жүйесі кешенді түрде зерттеледі. Бұл рейтингте 64,0 балл жинаған Қазақстан АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы және басқа елдерден озып, "С+" бағасын алды.
Ал 71 елдің зейнетақы жүйесі талданған Allianz жаһандық зейнетақы есебінде Қазақстан Австрия, Испания, Чили, Сингапур, Гонконг, Қытай және басқа да көптеген елдерден озып, 26-орынға орналасты.
Сондықтан, еліміздің зейнетақы жүйесіне сеніммен қарап, қазыналы қарттыққа қол жеткізу үшін әр азамат қаржылық сауаттылығын арттырып, берекелі болашағы үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржылық қолдау жинағын барынша көбейтіп, сенімділігін күшейткені абзал.
2-аңыз: "Менің шотымдағы ақша үнемі азайып қалады. Себебі Үкімет немесе БЖЗҚ ақшаны жеп жатыр"
Ақиқат: Ең алдымен ескере кететін мәселе: зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағы әр салымшының жеке меншігі. Сондықтан оған ешкімнің, тіпті Үкіметтің де қол сұғуға құқы жоқ. Ал "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ, Қор) – азаматтардың жинақтарын заң жүзінде қорғауға міндетті ұйым. Әр азаматтың зейнетақы қорына аударып отырған зейнетақы жарналары босқа жатпай, тиімді қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкелуі керек. Елімізде халықтың зейнетақы қорындағы қаржысын инвестициялаумен БЖЗҚ емес, Қазақстан Ұлттық банкі және "Jusan Invest" АҚ, "Halyk Global Markets" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ "Halyk Finance" АҚ бес басқарушы компания айналысады. Олар салымшылардың зейнетақы жинағына қосымша кіріс кіргізу мақсатында халық қаржысын отандық және шетелдік экономиканың түрлі секторларына, әртүрлі валютада инвестициялайды. Ал, қаржы нарығы - құбылмалы. Кірісіңіз бірде оң нәтиже берсе, келесіде керісінше болуы әбден ықтимал. Өздеріңіз білесіздер, соңғы уақытта АҚШ долларының бағамы бірде шарықтап, бірде сәл төмендесе, бірде тұрақтағандай сыңай танытып жүр. Біздің жинағымызға есептелетін инвестициялық кіріс те сол доллардың бағамы сияқты ғой…
Десек те, зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді инвестиция екенін естен шығармаған жөн. Инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған абзал. Бұған қоса, естеріңізге салғымыз келетіні, Қазақстан азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде инфляция деңгейін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен сақталуына кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел. Демек, жинақтарым жоғалып кетеді деп еш алаңдамаңыз!
3-аңыз: "Жас кезімде зейнетақы туралы ойлаудың қажеті жоқ"
Ақиқат: Керісінше, зейнетақыны барынша ерте жинай бастаған тиімді. Себебі қор жинауды неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым көбірек зейнетақы аласыз. Инвестициялық табыс та ұзақ мерзімде көбірек пайда береді. Жас кезден тұрақты аударымдар жасау – зейнетке шыққаннан кейінгі қаржылық еркіндіктің кепілі.
4-аңыз: "Зейнетақы жарнасын аудармай-ақ, көп қаржы жинап, қартайғанда қысылмай өмір сүруге болады"
Ақиқат: Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – жұмыс берушінің БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына төлейтін ақшалай еңбекақы мен өзге де кірістердің барлық түрлерінің 10% бөлігі. Бұл ереже қызметкерлерге еңбек шарты бойынша да, заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша да қолданылады. Ал жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын салық кезеңінің әрбір айы үшін есептейді және өзінің пайдасына БЖЗҚ-ға аударады. Бұл үрдіс заң аясында қадағаланып отырады.
Міндетті зейнетақы жарналарын аудару – қаржылық тұрақтылық, қаржылық тәртіп пен қаржылық сауаттылық. Осы құнды қасиеттердің арқасында сіз өзіңіздің қазыналы қарттығыңызға жол ашасыз!
5-аңыз: "Менің 18 жастағы балама "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша аударылған қаржы жоғалып кетті"
Ақиқат: Ұлттық қордан аударылған қаржы ешқайда жоғалмайды. Кәмелет жасындағы немесе 18 жасқа 2025 жылы толатын азаматтар өздерінің нысаналы жинақтары (НЖ) туралы ақпаратты БЖЗҚ немесе электрондық үкіметтегі Жеке кабинетінен ешкімнің көмегінсіз, өзі ғана ала алады. Себебі 18 жастағы азамат – қоғамның толыққанды мүшесі, яғни өз әрекетіне жауап бере алатын жағдайда. Осылайша, БЖЗҚ қазақстандық заңнамаға сәйкес олардың нысаналы жинақтау шоттарындағы (НЖШ) нысаналы жинақтың, соның ішінде ақша қалдықтары мен олардың қозғалысы туралы мәліметтердің құпия сақталуына кепілдік береді.
Қорытынды:
Зейнетақы жүйесі – қауесеттер мен аңыздарға емес, нақты заң мен экономикаға негізделген жүйе. Оның тиімділігі мен сенімділігі – азаматтардың қатысуына да байланысты. Қаржылық сауаттылықты арттырып, жүйеге сеніммен қарау – әрқайсымыздың болашағымыз үшін маңызды қадам.
Есіңізде болсын: ерте қамданған – ертеңгі күніне сенімді болады.