Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Үш жыл салған үйіміз жиырма минутта жанып кетті”: Қазақстандықтар оқыс оқиға кезінде шығынға батпас үшін не істеуі керек

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде былтыр өрттен болған жазатайым оқиғалар саны 11 мыңнан асқан. Оның ішінде қоныстойын енді жасап, келесі күні баспанасынан айырылғандар да, аса қымбат мүлкі мен құжаттарын жоғалтқандар да бар. Мамандардың айтуынша, көбіне пәтерлерді жалын шарпуына тоқтың тұйықталуы, найзағай түсу, аптап ыстық, сымдардың ашық қалуы себеп болады. Бастысы, көбіне азаматтар үйдің қауіпсіздігіне қатысты шараларды алдын ала ойластырмайды дейді мамандар. Оқыс жағдайда қиналмай, баспана мен мүліктің қауіпсіздігіне алаңдамай, қорқынышсыз өмір сүруге бола ма? Stan.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.

“3 жыл салған үйіміз жиырма-ақ минутта жанып кетті”

Алматы облысының 35 жастағы тұрғыны, жалғызбасты ана Айдана Омарова ойламаған жерде төрт баласымен қыс ортасында далада қалды. Айтуынша, 3 жыл бойы еңбекпен салып, енді ғана бақытты өмір сүріп жүрген үйінен өрт шығып, жиырма-ақ минутта жанып кеткен. Үйдің қабырғалары ғана аман қалыпты. 

“Жолдасыммен ажырасып кеткенбіз. Жалғызбасты болсам да өз күшімізбен осы үйге жеттік. Баспана құрылысын 2022 жылы жаз айынан бастадық. Балалар “өзіміз саламыз, үйіміз болады, осы жақта өсіп-өнеміз” деп қуана іске кіріскен еді. Алайда олардың 2-3 жыл бойы еткен еңбегі мен ата-анамның берген көмегі көз алдымызда жоқ болды. “Апат айтып келмейді” дейді ғой. Осылайша, 22 ақпан күні 3 жыл салған үйімізден жиырма-ақ минутта айырылдық”, – деді келіншек. 

Айдана сол күні қалың қар жауғанын айтты. Ол балаларымен кешке жолды ашу үшін қар күреуге шыққан. Кейін қызу жұмыстан шаршап, үйге келіп ертерек демаламын деп шешкен.

“Сағат 22:00-ден аса жатып қалдық. Үйдің жөндеу жұмыстары аяқталмаған соң тек бір бөлмеде арнайы пеш қосып, бәріміз сол жерде ұйықтайтынбыз. Басқа бөлмелерде жылу әзірге жүргізілмеген соң осы жерде тамақтанатынбыз. Дәл осындай жағдай болады деп мүлдем ойламаппыз”, – деп қосты ол.

“5 минут кеш оянсам, не болатынын білмеймін...”

Келіншек сол түні қызының бетіне түскен оттың жалт-жұлт еткен жарығынан оянған.

“Бәрін өшіріп жатқаным есімде. Үш ұлым жанымда ұйықтап жатыр. Жарық қайдан түскенін түсінбедім. Қарасам төбеден өртенген бөлшектер қар сияқты құлап жатыр екен. Содан қызымды алып бірінші сыртқа жібердім. Одан кейін суға жүгірдім. Тез-тез балаларды оятып, алып шығып үлгердім. 5 минут кеш оянған кезде тіпті не болатынын да елестете алмаймын. Балаларды шығарғаным сол еді от лезде төбеден еденге тарады”, – деп қосты жалғызбасты ана.

Келіншек бірден көршілеріне жүгіріп, өрт сөндірушілерді шақырған. Дегенмен мамандар жеткенше үйден түк қалмаған.

“Көршілер келсе, өртті бәріміз су шашып сөндіріп үлгереміз деген үміт болды. Үйде екі үлкен газ баллоны бар еді. Соны алып шықты. Басқа заттарды шығарып үлгермедік. Тіпті балалар бір ғана жеңіл жидемен шықты”, – деп қосты ол. 

Фото: Stan.kz

Айданаға құтқарушылар өрттің себебі тоқтың тұйықталуынан болғанын айтқан. Дегенмен келіншек электр жүйесімен бұған дейін ешқандай мәселе болмағанын жеткізді. 

Бүгінде Айдана тілсіз жаудың кесірінен үлкен шығынға ұшырап отыр. Оны баспананы қалпына келтіру, мүлік-жиһаздарын қайта жаңарту сияқты жұмыстар күтіп тұр. Дегенмен балаларын жалғыз асырап отырған ана үшін қаржы жағы оңай болмасы анық. Айдана оқыс оқиғалардан алдын ала сақтанудың жолы туралы бұрын ойланбағанына өкінеді.

“Көп адам өрт кезінде құжаттарым, бағалы заттарым деп жүгіреді”

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары болса Айдананың оқиғасы жалғыз жағдай емес екенін жеткізді. Айтуларынша, көбіне адамдар қауіпсіздік туралы алдын ала ойлай бермейді.

“Өрт табиғи апаттардан да шығады. Мәселен, адамдар көлікте кетіп бара жатып су ішіп, бөтелкесін лақтыра салуы мүмкін. Ал күн ыстық кезде кішкентай кезімізде лупамен ойнағанымыздай, ол айналасындағы заттарды қыздырып, салдарынан өрт шығады”, – деді Қонаев қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Айдос Мұхаммеджанов. 

Фото: Stan.kz

Мамандардың айтуынша, өрттің шығуының басым себебі көп жағдайда: электр сымдарының ашық жалғануы, балалардың отпен ойнауы, жылыту маусымы кезінде пештердің ақауы мен мұржалардың уақытылы тазаланбауы.

“Үйлеріндегі құнды материалдық дүниелерін алып шығуды талап ететін де адамдар болады. Өрт сөндіріп жатқанда құжаттарым қалып қалды, бағалы заттарым сонда деп жүгіреді. Біз өрт кезінде ғимаратқа кіре сала ең әуелі адам бар ма, жоқ па – соны анықтаймыз. Кейін барып құжаттарын алып шығуға тырысамыз. Дегенмен біздің басты міндет – ең бірінші адам өмірін құтқарып, өрттің әрі қарай жайылуына жол бермеу. Ал мүліктің амандығы мен шығыны үй иесінің өз мойнында”, – деді Қонаев қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімінің маманы Бақыт Иманқұлов. 

Қорқынышсыз өмір сүріп, қауіпсіздікті алдын ала қамтамасыз ету үшін не істеу керек?

Өрт, су басу немесе табиғи апат кезінде өтемақы алуға мүмкіндік бар екенін білесіз бе? Өңірлік бизнесті дамыту департаментінің  сатуды дамыту бөлімінің бастығы Дәурен Жампейісов дамыған елдерде мұндай шығындарды өтеу бұрыннан бері сақтандыру компанияларының мойнына жүктелгенін алға тартты. 

“Сақтандыру өрт, найзағай, жарылыс, су басу, табиғи апаттар (жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл және т.б.) кезінде өтемақы алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар апат өзге тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен болса немесе сыртқы әсерлер мысалы, заттардың құлауы салдарынан мүлік зақымдалса да төленеді.

Көп жағдайда тұрғын үйлерде өрт болған кезде адамдар материалдық шығынға ұшырап, мүлкін жоғалтып жатады. Сондықтан осындай кезде аяққа қайта тұру үшін сақтандырудың рөлі зор”, – деді маман. 

Мамандардың кеңесінше:

  • тұрғын үйді сақтандыру кезінде бағдарламаның шарттарымен мұқият танысу маңызды;
  • Таңдаған полисіңіз қандай қауіп-қатерді жабатынын біліп алыңыз. Мысалы, сіз жер сілкінісі қаупі бар аймақта тұрсаңыз, сақтандыру зілзаладан қорғауды қамтитынына көз жеткізгеніңіз жөн;
  • Сондай-ақ төлем көлеміне де назар аударған жөн. Кейбір сақтандыру тек өрт кезінде немесе су басуға қатысты қолданылады. Бірақ онда ұрлық пен жер сілкінісі ескерілмеуі мүмкін.

“Үйін су басқан адамға 450 мың теңге төленді”

Дәурен Жампейісов сақтандыру көлемі неғұрлым кең болса, қауіпсіздік деңгейі де соғұрлым жоғары болатынын жеткізді.

“Мынадай қызық оқиғаны айтып берейін. "Менің пәтерім" бағдарламасы бойынша сақтандыру полисін рәсімдейтін клиентіміз бар. Көршісінің жылу батареялары әркез жарылып су кететіндіктен, ол жыл сайын сақтандыруға жүгінуге мәжбүр. Себебі көршісі залалдың құнын өтемей жүріп алады екен. 

Қазір сол клиентіміз үйін су басқан кезде еш уайымсыз бірден іске кіріседі. Барлық қажет құжаттарды, соның ішінде: су басу туралы акті мен сараптамалық қорытындыны, қай жерде тіркелгенін, қандай зақым келгенін, судың ағуы нақты қай жерде болғанын және жөндеу қанша тұратынын есеп жүзінде көрсетеді. Залал шамамен 450 мың теңге болды. Клиент фото мен видео дәлелдемелерді ұсынып, тиісті төлемді тез әрі толық көлемде алды. Себебі сақтандыру болмаса, қандай да бір жерден немесе адамнан өтемақы алу өте қиын әрі ұзақ процесс.

Бұл мысалдар сақтандырудың қауіпсіздік үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сақтандыру адамдарға тез өтемақы алып, мәселесін шешерде жалғыз өзі абдырап қалмауына көмектеседі”, – деп қосты ол. 

Елімізде көп жағдайда тұрғындар сақтандыру туралы ойлай бермейді. Алайда басына іс түсіп, апат болғанда көмекті кімнен сұрарын білмей абдырайтындар көп. Сондықтан мамандар азаматтарды дамыған елдердегідей қауіпсіздікті алдын ала қамтамасыз етуге шақырады.

 

Талқылау