"Мұнай бағасына байланған валюталардан аулақ болған жөн": Қаржыгерлер 2025 жылы ақша жинауға болмайтын валюталарды атады
Отандық қаржы мамандары 2025 жылы қазақстандықтарға қандай валютада ақша сақтау қауіпті екенін айтты. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, ақшаны теңгемен жинауға болады. Алайда оның да жолдары мен тәсілдері бар. Ал қаржыгер Арман Бейсембаев қаражаттың қалай және қайда жиналуы оның сомасына байланысты дейді. Қаржы саласының мамандары Stan.kz тілшісімен инвестицияға қатысты кеңесін бөлісті.
Фото: Жасанды интеллект
Қандай валютада сақтау керек?
Арман Бейсембаевтың айтуынша, “ақшаны қандай валютада жинау керек” деп бас ауыртпастан бұрын, әуелі ақша жинаудағы мақсатыңыз бен оны жинау мерзімін анықтап алу керек.
“Ақшаны қандай валютада сақтау тиімді деген сұраққа жауап бермес бұрын, бірінші қолыңызда бар соманы және қандай мақсатта ақша жинап жатқаныңызды айқындап алғаныңыз жөн. Ақша жинауда белгілі бір мақсат болу керек. Мысалы, оқуға, көлік немесе үй алуға жинауыңыз мүмкін. Сондай-ақ қолыңызда бар алғашқы жарнаның да сомасы маңызды. Егер сіздің жинаған ақшаңыз болмаса және іс бастау үшін енді ғана жинай бастасаңыз кішкентай сомадан бастайтыныңыз белгілі. Жалпы алғанда, қазіргі пайыздық мөлшерлемені ескерсек, банктік (теңге) депозитке балама жоқ. Яғни, жинаған алғашқы жарнаңыз бұл – банктік (теңге) депозит. Мұнда таңдайтындай нұсқа жоқ. Егер 10 миллионға дейінгі сомада ақша жинасаңыз, онда теңгемен жинауға кеңес беремін. Егер одан да көп жинағыңыз келсе, қаржы жинаудағы мақсатыңызды, оны жинау мерзімін анықтап алған абзал”, – дейді Арман Бейсембаев.
Экономист қазақстандықтарға жинақты түрлі валютада және әртүрлі кейіпте сақтауға кеңес береді.
“Мысалы, қартайғанда ақшасыз қалмас үшін ақша жинап, оны инфляциядан қорғау керек делік. Яғни, сіз бұл соманы шамамен 10 жыл бойы жинайсыз. Ақша сіз зейнетке шыққанда жиналу керек. Мұндай жағдайда тек бір валютамен ғана шектеліп қалмай, кең ауқымды идентификациялық портфель жасау керек. Сонда ғана ақшаны доллар, еуро, алтын, тіпті облигация және акция түрінде сақтауды қарастыруға болады. Егер сіздің шетелеге қатысты жоспарыңыз болса, әлбетте доллармен жинағаныңыз дұрыс. Мен негізі ақшаны тек бір жерде сақтауға қарсымын. Әрине, содан бастауға болады. Бірақ одан кейін бір орында тоқтап қалуға болмайды. Біліміңді арттыру керек, біліктілігің мен дағдыңды ұштау керек. Кейін жиналған ақшаны басқа қай жерге салуға болатынын ойластыру керек”, – дейді қаржыгер.
Қай салаға ақша салмаған/сақтамаған дұрыс?
“Қаржы саласында “ақша сақтауға болмайтын жер” деген ұғым жоқ. Десе де, дәл қазіргі жағдайда әзірге криптовалютаға ақша салғанда абай болуға кеңес беремін. Өйткені криптовалюта – әлі тұрақталмаған, институцияланбаған, былығы көп нарық. Бостандық құқығы сақтала бермейді. Сол себепті криптовалютаға келгенде аса мұқият болу керек. Бірақ тыйым салмаймын. Болады, әрине, егер криптовалютадан хабарыңыз болса”, – деген кеңес берді Арман Бейсембаев.
Қандай инвестиция болса да, бір нәрсені есте сақтаңыз. Ешқашақ инвестицияға соңғы ақшаңызды салмаңыз. Артық жарнаңыз болса ғана инвестицияға құйыңыз. Өйткені қандай жағдай болмасын, ақшаңызды жоғалтып алу қаупі болады. Тіпті ақшадан айырылып қалған жағдайда бір тиынсыз қалып қалмауыңыз керек.
Доллар қаншаға дейін көтеріледі?
Қаржыгер 2025 жылы доллар бағамы қаншаға көтерілетінін нақты болжау қиын дейді. Бірақ ол бір доллардың бағасы 500 теңгеден түспейтініне сенімді.
“Келесі жылдың соңына дейін бір доллар минимум 550 теңге болады деп ойлаймын. Бірақ 500-ден түспейді, бұған сенімдімін. Қазір 525 деген нақты деңгей қалыптасты. Доллар бағамының 525 теңгеден асып кетуі биліктегілер мен қаржы саласындағы көшбасшылар үшін тиімсіз. Нарық қозғалысы бірізділікке тәуелді емес. Сондықтан алдағы уақытта теңге бекуі мүмкін немесе құлдырайды”, – дейді маман.
Теңгені қолда ұстамай, депозитке салу керек
Ал экономист Айбар Олжаев алдағы уақытта ресейлік рубльден алыс болған жөн дейді. Өйткені санкциялар жалғаса береді.
“Сириядағы өзгерістер міндетті түрде әлемдегі экономикалық картаға әсер етеді. Сондай-ақ мұнай бағасына байланған валюталармен ақша жинамаған абзал. Орталық валюталарға, оның ішінде долларға, еуроға сенуге болады. Егер теңге тұрақтанады деп сенсек, қазір жоғарғы базалы ставканы пайдаланып, депозит ашуға болады. Онда теңгенің құнсыздануынан 1-2 пайыз жоғары өсім алуыңыз мүмкін. Сондықтан теңгені де қарастыруға болады. Теңгені жай қолда ұстамай, оны депозитке салып, оның үстінен өсімақысын ала отырып, ауытқуларын, девальвацияларын озып отыратындай болу керек”, – дейді қаржыгер.
Осы тұста экономист қазақстандықтарға ақшаны сенімді әрі тиімді сақтау үшін мультиактивті себетті пайдалануға кеңес береді. Яғни, қолда бар қаржыны әртүрлі активке салған дұрыс дейді.
“Оның ішінде алтын, түрлі валюталар болуы керек. Цифрлық активтерді де қарастыруға болады. Сол кезде адамдардың кез келген жинағы сақталады. Бір жинағының салмағы түссе, екіншісінің бағасы көтерілді”, – дейді Айбар Олжаев.
Доллардың өскені немесе құлағаны емес, оның тұрақталуы маңызды
Қаржыгер маман 2025 жылғы доллар бағамына қатысты болжам жасады.
“Келесі жылы доллар тұрақтап, орнығады деп сенеміз. Бізге доллардың өскені немесе құлағаны емес, оның теңгеге қатысты тұрақтылық тапқаны маңызды. Өйткені доллар курсының секіріп, ауысып тұруы біздің нарықта сенімсіздік аурасы мен паника туғызады. Егер доллар 530-540-қа тоқтаса, ел экономикасы мен қазақстандықтар үшін жақсы болар еді. 2025 жылы доллар курсы 500 теңгеден жоғары болары сөзсіз. 500 теңгеден түседі деп ойламаймын”, – дейді экономист.