Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Корея Парламенті президент Юн Сок Ёльге ақырында импичмент жариялады

Оңтүстік Корея Парламенті президентке импичмент жариялауды қолдады. Өткен аптада Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізуге тырысып, бұл әрекеті сәтсіз аяқталған болатын. Уақытша президент міндетін елдің премьер-министрі Хан Док Су атқаратын болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Chung Sung-Jun / Getty Images

Бұл импичмент жариялауға жасалған екінші әрекет. 7 желтоқсанда "Азаматтық күш" билеуші партиясы дауыс беруді бойкоттаған еді. Қазір бұл партияның 204 депутаты импичментті қолдап дауыс беріп отыр.

Президент міндетін уақытша атқарушы Хан Док Су қалыптасқан дағдарысты жағдайда саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді.

Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс желтоқсан айының басында басталды. Президент Юн Сок Ёль күтпеген жерден әскери жағдай енгізілетінін жариялап (1979 жылдан бері алғаш рет) және оны КХДР-дан келетін қауіп-қатер мен "коммунистік күштерден" конституциялық тәртіпті қорғау үшін қажет шара деп атаған болатын.

Әскери жағдай саяси қызметтің, соның ішінде парламент пен саяси партиялардың жұмысын толығымен тоқтатуды көздеді.

Әскери жағдай жарияланғаннан кейін бірден парламентке 190 депутат кіріп, президенттің шешімін тоқтатып тастады. Юн Сок Ёль алты сағат өткен соң әскери жағдай туралы шешімін жоюға мәжбүр болды.

Енді президентке не болады?

Енді Конституциялық сот шешім шығарады. Сот импичментті қабылдау немесе Юн Сок Ёльді қызметіне қайтару туралы шешім қабылдауы керек. Бұл мәселені қарау алты айға дейін созылуы мүмкін. Егер Конституциялық сот президентті қызметінен шеттету туралы шешімді растаса, елде мерзімінен тыс сайлау өтеді.

Соттың шешімі шыққанға дейін президент міндетін Оңтүстік Корея премьер-министрі Хан Док Су атқарады.

Алайда президенттің күрессіз кетпейтіні қазірдің өзінде анық.

"Қазіргі сәтте үзіліс жасауға мәжбүр болсам да, халықпен бірге болашаққа қарай жүріп өткен жолым аяқталмауы тиіс. Мен ешқашан берілмеймін", — деді Юн Сок Ёль импичмент жарияланған сенбі күні.

Ол әскери жағдай енгізуге жасалған әрекетін қате қадам деп санамайтынын бірнеше рет мәлімдеп, бүлік жасады деген айыптауларды жоққа шығарды.

Отставкаға кету туралы шақыруларға құлақ аспайтынын айтып, соңына дейін күресуге уәде берді және оппозицияны "импичменттерді өз пайдасына асыра пайдаланып жатыр" деп айыптады.

Фото: Reuters/Scanpix

Импичмент мәселесі бойынша парламент отырысы кезінде президент Юнды қызметінен шеттетуді қолдайтын жүздеген адам ғимарат алдына жиналды.

"Мұны жасаған сіздерсіздер. Сіздер жаңа тарих жазып жатырсыздар", — деп жиналғандарға оппозициялық Демократиялық партияның көшбасшысы Ли Джэ Мён үндеу жасады.

"Мен өте толқып тұрмын. Корея Республикасында халықтың күші бар екеніне және демократияның тірі екеніне сенгім келеді", — деді митингке қатысушылардың бірі журналистерге.

Юн Сок Ёльді қолдайтын жақтастары да сенбі күні Сеул көшелеріне шықты, алайда куәгерлердің айтуынша, олар импичмент туралы жаңалықтан кейін бірден тараған.

Юн Сок Ёль — импичментке ұшыраған екінші қатардағы консерватор-президент. 2016 жылы дәл осындай жағдаймен Оңтүстік Корея тарихындағы алғашқы әйел президент Пак Кын Хе де қызметінен айырылған болатын.

2017 жылы ол импичмент процесі барысында анықталған сыбайлас жемқорлық, билікті теріс пайдалану және бизнеске заңсыз қысым көрсету айыптары бойынша қамауға алынды.

Талқылау