"Құстардың соқтығысуы немесе техникалық ақау": Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақтың Ақтауда құлауына не себеп
Қазақстан Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып Ақтау қаласына апаттық жағдайда қонған ұшақтың апатқа ұшырау себебін анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Instagram azamat_sarsenbayev
Ресей билігі апат "құстармен соқтығысудан" болуы мүмкін деп есептейді. Алайда оқиға орнында түсіріліп, желіде тараған видеоға қарасақ ұшақтың қанатында бірнеше тесік пайда болған. Соған қарағанда, ұшаққа зымыраннан соққы жасалған секілді.
Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ бортында 67 адам болған. Олардың 38-і қаза тапты.
Оқиғаның негізгі нұсқалары мен апаттың мән-жайы қандай
Flightradar24 онлайн сервисіндегі ұшу жазбасына сәйкес, Embraer E190AR ұшағының J28243 рейсі Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқанда, шамамен сағат UTC 04:25-те Каспийск қаласының аумағында радардан жоғалып кеткен.
Фото: Flightradar24
Бұл бортта төтенше жағдай болды дегенді білдірмейді – ұшқыштар транспондерді жай ғана өшіре салған болуы мүмкін. Ұшу жазбасындағы белгі шамамен бір жарым сағаттан кейін – Каспий теңізінің үстінде 06:07-де (Мәскеу уақытымен 07:25) пайда болған. Ұұшақ Ақтау әуежайына қарай жылжып келе жатқан. Ал оның ұшу жолы күмән тудырған. Ұшақ жоғары, төмен көтеріліп құлдилаған, яғни әуе көлігі басқару элементтерін дұрыс орындай алмай әуреленген.
Ұшқыштар шассиді босатқанымен, ұшақты қондыра алмаған. Соңғы секундтарды куәгерлер видеоға түсіріп алған. Аман қалған жолаушылардың айтуынша, ол Грозныйға қонуға әрекеттенген.
"Құстар тобына соқтығысу" нұсқасы
Росавиацияның баспасөз хатшысы Артем Кореняконың мәліметінше, ұшақ құстармен соқтығысқаннан кейін борттағы төтенше жағдайға байланысты ұшқыш қосалқы аэродромға қону туралы шешім қабылдаған. Осылайша Ақтау қаласын таңдаған.
Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әзірбайжан әуе жолдары да оқиғадан кейін көп ұзамай "ұшақтың құстар тобымен соқтығысуы" мүмкін екенін айтты.
Құстар көбіне ұшақ қозғалтқыштарына түседі немесе ұшақтармен соқтығысады. Бірақ мұндай оқиғалардың қайғылы жағдаймен аяқталуы екіталай.
Зақымдайтын элементтермен соқтығысу
Ақтау әуежайының маңында апат болған соң желіде ұшақтың сыртында ұсақ тесіктері бар түсірілген видео пайда болды. Ұшақтың қалған артқы бөлігінде көлденең және тік рульдерінде беттердің тесілгенін байқауға болады. Мұндай саңылаулар зымыран оқтұмсықтарының әсерінен пайда болуы мүмкін. Дегенмен бұл нақты дерек емес. Себебі әуе кеңістігін бақылау мүмкіндігі бар және зымыран ұшыруды қадағалай алатын қызметтерден әлі хабар жоқ. Сондай-ақ экипаждың диспетчерлермен сөйлескенін естігендерден де еш хабар берілмеді.
Екі жолаушы ресейлік RT арнасына ұшақты Грозныйға қондырмақ болған кезде жарылыс естігендерін айтты.
Ақтаулық ұшақ апатынан аман қалған Субхонкул Рахимов ұшқыштар ұшақты Грозныйға үш рет қондырмақ болғанын, бірақ "үшінші рет бірдеңе жарылғанын" айтты.
"Жарылыс болды – мен оны ұшақтың ішінде болды деп айта алмаймын. Мен отырған жерде жанымдағы панель ұшып кетті", – дейді ол.
Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағында төтенше жағдай болған уақытта ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері украиндық ұшқышсыз ұшақтардың шабуылына тойтарыс бергені де расталады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, билік әзірге Ресейдің оңтүстігінде ұшқышсыз ұшақтардың соққысына тап болған әуе көлігінің неліктен қонуға Ақтауды таңдағанын түсіндіре алмады.
Аймақта ұшқышсыз ұшақтардың салдарынан әуежайлар жабылуға мәжбүр болды. 25 желтоқсан күні таңертең ұшақтың ұшу жолына ең жақын ресейлік әуежай жабылды. Дегенмен сарапшылар ұшақ сыртындағы тесіктер әуе көлігінің жарылуы нәтижесінде пайда болуы мүмкін деп болжайды. Бұл жарылыс апат куәгерлерінің көптеген камералық жазбаларында анық көрінеді.
Негізгі жүйелердің бірінің істен шығуы
Апаттан кейін ресейлік төтенше жағдайлар қызметі апатқа "негізгі жүйелердің бірінің істен шығуы" себеп болғанын айтты.
“Ұшақ апат сигналын жіберді, содан кейін радардан жоғалып кетті. Сондықтан техникалық ақау ең тиімді нұсқа саналады", – деді ресейлік басылым.
Десе де басылым мұндай техникалық ақауға не себеп болуы мүмкін екенін нақтыламады.
Embraer ERJ-190-100LR ұшағы жаңа және қауіпсіздік рекорды жоғары деп есептеледі. Мұндай ұшақтарды пайдалану кезінде көп адам қаза тапқан екі ғана жағдай болды. Олардың екеуі де техникалық ақауға байланысты емес, экипаждың әрекетінен туындаған.
Әзірбайжан әуе жолдарының баспасөз қызметі ТАСС агенттігіне құлаған ұшақтың 2013 жылы шығарылғанын мәлімдеді. Ол соңғы рет 2024 жылдың қазан айында толық техникалық байқаудан өткенін хабарлады.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақтың құлағаны туралы хабарлаған едік. Ұшақта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың тізімінде қазақстандықтар жоқ.