Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Көбі ер адам әйелінің туғанын көрсе, одан жиіркеніп қалады деп ойлайды": Бала босануға серіктес болып кірген қазақстандық әкелер әсерін бөлісті

Редакциямызға сексолог-психолог және имбилдинг жаттықтырушы маман Гүлнәр Әділқызы ер адамның баланы босандыруға серіктес болып кіруі әйелі екеуінің қарым-қатынасын жақындата түсетінін айтып берген еді. Сөзінше, бұл әке мен бала арасындағы психологиялық байланысты нығайтып, әкеге тән түйсікті дамытады. Әйелінің босану процесіне қатысқан қазақстандық азаматтар шын мәнінде қандай әсерге бөленетінін бүкпесіз баяндады.  

Фото: Дэнис Тяннің жеке архивінен

“Жұбайымды жаңа қырынан таныдым”

Дэнис Тян есімді ер адам алғашында мұндайға қарсылық танытып, барғысы келмегенімен, серіктес босануға кірген екен. 

“Алғашында қарсы болып, бұрын мұндай нәрсе болмағанын, әйелдер онсыз-ақ баланы дүниеге әкелгендерін айттым. Бірақ әйелімнің өтінішінен кейін оның ең маңызды әрі қиын сәтінде қолдау білдіргенім жөн деп келістім. Себебі бұл – оның алғашқы тәжірибесі, алғашқы жүктілігі. Ол үшін қорқынышты екенін түсіндім және сондай сәтте оның қасында болғаным сенімділік береді деп ойладым”, – деді Дэнис.

Сөзінше, айналасындағылардың бірі құптап, ісін қолдаса, кейбірі таңғалып, түсінбей қараған. 

Ол акушериядан білімі жеткіліксіз болғандықтан, қобалжығанын айтады. Десе де, келіншегінің дәрігер болғаны оларға жақсы болды. Себебі әйелі білгенін бөлісіп, толғақ кезінде қандай жағдай болуы мүмкін екенін, не істеген жөн екенін ескертіп, хабардар етіп отырған. Дэнис серіктес болып кіретін ер адамдарға интернеттен немесе түрлі кітап, курс арқылы ақпарат жинап, дайындалып кіруге кеңес берді.

Ол толғақ кезінде әйелінің қиналғанын көру өте ауыр болғанын айтады. Жары қиналып жатқан сәтте оған ештеңе істей алмау ер адам үшін қиын дейді.

“Әйелім босанып жатқан кезде түрлі эмоцияны бастан өткердім. Алаңдайсың, толқисың, бірдеңе дұрыс болмай қала ма деп те қорқасың. Тіпті жүрегім қатты соғып, абдырап қалған сәттер де болды. Алайда жұбайымның осынша азапты ауруды шыдап, өзін қолға алғанын көріп, оның мықтылығына таңғала қарадым. Әйелімді жаңа қырынан таныдым. Біз әйелдердің күшін, олардың табандылығын бағаламай жүргенімізді түсіндім”, – деді ер адам.

Ол әйеліне тыныс алу техникасын дұрыс орындауға көмектесіп, қолын ұстап, қолдау сөздерін айтып тұрған екен. Босанғаннан кейін жұбайы расымен Дэнистің көмегі тигенін және оның қолдауынсыз босануы қиын болуы мүмкін еді деп мойындаған. 

“Бала дүниеге келген соң махаббат пен ризашылық эйфориясын сездім, жеңіс туын ілгендей болдым. Баламның жылағанын бірінші болып есту өмірімдегі ең маңызды сәт дер едім. Осыдан кейін жұбайым екеуміздің арақатынасымыз жақындай түсті, себебі қиындықтар адамды берік етеді”, – деді әке.

Дэнис те басқа ер адамдар ең болмаса тұңғышының дүниеге келгенін көруі керек деп санайды. Ол жұбайы қаласа, тағы да серіктес болудан тайынбайтынын айтты. 

“Өз көзіммен көргенге дейін ойым мүлдем басқа болған”

Алматылық Асланның некелескеніне 3 жыл болған. Ол әйелінің өтінішімен тұңғыш қызын босану процесіне серіктес болып кірген және сол шешіміне еш өкінбейді.

“Мен өзім бұл туралы ойланбаппын. Әйелім өтінген соң келісе кеттім, ұзақ талқыға салмадық. Жақындарымыз, айналадағылар да оң көзқарас танытты. Анамыз кіргісі келген, бірақ өзім кіремін деп шешіп қойғанымызды жеткіздік”, – деді ер адам.

Сөзінше, әйелі дүниеге баласын босандырғанға дейін еш қобалжымай, қорықпай жүрген. Себебі мүлдем бұлай болады деп күтпеген. Бірақ өз көзімен көргеннен кейін ғана оның қаншалықты қиын процесс екенін түсінген.

“Босанғанға дейін қорқыныш менде емес, әйелімде болды. Мен белгісіздік жағдайында жүрдім, себебі бірінші рет болғасын қалай болатыны туралы түсінік болмады. Жұбайымның толғағы басталып, пертзентханаға келген кезде дәрігерлердің квалификациясы, іс-әрекеті көңілімнен шыққандықтан, сенімді болдым. Баланы дүниеге әкелу туралы ойым басқа болғасын “қазір 1-2 сағат боламыз да, сосын шығамын” деп ойлаппын. Шын мәнінде, олай емес. 12 сағаттай жұбайымның жанында болдым. Алғашқы 5, 7-8 сағатта бәрі қалыпты болған, еш уайымсыз жүрдім, бірақ соңғы сағаттарында қобалжу пайда болды. Абдырап қалдық. Толғатып жатқан әйеліңе ешқалай көмектесе алмай, ауруын баса алмайтыныңды көргенде іштей қиналасың”, – деді Аслан.

Серіктестік босануға не себепті күйеуінің кіргені маңызды?

Аслан серіктестік босануға қалай дайындалғанын айтып берді. 

“Ең маңыздысы – менталды дайындық. Әйелің өмір мен өлім арасында болатынын түсініп, барынша жағдайын жасау керек. Жаны қиналып тұрғандықтан, орынды, тіпті орынсыз болсын ұрысуы мүмкін. Соған түсіністікпен қарап, “не айтса да, онікі дұрыс” деген позицияда болыңыз. Қисынсыз әрекет жасауы да мүмкін, бәріне дайын болған абзал. Не айтса да, айтқанын орындап, жағдайын қамтамасыз етіңіз. Осындай кезде қолдауыңыз маңызды. Әйелімнің халі менікіне қарағанда қиын екенін білгендіктен, барынша мықты болуға, қорқынышымды көрсетпеуге тырыстым”, – деді жас әке.

Сондай-ақ тыныс алу техникасы, массаж жасау, толғақтардың жиілігі, ол неше минуттан болуы керек екенін, түрлі жаттығу түрлерін үйренген дұрыс дейді. Серіктестік босану туралы оқып, дәрігермен алдын ала кеңескен абзал. Қалғанын босану кезінде де медбикелер түсіндіреді.

“Босану процесінде әйеліме көмегім тиді. Әйелдің қасында ешкім болмаса мүлдем қиын, ал басқа адам болса, ыңғайсызданып, өзін еркін сезінбейді. Өйткені жұбайыңыз тек сізге толық ашыла алады, ең жақын адамы – оның күйеуі. Баланы босанғаннан кейінгі 1-2 сағатта әйел өте әлсіз болады, сол кезде қолдау керек. Қасында болғаныңыз оған менталды жеңілдік береді деп ойлаймын. Отау құрар алдында барлық қиындықта бірге боламыз деп келіскендіктен, осы сәтте де бірге болу қажет”, – деді алматылық ер адам. 

“Баласының дүниеге келген сәтін көргісі келмейтін еркектерді түсінбеймін”

Аслан босану процесіне серіктес болып кіргеніне еш өкінбейді, керісінше соның арқасында түрлі сезімді бастан өткергенін айтады.

“Бұл – өмірдегі ең керемет сезім. Мен өз баласының дүниеге келген сәтін көргісі келмейтін еркектерді мүлдем түсінбеймін. Сіздер көп нәрседен айырыласыздар. Өйткені балаң дүниеге шыр етіп келген кезде оны алғаш рет қолыңа алғанда, көзіңе еріксіз жас келеді екен. Бауыр етің екенін түсінесің. Ал сыртта қалғанда баланы әкелудің қаншалықты ауыр екенін түсінбейді. Барып туа салады деп ойлайды. Ал өз көзіңмен көргенде, әйеліңе деген құрметің артады. Босанудың қаншалықты қиын екенін ұғасың”, – деді ол.

Ер адамның сөзінше, бала туу процесіне серіктес болу отбасылық қарым-қатынастарын берік ете түскен, арадағы махаббатты арттырған. Ол кейін де әйелінің босану процесіне қатысып, жанында болғысы келеді екен.

“Көбі ер адам әйелінің туғанын көрсе, одан жиіркеніп қалады деп ойлайды. Алайда менде ондай сезім болған жоқ. Керісінше, сезімдерім басқа қырынан ашылып, махаббатым арта түскен сияқты. Ешқандай теріс эмоция жоқ, тек жақсы әсер қалдырып, қарым-қатынасымызға жаңа серпін берді. Бақыттың не екенін толық сезіне алдым”, – деді алматылық ер адам.

Аслан қызының дүниеге келгенін өзі көзімен көргендіктен, әкелік махаббаты бірден ашылып, әкелік міндеттерін атқаруға әдеттенгенін айтады. 

“Ер адамның серіктес болғаны балаға деген махаббатты ашады. Өйткені сәби дүниеге келсе де, балалы болудың не екенін ер адамдар бірден түсіне бермейді. Тәтті қылығы ашылғанға дейін мән бермеуі мүмкін. Ал о бастан әйелмен бірге болсаңыз, жауапкершілікті аласың”, – деді ол.


"Содан асқан бақыт жоқтай көрінді": Әйелін босандыруға серіктес болып кірген азамат бастан кешкенін айтып берді


“Күйеуіне қатты еркелейтіндер серіктес босануға басқа адамды алып кіргені дұрыс”

Асланның жұбайы Арай да босану кезінде басқа адамдарға қарағанда күйеуі кірген жөн деп санайды. 

“Босану кезінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Мәселен қызметкерлердің салғырттығы немесе күрделі босану, толғақ кезінде де көмек керек. Қарапайым су алып беру, киіндіріп-шешіндіріп жіберу, тазалап жіберу сынды әрекеттер. Сол үшін жанында ең жақын адам болғаны абзал. Мен үшін ең сенімді адам күйеуім болғандықтан, онымен кіру жөн деп санадым және оған өкінбеймін. Ол маған күш беріп, дұрыс сөздер айтып, толғақ арасындағы уақытты есептеп отырды. Мен қауқарсыз болған кезде бәрін жасап жүрген”, – деді келіншек.

Бірақ оның айтуынша, кей болашақ аналарға ерін алып келмегені абзал. Әсіресе күйеуіне қатты еркелейтіндер басқа адаммен кіргені жөн дейді.

“Кей келіншектер күйеуіне қатты еркелеп, жылап, өзін қолға алмауы мүмкін. Қатты толғақ кезінде күш, қайсарлық керек, бірақ ерінің жанында еркінсіп кететін келіншектер бала сынды қылық көрсетсе, ол баланың дүниеге келуіне кері әсерін тигізеді. Алайда мен өзімді қолға ала аламын, кейін де бала босансам, күйеуімді алып кіремін”, – деді Арай.

Сөзінше, бала туу оңай емес екенін ер адам түсіну үшін оны көзбен көруге тиіс.

“АҚШ-та, Еуропада серіктес босану белең алған. Толғағы басталған әйел келсе, “күйеуің қайда?” деп сұрайды. Ал бізде ондай практика әлі де қатты таралмаған. Бізде де сондай деңгейге жеткенін қалаймын”, – деді ол.

Жас анаға да жүкті кезінде “күйеуіңді босануға алып кірме” деп кеңес бергендер көп болған екен.

“Маған “сенің бала туғаныңды күйеуің көрсе, қарым-қатынасы өзгереді, төсек қатынасына кері әсер етеді, көзге шөп салатын болады” деп айтқандар болды. Бірақ бұл қисынға келмейді. Ғасырлар бойы ер адамдардың психикасы шыңдалған, тіпті талай соғыс пен алапат қиындықты көруге бейімделген. Ерлерді баланың жатырдан шығу процесін көргенде психикасы бұзылып қалатын соншалықты әлсіз деп ойламаймын. Меніңше, түсінігі мен құрметі арта түседі, біздің қарым-қатынасымызға оң әсерін берді”, – деді ана.

Сөзінше, жұбайы серіктес босануға кіріп, бар ауыртпашылықты көрген соң, екінші баланы жоспарлау кезінде ойланып, жауапкершілікпен қарайды.

“Қыз-жігіт болып жүргенде, серіктестік босану туралы шешіп алдық”

Рысбек есімді шымкенттік ер адам да әйелінің бірінші жүктілігінде серіктестік босануға кірген. Сөзінше, жұп отау құрмай тұрып, бұл мәселенің басын ашып алған.

“Бұл тақырып туралы әйелім екеуіміз қыз-жігіт болып жүргенде талқы құратынбыз. Бастапқыда маған жат болып көрінсе де, кейін келістім. “Егер әйелім қалап тұрса, неге кірмеске?” деген ой келді. Оны тек әйелім екеуіміз ақылдасып, шешім қабылдадық”, – деді Рысбек. 

Сөзінше, бала ортақ болғандықтан, екі тараптан да жауапкершілік болуы қажет. Ол босану кезінде серіктес болуды ерлік деп санамайды.

“Босану кезінде қорқыныш болды деп айта алмаймын. Аздап қобалжығаным рас, бірақ ол кезде ойланып тұратын уақыт болмады. Себебі бар қиындықты көретін әйел адам. Мен серіктестік босануға кіргенімді ерлік деп ойламаймын. Бұл барлық ер азамат әйелін қолдау үшін істейтін қарапайым әрекет болуы керек. Серіктестік босануға кіруге ниетті азаматтар болса, ең бастысы әйеліңізге қолдау көрсету, қиын сәтте қасынан табылу маңызды. Бұл екеуіңізге ортақ бала екенін түсіну керек”, – деді ол.

Жас әке серіктестік босануға кіргеннен кейін әйеліне деген құрметі артқанын айтты. 

“Өкініштісі – оның қиналғанын тап өзі сияқты сезіне алмайсың. Тек жанында болып, қолынан ұстап, қолдау сөздер айту арқылы көмектесе аласың. Босануға серіктес болып кірген ер азаматтардың әйеліне деген махаббаты арта түседі деп ойлаймын. Бұл ерлі-зайыптылардың ара қатынасына оң әсерін тигізеді”, – деді ол.

Рысбек те тағы серіктес болуға қарсы емес. Ол отбасылы ер адамдарға үндеу жасады.

“Барлық отбасылы ер азаматтарды батылырақ болуға шақырар едім, қазір ескі таптаурын көзқарастармен өмір сүретін кез емес. Өз әйеліңді өзің қолдай алмасаң, кімнен қолдау күтесің?!”, – деді жас әке.

Талқылау