Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп трансгендер спортшыларға әйелдер жарыстарына қатысуға тыйым салды

АҚШ президенті Дональд Трамп трансгендер спортшылардың әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Al Drago/Getty Images

Трамп бұдан былай әйелдер спорты тек әйелдер үшін болатынын айтып, жарлыққа қол қойды. Айтуынша, АҚШ трансгендер спортшыларға виза беруден бас тартады.

Жарлық мектеп, университеттегі сайыстарда және әуесқой жарыстарда күшіне енеді. Трамп халықаралық Олимпиада комитетінен трансгендер спортшыларға қатысты ережелерді 2028 жылы Лос-Анджелес олимпиадасы басталғанға дейін өзгертуін сұрады.

"Кейінгі жылдары көптеген білім беру мекемелері мен спорттық бірлестіктер ерлерге әйелдер спортында бәсекеге түсуге мүмкіндік берді. Бұл қыз-келіншектер үшін әділетсіз және қауіпті. Сонымен қатар бұл олардың бәсекеге қабілетті спорт түрлеріне қатысуына және өсуіне мүмкіндік бермейді", — делінген жарлықта.

Трамп өзінің инаугурациялық сөзінде АҚШ-тың мемлекеттік саясаты тек екі жынысты – ерлер мен әйелдерді мойындайтынын мәлімдеді. Кейін ол тиісті жарлыққа қол қойды.



"Былтырғы Париж олимпиадасын ұмыта алмаспыз. Онда ер боксшы әйелдердің алтын медалін алып кетті. Қарсыласын қатты қинап, 46 секундтық жекпе-жектен кейін берілуге мәжбүрледі. Онымен қоймай бұл чемпиондық жекпе-жек ретінде саналды", – деді Трамп.

Алайда CNN Трамптың бұл айтқандарына қарсы шықты. Басылымның дерегінше, екі Олимпиада чемпионы, алжирлік Иман Хелиф пен тайваньдық Лин Ютин жынысын ауыстырған емес. Олардың екеуінде де туғаннан бастап әйел екені көрсетілген және жарыста да әйел ретінде өнер көрсеткен.

Талқылау