Путиннің Қазақстанға келуі, теңгенің әлсіреуі мен активтерді қайтару: 2024 жылғы саяси оқиғаларға шолу
2024 жылы Қазақстанның саясаты мен экономикасында көп өзгерістер мен оқиғалар болды. Әуелі 1 ақпанда Ұлттық қордан балалардың шотына 100 доллардан түссе, қараша айында теңге әлсіреп, доллар бағасы өсті. Сондай-ақ АЭС салу бойынша референдум мен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, Астанаға “Жоғары мәртебелі Путин мырза” келді. Stan.kz ақпарат агенттігі жыл ішінде болған мемлекеттің саяси аренасындағы басты оқиғаларға тоқталды.
Фото: Stan.kz
2024 жыл "Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм" ұранымен өтті. Көптеген саяси шаралар бір жағынан осы супер міндетке арналды. Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев 95 заң мен 319 жарлыққа қол қойды.
Саяси аренадағы басты оқиғалар
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті
4 шілдеде Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Қазақстанның 2023 жылы шілдеден 2024 жылы шілдеге дейінгі төрағалық кезеңінде сандық, туризм, энергетика және бизнес-форумдар өткізілді. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесін қоса алғанда, әртүрлі деңгейдегі 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.
Келісімшарттық база 60 жаңа құжатпен толықты. Оның ішінде Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы.
Ұйымға мүше елдердің басшылары 25 құжатқа қол қойды. Ал Шанхай Ынтымақтастың ұйымына төрағалық Қытай Халық Республикасына өтті.
ҰҚШҰ-ның кеңейтілген отырысы өтті
28 қарашада Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтты. Сондай-ақ қатысушы мемлекеттер тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі құжатқа қол қойды.
Жиын барысында мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Сонымен қатар Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.
Фото: Ақорда
Бұдан бөлек президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.
Сондай-ақ Қырғызстан 2025 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық ететін болды.
“Жоғары мәртебелі” Путин мырзаның Қазақстанға келуі
27 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келген еді. Оны елорда әуежайында "Жоғары мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!" деген сөз жазылған баннермен күтіп алды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, оның сапары ресми емес, мемлекеттік мәртебеге ие. Сондықтан бұлай күтіп алу халықаралық этикетке жатады.
“Бұл сөз тіркесі сапардың ресми емес, мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қолданылды”, – деді Сыртқы істер министрлігі.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл хаттама Қазақстанда ғана емес, жалпы халықаралық қатынастарда да қолданылады дейді. Мысалы, Ресейге барған Беларусь президенті Александр Лукашенкоға да "Жоғары мәртебелі" деген сөз айтылған екен.
Дегенмен бұдан бөлек 27 қараша күні Астана көшелерінде күшейтілген қауіпсіздік режимі енгізілді. Кей көшелер жабылып, қоғамдық көліктердің бағыттары өзгертілді. Ал университет студенттері қашықтан оқуға көшірілген еді. Ол кезде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының отырысына қатысу үшін келген.
АЭС салу жөніндегі референдум, қаржы және оны кім салады
Тамыз айында Алматыда Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылаулар өтті. Талқылау соңы қақтығыс пен дауға ұласты. АЭС салу керек деген топ Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға беретінін және бұған балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен Күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз екенін айтты. Ал 2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасында қызу талқыланған АЭС салу жөніндегі референдумның 6 қазанда өтетінін мәлімдеді.
Президент атом электр станциясы туралы референдум секілді маңызды шешімдер жұртпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін атап өтті.
Кейіннен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина Қазақстанда Атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалатынын айтты.
Фото: ҚР ОСК
6 қазанда бүкіл ел бойынша референдум өтіп, 7 миллион 820 мың 204 адам дауыс беуге қатысты. Нәтижесінде, референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны – 5 миллион 561 мың 937 адам болды. Нақтырақ айтсақ, 71,12%. Осылайша, референдум өтті деп саналған еді.
Жақында Атом электр станциясын кім салатыны 2025 жылдың бірінші жартысында анықталатыны мәлім болды.
Қазақстан 2025 жылдан бастап БРИКС-тің серіктесі атанады
Еліміз 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде БРИКС серіктес мәртебесіне ие болғанын Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді. Ушаковтың сөзінше, қазанда БРИКС серіктес елдерінің санатын белгілеу және 13 мемлекеттің тізімі туралы келісім жасалмақ. 13 мемлекетке тиісті шақырулар жіберіліпті. Қазір Беларусь, Боливия, Индонезия, Қазақстан, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстан БРИКС бойынша серіктес болуға дайын екенін растапты.
Фото: brics-russia2024.ru
Бұл мәртебе арқылы жаңа серіктестер БРИКС саммиттерінің жеке кездесулеріне, сыртқы істер министрлерінің кездесулеріне, қауіпсіздік мәселелеріне жауапты жоғары өкілдердің кездесулеріне және қауымдастықтың басқа да іс-шараларына қатыса алады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі ақпаратты растады.
Бұған дейін президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевқа БРИКС-ке қосылуы туралы ұсыныстар түскенін хабарлаған. Уәли бұл ұсыныстар мемлекет басшысы тарапынан мұқият қаралғанын атап өткен.
Дегенмен елдің БРИКС-ке мүше болуын сарапшылар одақ емес елдер бас қосқан "клубпен" бірдей деп отыр. Саясаттанушы Дос Көшімнің сөзінше, БРИКС енді құрылғандықтан, мүше елдердің де, серіктес елдердің де ешқандай міндеттемесі айқындалмаған. Осы себепті Қазақстанда да серіктес ретінде міндеттеме алмайтынын мәлімдеді. Дегенмен елдің БРИКС-ке серіктес ретінде қосылуы Батыс елдерінен алыстап, Ресейге жақындауы екенін білдіреді дейді.
Ал мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым да БРИКС-ті одақ емес, елдер бас қосқан "клуб" деп атады. Депутат серіктес ел ретінде Қазақстан ешқандай міндеттеме алмайтынын айтады. Бұл "тек экономикалық тұрғыдан байланысты арттыратын клуб" дейді.
Әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қабылданды
2024 жылы 15 сәуірде президент Тоқаев "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарына қол қойды.
Фото: pixabay
Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Жалпы заңда 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекске және 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ел экономикасында қандай өзгерістер болды
1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор — балаларға" жобасы іске қосылды
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы ресми іске қосылды. Ал 1 ақпанда қазақстандық 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде Ұлттық қордан алғашқы 100 доллар түсті. Осылайша жоба аясында барлығы 6,9 миллион баланың шотына қаржы аударылды.
Фото: Stan.kz
18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген, яғни әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады.
Ал жақында 2025 жылы “Ұлттық қор – балаларға” жобасы аясында балалардың шотына түсетін қаржы көлемі өсетіні айтылды. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, балалардың шотына түсетін сома 118-120 доллар көлемінде өседі.
Активтерді қайтару
2024 жылы Қазақстан заңсыз қаржымен байыған қазақстандықтардан тұрақты түрде активтер қайтарып отырды. Миллиардтардың нақты кімнен алынғаны сотқа дейінгі тергеу құпиясына байланысты айтылмай отыр.
Қазақстандықтарға қайтарылған сома шамамен 900 миллиард теңге болды. Бұл ақшаға мектептер, даму орталықтары, ауруханалар мен спорт нысандары салынды.
Еске салайық, 2023 жылы Қазақстан президенті "Заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы" заңға қол қойған еді. Қаулы мемлекеттік лауазымдарды атқарған немесе квазимемлекеттік секторда жұмыс істеген 45 миллиард теңгеден астам актив иелеріне қатысты.
Ғылымды қолдау
2024 жылы ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мұны растайтын негізгі көрсеткіштер:
Қазақстанда 2024-2026 жылдарға арналған ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 476,9 миллиард теңгеге дейін өсті. Ғылыми ұйымдардың саны 425-ке, ал ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамға жетті. 809 ғалым шетелде тағылымдамадан өтуге грант алды.
Фото: Stan.kz
Жас ғалымдарды жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасы іске қосылды. 290 пәтер берілді, 20 пәтер тегін берілді. Ғылыми қызметкерлердің жалақысы 18% өсті. Ғылыми атақ үшін қосымша төлемдер 50 АЕК – 184 600 теңге өсті. 2024 жылы 2297 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 1055-і жастар жобасы. Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті ғалымдары тазалығы 99,5% болатын селен алу әдісін ойлап тапты.
Білім берудегі халықаралық тәжірибе
2024 жылы Қазақстанда шетел университеттерінің 16 филиалы ашылды, тағы 10-ы енді іске қосылады. 21 қазақстандық университет QS WUR әлемдегі үздік университеттердің халықаралық рейтингіне енді.
2024 жылдан бері университет 245 бірлескен және қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Ынтымақтастыққа 200-ден астам ғалымдар тартылды.
Жаңа бағыттар
2024 жыл саяхатшыларға жаңа бағыттар ашу жаңалығымен есте қалды. Қазақстан Таиланд және Вьетнаммен 30 күнге дейін визасыз режим туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар Қазақстаннан Пхукет, Дубай, Абу-Даби және Мединаға тікелей рейстер пайда болды. Келер жылдың соңына қарай үкімет Нью-Йорк, Сингапур, Токио, Вена, Прага, Мумбай және Гонконгқа әуе рейстерін ашуға уәде беріп отыр.
Қазақстанда инфляция төмендеді
Ұлттық банк елімізде инфляция 2,5 есе төмендегенін мәлімдеді. Бұл 2023 жылдың ақпан айындағы ең жоғары көрсеткіштермен салыстырғанда, қазіргі деңгей жоспарлы 5%-дан төмен.
Ұлттың Банк мәліметінше, ұзақ баяулаудан кейін инфляция қазан айында 8,5%-ке дейін өсті. Инфляцияны жеделдетуге ақылы қызметтердің инфляциясы әсер еткен – 14,3%, "инвестицияларға айырбастау тарифі" бағдарламасы аясында және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы да өз үлесін қосты. Азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі де 7,8%-ке жеделдеді деп мәлімдеді Ұлттық Банк.
Негізі ел бюджеті Ұлттық қордан берілетін трансферттерге сүйенеді. Нәтижесінде мұнай тапшылығы жоғары болып қала береді.
Айта кетейік, биыл Ұлттық қордан тікелей трансферттер көлемі 5,6 триллион теңге болды. Ал қаражатты жалпы алып қою 6 триллион теңгеден асады.
Қазақстан шетелдік үш банктен 630 миллиард теңгеге жуық қарыз алады
Депутаттар Азия даму банкінен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен және Халықаралық Қайта құру және даму банкінен жалпы сомасы 190 миллиард жапон йені (627 миллиард 910 миллион 290 мың теңге) мөлшерінде қарыз алу туралы келісімдерді бекітті.
Фото: pixabay
- Қазақстан мен Азия Даму Банкі (АДБ) арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасы. Қазақстан президентінің 5 тамыздағы Жарлығына сәйкес 2024 жылы 23 тамызда 52,3 миллиард жапон иені (173 миллиард теңгеге жуық) сомасында несиелік келісімге қол қойылды. Жапон иеніндегі валютаны таңдау Жапониядағы тарихи төмен базалық пайыздық мөлшерлемелермен байланысты. Бұл қаражат көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіпті, білім беру мен мемлекеттік басым шараларды қолдауға жұмсалады. Азия даму банкінің қарызы Қазақстанға 15 жыл өтеу, оның ішінде үш жылдық жеңілдік кезеңімен беріледі;
- Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы Несиелік келісім шеңберінде 52,7 миллиард жапон иені (174 миллиард теңгеге жуық) көлемінде несие алу жоспарланып отыр. Бұл қаражат үкіметтің бірінші кезектегі шараларын, көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіпті, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруды қолдауға мүмкіндік береді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі несиесі Қазақстанға өтеу мерзімі 15 жыл, оның ішінде үш жылдық жеңілдік кезеңімен беріледі;
- Ал Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасында 84,9 миллиард жапон иені (280 миллиард теңгеден аса) көлемінде несие алу көзделген. Бұл қаражат экономикамыздың маңызды секторларын қамту мақсатында 2024 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген негізгі бағыттар мен міндеттемелерді қаржыландыруға жұмсалады. Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің несиесі Қазақстанға өтеу мерзімі 11 жыл, оның ішінде бес жылдық жеңілдік кезеңімен беріледі.
Қазақстанда ақша айырбастау орындарында доллар қымбаттады
Қараша айының соңы мен желтоқсанның басында Қазақстанда ақша айырбастау орындарында доллар 530-540 теңгеден сатылды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин доллар бағамының көтерілуіне қатысты пікір білдіріп, доллардың 500-теңгеден асуын “500 жай ғана сандар” деп атаған еді. Дегенмен күн өткен сайын теңгенің долларға шаққандағы бағасы әлсіреп, қазақстандық биржадағы соңғы баға бойынша бір доллар 524,75 теңгеге сатылды. Бұл өткен сауда-саттықпен салыстырғанда 12 теңгеге артық болды.Фото: kurs.kz-тен скрин
Осылайша 29 қарашада сауда-саттық 512,52 теңгеге аяқталған еді. Дәл осы 29 қараша күні Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта интервенциясына 1 миллиард доллар жұмсалғанын айтты.
"Біз қандай да бір валюта бағамына басымдық бермейміз. Сұраныс пен ұсыныс балансына қарай нарық доллар бағамын өзі анықтайды. Біз ойыншы ретінде әрекет етеміз, яғни Ұлттық қордағы трансферттің бір бөлігін сатамыз, кейде сатып аламыз. Доллар бағамы 500, 490, 510 болсын, төмен түсіруге әрекет етпейміз. Интервенцияны біз қалаған соң емес, нарықты тынышталдыру үшін жүргізуге тура келеді", – деді Сүлейменов.
Сүлейменов қабылданған шаралардың арқасында доллар бағамының бірден көтеріліп кетуінің алды алынғанын мәлімдеді.
Фото: primeminister.kz
Дегенмен 21 желтоқсанда Тоқаев ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровты қызметінен босатты. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі қызметіне тағайындалды.
Әлем саясаты мен экономикасында қандай маңызды оқиғалар болды
Трамп екінші рет АҚШ президенті қызметіне кіріспек
6 қарашада АҚШ-тың 47-президентін тағайындау үшін сайлау өтті. Сайлауға Демократиялық партиядан президенттікке Камала Харрис түсіп, оның қарсыласы Дональд Трамп болды.
20-ға жуық штатта дауыс берілді. Трамп Флорида, Оңтүстік Каролина, Алабама, Миссисипи, Индиана, Теннесси, Оклахома, Арканзас, Оңтүстік Дакота, Луизиана, Кентукки, Батыс Вирджиния, Вайоминг, Огайо, Солтүстік Дакота, Небраска, Флорида және Техас штаттарында көп дауыс жинаған.
Коллаж: Stan.kz
Харрис Род-Айленд, Вермонт, Коннектикут, Массачусетс, Мэриленд, Делавэр, Нью-Джерси, Иллинойс және Нью-Йоркте жеңіске жеткен. Осылайша жалпы дауыс беру есебі бойынша Трамптікі – 50,7%, Харристікі – 48,4% болды. Нәтижесінде Дональд Трамп жеңіске жетті. АҚШ-тың 47-президентінің инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді.
Байден Украинаға Ресейге шабуыл жасау үшін алыс қашықтықтағы зымырандарды қолдануға рұқсат берді
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын ATACMS зымырандарын Ресей аумағына соққы жасау үшін қолдануға рұқсат берді. Бұл шешім АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатының өзгерісін көрсетеді. Себебі бұрын Вашингтон мұндай әрекетке тыйым салған еді. Өйткені бұл аймақтағы жағдайды ушықтырады деп алаңдаған.
Фото: Global Look Press/Oliver Contreras – Pool via CNP
ATACMS зымырандары 300 шақырымға дейінгі нысандарды дәл көздеуге мүмкіндік береді. Украина бұл қаруды Ресей мен Солтүстік Корея әскерлеріне, сондай-ақ олардың логистикалық желілеріне, әскери техникасына және оқ-дәрі қоймаларына соққы беру үшін қолдануы мүмкін. Бұл қадам Ресей мен Солтүстік Кореяның ықтимал шабуылын бәсеңдету мақсатында жасалған.
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға ATACMS зымырандарын Ресей аумағында қолдануға рұқсат берген соң, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі жауап қатты.
АҚШ Украинаға Ресейге қарсы ATACMS зымырандарын, ал Франция мен Ұлыбританияға SCALP және STORM SHADO зымырандарын қолдануға рұқсат берген еді. Ал Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл рас болса, Мәскеудің жауабы "адекватты және нақты" болатынын айтты.
Фото: © Depositphotos.com/MikeMareen
Украина президенті Владимир Зеленский ұзақ қашықтықтағы соққы мүмкіндігін беру оның серіктестерімен келісілген Жеңіс жоспарының маңызды бөлігі екенін айтты.
19 қарашада Украина Ресейге америкалық ATACMS алыс қашықтықтағы зымыранымен соққы берді. Әскерилер Ресейдің Брянск облысындағы оқ-дәрі қоймасына соққы берген.
"Шынында, ATACMS Ресей аумағына шабуыл жасау үшін алғаш рет қолданылды. Ереуіл Брянск облысындағы нысанға жасалып, сәтті соққы берілді", – деді Украина тарапы.
Ал Путин 19 қарашада Украина қарулы күштері Брянск облысындағы нысаналарға алты ATACMS зымыранымен және 21 қарашада Курск облысында Storm Shadow жүйелерімен шабуыл жасағанын айтты.
Сөзінше, Ресейге соққы жасау үшін ұзақ қашықтықтағы снарядтарды олар жасалған елдердің мамандарынсыз ұшыру мүмкін емес. Осылайша Путин бейбіт тұрғындарға алдын ала хабарлап, сол жақта жүрген достас мемлекеттердің азаматтарынан қауіпті аймақтардан кетуді сұрады.
Сонымен қатар Путин ең жаңа орта қашықтыққа ұшатын "Орешник" зымыранының сәтті сынақтан өткенін хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бұл зымырандарды ұстай алмайды. Өйткені олар нысанаға секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен шабуыл жасайды.
"Орешник" зымыран жүйесі НАТО елдерінің Ресейге қарсы агрессивті әрекеттеріне жауап ретінде ұрыс жағдайында сынақтан өткізілген. Путин соңғы зымыран жүйелерін одан әрі сынау кезінде соққы жасалатын нысаналар Ресейге төнген қауіп-қатерлерге байланысты анықталатынын баса айтты.
Сириядағы наразылық, Башар Асадтың биліктен кетуі
Сирияда 27 қараша күні Бірыңғай әскери операциялар басқармасына бағынатын қарулы оппозиция мен исламшылдардың біріккен күштері Сирияның солтүстік-батысында бірлескен шабуылға шықты.
Фото: wnycstudios.org
Операция Израиль мен Хезболла арасындағы бітім орнаған күні басталған. 29 қарашада көтерілісшілер Сириядағы екінші үлкен қала Алеппоны басып алды. Ал келесі күні олар Идлиб провинциясының шығысындағы бақылауды өз қолдарына алған. 5 желтоқсан күні көтерілісшілер Сириядағы төртінші ірі қала Хаманы және провинцияның бірқатар елді мекендерін басып алды.
Сонымен бірге Иракпен шектесетін мұнайға бай Дейр-эз-Зор провинциясынан үкімет әскерінің шығарылып жатқаны белгілі болды. Оған қоса, Хаят Тахрир аш-Шам тобының күштері мен оппозиция Хомс қаласын бақылауға алды. Хомсты алу Дамаскіге жол ашып берді.
7 желтоқсан күні түстен кейін желіде Дамаск орталығынан небәрі 15 минут жерде орналасқан Джарамане маңындағы Асадтың әкесінің ескерткішін бұзып жатқан кадрлар пайда болды. Желтоқсанның 8-іне қараған түні үкіметке қарсы күштер Дамаскіге кіріп, қаланың "Башар Асадтан азат" етілгенін хабарлады. Сондай-ақ қарулы оппозицияның Ресейдің Хмеймим әуе базасы орналасқан Джебла қаласын да бақылауға алғаны хабарланды.
Сирия президенті Башар Асад 8 желтоқсанға қараған түні Дамаскіден ұшып кеткен. Ал кешке Асадтың Ресейде екені туралы ақпарат тарады.
Дамаскте қалған Сирия премьер-министрі Гази әл-Джалали Асадтың қайда екенін білмейтінін айтты.
Осылайша 54 жыл билікте болған әл-Асад отбасының Сириядағы билігі аяқталды. Таяу Шығыс тарихындағы ең қатыгез режимдердің бірінің күйреуі Сирия әскері мен оппозициялық күштер коалициясы арасындағы бар болғаны 12 күндік шайқастан кейін болды және Сириядағы 13 жылға созылған азаматтық соғысты тоқтатты.
Сириядағы азаматтық соғыста жалпы саны 350 мыңнан астам сириялық қаза тауып, кемінде 13 миллион адам босқынға айналған.
Оңтүстік Кореядағы әскери жағдай және Юн Сок Ёлға жарияланған импичмент
3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл елде төтенше әскери жағдай жариялаған еді. Ол бұл шешімнің "мемлекетке қарсы күштерге" бағытталғанын айтқан. Юн Сок Ёльдің айтуынша, ел парламенті мемлекеттік жүйенің жұмысын бұзатын дағдарыс көзіне айналған.
Кейіннен Сеулде төтенше әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты қақтығыс болған. Артынша республика парламенті төтенше жағдайды алып тастаған еді.
Фото: rbc.ru
Ал 7 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль ел тұрғындарынан әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұраған. Сол күні бірінші дауыс беру кезінде Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльға импичмент жариялай алмады. Себебі олар керекті дауыстың жартысын да жинай алмады. Шешім қабылдау үшін 300 дауыстың 200-і қажет болған еді. Бірақ билік партиясының парламент мүшелері (оның 108 өкілінің 105-і) дауыс беруден бас тартып, ғимараттан шығып кетті. Нәтижесінде 300 депутаттың 195-і ғана дауыс берген.
Ал 14 желтоқсанда екінші дауыс беру өтіп, елдегі басқарушы "Азаматтық күш" партиясының 204 депутаты "иә" деп дауыс берген. Осылайша Юн Сок Ёлға импичмент жарияланды.
Енді Конституциялық сот шешім шығарады. Сот импичментті қабылдау немесе Юн Сок Ёльді қызметіне қайтару туралы шешім қабылдауы керек. Бұл мәселені қарау алты айға дейін созылуы мүмкін. Егер Конституциялық сот президентті қызметінен шеттету туралы шешімді растаса, елде мерзімінен тыс сайлау өтеді.
Соттың шешімі шыққанға дейін президент міндетін Оңтүстік Корея премьер-министрі Хан Док Су атқаратыны айтылды. Дегенмен Оңтүстік Корея парламенті президенттің міндетін атқарушыға да импичмент жариялады.
Президенттің міндетін атқарушы Хан Док Суға импичмент 26 желтоқсанда бұрынғы президенттің импичмент ісін қарау үшін конституциялық соттың қосымша судьяларын тағайындаудан бас тартқаннан кейін жасалды. Сондай-ақ тағы бір себеп желтоқсан айының басында ол Оңтүстік Кореяда соғыс жағдайын енгізуге қатысқаны болды.