2025 жылы айыппұлдар, утильдік алым мөлшері мен автокөлікті тіркеу бағасы қаншалықты өседі
2025 жылы бір АЕК 3 932 теңгені құрайды. АЕК құны осылайша 240 теңгеге артпақ. Демек сәйкесінше, келер жылы құқық бұзған жағдайда жүргізушілер мен автокөлік иелеріне, жаяу жүргіншілерге, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға салынатын айыппұлдардың мөлшері де артады. Олай болса, 2025 жылы айппұлдар, утильдік алым мөлшері мен автокөлікті тіркеу бағасы қандай болады? Шолу жасап көрейік!
Фото: pixabay.com
Жол қозғалысын бұзғандар үшін айыппұлдардың мөлшері қандай
Ең танымал айыппұлдардың бірі — жылдамдықты талап етілген мөлшерден асырғандарға арналған. Енді жылдамдықты:
- 10-нан 20 км/сағатқа дейін арттырғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге);
- 20-дан 40 км/сағатқа дейінге – 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады;
- ал 40 км/сағат – 20 АЕК (78 640 теңге) дейін өседі;
- бір жыл ішінде қайталап бұзғандарға айыппұл 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін артады;
Қауіпсіздік белбеуін тақпау, шлемсіз жүру, сондай-ақ аялдама мен тұрақ ережелерін бұзғаны үшін де осындай айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар:
- құжатсыз көлік жүргізу 78 640 теңге;
- Ал көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе 50 АЕК 196 000 теңге;
- Қызыл жарықтан өтіп кеткендер 39 320 теңге айыппұл салынады.
- Ал бұларды қайталап бұзғандар 15 АЕК-ті (58 980 теңгені) өтейді.
Одан бөлек, егер жүргізуші жолда рұқсат етілмеген жерден өтсе, оған 7 864 теңге айыппұл қарастырылған. Ал осы әрекетті тағы қайталаса бұл баға 39 320 теңгеге дейін өседі.
Қоғамдық көлікте жол ақысын төлемегендерге айыппұл қазір 2 АЕК-ті (7 864 теңгені) құрайды. Ал жолды кесіп өтетіндерге 7 864 теңге айыппұл салынады. Бұл әрекетті тағы да қайталағандар 39 320 теңге төлейді.
Қоғамдық орындарда құқық бұзғандар қанша айыппұл арқалайды?
- Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл – 3 мың АЕК (11 796 000 теңге);
- Медицина және фармацевтика қызметкерлерін құрметтемегендерге – 30 АЕК (117 960 теңге);
- Дәрігерлер мен мұғалімдерді қорлағандарға – 10 АЕК (39 320 теңге);
- Қоғамдық орында балағат сөздер айтқандарға – 20 АЕК (78 640 теңге);
- Қоғамдық орында түкіріп, қоқыс тастағандарға – 5 АЕК (19 660 теңге). Бір жыл ішінде бұл әрекетті қайталаса 10 АЕК-ке дейін екі есе артады;
- Түнгі уақытта 22:00-ден кейін шу шығарғандарға – 5 АЕК (19 660 теңге);
- Баласы үлкендердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында 22:00-ден кейін жүрсе, ата-аналарға 3 АЕК (11 796 теңге) айыппұл салынады. Бұл бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл 7 АЕК-ке (27 524 теңге) дейін ұлғаяды.
Утильдік алым мөлшері қаншаға өседі
Биыл утильдік алым мәселесі аз көтерілмеді. Қоғам белсенділері оны алып тастауды ұсынды, ал қазақстандықтар петиция жасап 50 мың қол жинады. Дегенмен соған қарамастан келер жылы утильдік алым үшін ақы төлеу жалғаса береді. Оның құны АЕК-ке байланысты қойылуда.
Бұл ретте утиль алымының базалық мөлшерлемесі 50 АЕК-ке (184 600 теңгеден 196 600 теңгеге) дейін көтеріледі.
Қолданылатын коэффициенттерді ескере отырып, мотор көлемі 1000 текше см-ге дейінгі жеңіл автокөлікті әкелгені үшін ең төменгі төлем 294 900 теңгеге тең болады.
Моторы 2000 текше см — ге дейінгі машиналар үшін 688 100 теңге, 3000 текше см-ге дейін 983 000 теңге. Көлемі 3 литрден асатын болса, 2 260 900 теңгеге жетеді. Бұған дейін бұл баға 2 122 900 теңге болатын.
Автокөлікті есепке алу құны қалай өседі?
Жаңа және пайдаланылған автокөліктерді есепке қою құны да АЕК-пен бірге өсті. Көлікті әкелгендер мен Қазақстанда сатып алғандар енді оны есепке алу үшін де біраз шығындалмақ. Себебі автокөлікті бастапқы тіркегені үшін ең төменгі алым мөлшерлемесі 923 теңгеден 983 теңгеге дейін көтерілді.
3 жылға дейінгі көліктерді есепке қою (50 АЕК) 184 600 теңгеден 196 600 теңгеге дейін өседі. Ал 3 жылдан асқан бастапқы автомобильдер үшін (500 АЕК) 100 мың теңгеден басталып, 1 846 000 теңгеден 1 966 000 теңгеге дейін көтеріледі.
Бұл төлемге қозғалтқыштың көлемі, электромобиль немесе гибридтің болуы әсер етпейді. Өндірушінің шығарылған күні бойынша бір жылға ғана төленеді.
Одан бөлек, елімізде ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильдер үшін де көлік салығы АЕК-тің өсуіне байланысты қымбаттайды.
Еске салсақ бұған дейін Қазақстанның 2025 жылы қорғаныс, денсаулық сақтау мен білім беруге қанша қаражат бөлетінін талдап көрсеткен едік.