Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір күнде 30 адамды жұмысынан айырды": Қазақстандық Citix компаниясының қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығарғанына шағымданды

Желіде қазақстандық Citix компаниясының еш себепсіз, ескертпестен бір күнде 30 қызметкерді жұмыстан шығарып жібергеніне наразылығын білдірді. Айтуынша, отбасының жалғыз асыраушысы болған жұбайын “өз еркімен арыз жазуға” мәжбүрлеген, әрі өтемақы да төлемеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: freepik.com

Желіде Максим Тушин оқиға туралы баяндап берді

“Мен Citix компаниясының бұрынғы қызметкерінің жұбайымын. Citix Алматы мен Астанада жарнама саласында түрлі форматтарды ұсынатын компания ретінде танымал. Үйде отырған ана болғандықтан отбасымызды жұбайым асырап отыр.

Алайда өткен жұмада компанияда 30-ға жуық адам жұмыстан шығарылды. Олардың барлығы өз қалауы бойынша өтініш жазуға мәжбүр болған. Еш өтемақысыз, қызметкерлер бір күнде компаниядан кетуге мәжбүр болды. Компания қысқарту туралы ресми мәлімдеме жасамады. Себебі биржадан көбірек қаражат тартуды жалғастыруда”, – деп жазды ол.  

Желі қолданушысының айтуынша, салдарынан көптеген қызметкерлер күнкөріссіз қалып отыр.

“Олардың кейбіреулері көрші мемлекетте соғыстан қашқан иммигранттар. Олар енді елден кетуге мәжбүр. Мұндай қадамдар адамгершілікке жатпайды және Еңбек кодексін, конституция мен адам құқықтарын бұзады.

Компания қызметкерлерге алдын ала хабарлап, мұндай әрекеттің себебін түсіндірмеді. Жұмыстан шығарылған қызметкерлерді қандай ережеге сай таңдап қуғанын да айтпады. Көбісі басшылыққа қарсы шығып қандайда бір қадамдар жасаудан қорқады”, – деп қосты ол. 

Оқиғаға қатысты Stan.kz тілшісі Citix компаниясынан неліктен 30 қызметкердің аяқасты қысқарғанын сұрады. Компания барлығы заң жүзінде жүргізілгенін айтып ақталды. 

“Команданы оңтайландыру туралы шешім көлемді кеңейту жаңа нарыққа шығуды көздейтін 2025 2026 жылға арналған бекітілген стратегия шеңберінде қабылданды. Штаттың жартысы қысқартылып, жартысы компанияның жаңа бағытындағы қызметке тағайындалды. Қысқарту жайлы ақпарат 2024 жылы 9 қазанда қызметкерлердің электронды почталарына алдын ала жіберілген болатын. Біз Қазақстанның еңбек кодексіндегі ережелерді ұстанамыз және қызметкерлерге толықтай өтемақы төленді. Командада болғандар мен командамызда қалғандарды бағалаймыз”, – деп жауап берді компания. 


  • Алдағы жылдары қай мамандық иелері жұмыссыз қалмайды – Еңбек министрлігінің болжамы 


Алайда желіде шағымданған қазақстандық компания маркетологтары қазір жағдайға қатысты пікір білдіргенімен, жалған ақпарат айтқанын алға тартты.

“Әрине, маркетологтардың керемет жұмысы мен адамдарды алдау жалғасуда. Әлі қызметкерлердің ешқайсысына өтемақы есептелмеді. 9 қазанда бүкіл компанияға ықтимал қысқарту туралы хабарлама келді. Алайда 7 наурызда бір күнде 30 адамды жұмыстан шығарып жіберілетінін ешкім ескертпеді.

Иә, мен жария етуден қорқамын. Бірақ дәл қазір өзім үшін емес, басқалары үшін де айтамын деп ойлаймын! Ең бастысы шындық”, – деп қосты ол. 

Көпшілік желіде Тимур Тұрлов пен Freedom компаниясын Citix-ке жауапты санап, осы мәселеге назар салуға шақырды. Редакциямыз Freedom компаниясымен байланысқа шығып олардан да пікір алып көрді. Дегенмен, анықталғандай Citix компаниясындағы бұл жағдайға Freedom компаниясының қатысы жоқ болып шықты. Оның үстіне компания акция үлесі өте аз екенін және бұл жайтқа араласуға қауқарсыз екенін түсіндірді.

Талқылау