Әзірбайжан Ресей билігінің үстінен халықаралық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатыр
4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апатына қатысты 53 беттен тұратын есеп жариялады. Тергеу нәтижесіне қатысты Ресей бейтарап пікір айтуды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Apa басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: azamat_sarsenbayev Instagram парақшасынан алынды
Есепке сәйкес, Бакуден Грозныйға жоспарлы рейсін орындаған 4K-AZ65 тіркеу нөмірі бар Embraer 190 ұшағы Ресей әуе кеңістігінде, Грозный әуежайының маңында GPS сигналын жоғалтқан. Қолайсыз ауа райына байланысты экипаж қонуға екінші рет әрекет жасай алмай, Бакуге оралуды ұйғарған. Осыдан кейін дыбыс жазу құрылғысы (CVR) 24 секундтық айырмашылықпен екі бөгде дыбысты жазып алған.
CVR және FDR деректеріне сәйкес, бірінші дыбыстан 4 секунд өткен соң үшінші гидравликалық жүйе істен шыққан. Одан 6 секундтан соң бірінші және 21 секундтан кейін екіншісінің жұмыс істемей қалғаны көрсетілген.
Ұшақты тексеру кезінде көптеген саңылаулар мен фюзеляждың зақымданғаны анықталды. Оған түсірілген фото мен видеолар дәлелү Әуе кемесінің артқы бөлігінің, тік және көлденең тұрақтандырғыштарының, сол қанатының және сол жақ қозғалтқышының зақымдануы анықталды. Есепте зардаптың құстардың соғылуынан емес, сыртқы заттардың әсерінен болғаны айтылды.
Сондай-ақ ұшақтан әуе кемесіне тиесілі емес заттар табылып, тәркіленді. Хабарламада 05:13:32-де ұшақтың негізгі басқару жүйелері жоғалғаны, ал 05:21:42-де үйлестіруші диспетчер Грозныйға "Ковер" операциясының басталғаны туралы хабарлаған. Алайда, ұшақ экипажы бұл туралы алдын ала білуі мүмкін емес. Бұл Ресей билігінің ақпаратты жасыру әрекетін көрсетеді.
Осы фактілерге қарамастан, ресейлік шенеуніктер, сарапшылар және БАҚ өкілдері оқиғаға қатысы барын жоққа шығарып, экипажды кінәлауға тырысып жатыр. Бұл тактика 2014 жылы Донбасс үстінде атып түсірілген малайзиялық Boeing 777 ұшағына қатысты жағдайды еске түсіреді. Мәскеу әлі күнге дейін жауапкершілікті мойындамайды.
Ал Грозныйдағы Ханқала ауылындағы әскери бөлімде тергеу жалғасып жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ұшақта атыс осы әскери база аумағынан басталған.
Reuters мәліметінше Әзірбайжан билігінде бұйрық берген және оқ атқан адамдар, қару түрі туралы мәліметтер бар.
“Осы фактілердің, дәлелдер мен іздердің барына қарамастан, Ресейдің тергеуді басқа бағытқа бұрып, экипажды кінәлап жатқаны өкінішті”, – делінген басылымда.
Ал, тергеуге Қазақстаннан бөлек Әзірбайжан, Ресей және ұшақты жасаған Бразилияның сарапшылары да қатысып жатыр. Алдын ала есепте көрсетілген барлық фактілер ресейлік тарапқа да белгілі.
Әзірбайжан осы уақытқа дейін өз талаптарын ашық түрде айтып келеді. Тіпті олар ұшақты Ресейге тиесілі "Панцирь-С" зымыраны атып түсіргенін, оның фрагменттері барын да мәлімдеді.
“Дәлелдемелік база қалыптасып, фактілер мен дәлелдемелер жиналып, халықаралық сотқа шағымдануға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан Ресеймен диалогқа есік ашық. Мәскеу өз кінәсін ашық мойындап, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Әйтпесе, Баку келесі қадамға дайын”, – делінген басылым хабарламасында.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Кейінннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.
Ал 2025 жылдың 4 ақпанында еліміздің Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты 53 беттен тұратын есепті жариялаған. Содан кейін Әзірбайжан билігі Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer E-190 ұшағын Ресейге тиесілі Панцирь-С зениттік-зымыраны атқанын мәлімдеген.