Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореядағы саяси текетірес, Сириядағы қарулы қақтығыстардың жандануы, Франция үкіметінің отставкасы: Әлемде не болып жатыр

Осы апта Оңтүстік Кореядағы ішкі саяси текетірес әлем назарында болды. Ел президенті Юн Сок Ел шұғыл мәлімдеме жасап, елде төтенше әскери жағдай енгізді. Артынша парламент өкілдері шешімді жоққа шығаруға дауыс берген. Енді Юн Сок Елге импичмент жариялануы мүкмін. Францияда бір жылдың ішіндегі үшінші үкімет отставкаға кетті. Өзара келіспеушіліктердің нәтижесінде 5 қыркүйекте билікке кіріскен Барнье қызметінен бас тартқан. Ал Сирияда қарулы қақтығыстар қайта жанданды. Stan.kz әлемде болып жатқан маңызды саяси оқиғаларға апталық шолу ұсынады.

Оңтүстік Кореяда төтенше әскери жағдайдың енгізілуі

3 желтоқсан күні Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ел шұғыл мәлімдеме жасап, елде төтенше әскери жағдай енгізілгенін хабарлады. Ел президент мұны "коммунистік күштерден" және КХДР төнетін қауіптерден қорғаудың маңызды шарасы деп атады. Сонымен қатар ол “мемлекетке қарсы күштерді” жою қажеттігін алға тартқан.

Фото: Reuters

Артынша Юн Сок Ел оппозицияның мемлекет жұмысын тоқтатып, жоғары лауазымды шенеуніктерге, соның ішінде ішкі істер министрі мен қорғаныс министріне импичмент жариялауға тырысып жатқанын түсіндірді.

Төтенше әскери жағдайды жүзеге асыруға құрлық әскерлер штабының бастығы генерал Пак Ан Су тағайындалды. Құжатқа сәйкес, барлық саяси әрекеттерге, соның ішінде парламент жұмысына, митингтер мен ереуілдерге тыйым салынды. Соғыс жағдайы кезінде "жалған ақпарат таратуға, қоғамдық пікірді манипуляциялауға және жалған үгіт-насихат жасауға" тыйым салынды.

Фото: Reuters

Соғыс жағдайының енгізілуі күтпеген жағдай болды, Сеулде азаматтар мен әскерилер арасында қақтығыстар орын алып, қауіпсіздік күштері парламент ғимаратына кірді.

Шектеулерге қарамастан депутаттар да парламентке жиналып үлгерген. Парламенттегі 300 депутаттың 190-ы соғыс жағдайын тоқтатуды талап ететін қарарды қолдап дауыс берген. Заң бойынша соғыс жағдайын алып тастау үшін 151 депутаттың дауысы жеткілікті. Нәтижесінде жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында әскерилер парламерт ғимаратынан шыға бастаған. Артынша Оңтүстік Корея президенті соғыс жағдайын жариялау жарлығының күшін жойды.

Оңтүстік Корея президентіне импичмент жариялана ма?

Фото: Getty Images

Депутаттар президенттің өз еркімен немесе импичмент арқылы отставкаға кетуі туралы мәселені көтерді.

Оңтүстік Корея парламенті 6-7 желтоқсан күні президентке импичмент жариялау бойынша дауыс беру өтетінін мәлімдеді.

Оқиғалардың артынан елдің қорғаныс министрі Ким Ен Хен қызметінен кететіні белгілі болды. Ол президентке отставкаға кету туралы өтініш берді, сондай-ақ әскери жағдайды енгізу жауапкершілігін өз мойнына алып, азаматтардан кешірім сұрады. Кейінірек әскери жағдай енгізу әрекетінде ел президенті Юн Сок Елге көмектескені үшін үш әскери шенеуніктің қызметінен шеттетілгені хабарланды.

Оңтүстік Кореядағы билеуші ​​"Халық күші" партиясының жетекшісі Хан Дон Хун президент Юн Сок Елдың өкілеттігін тоқтату туралы бастаманы қолдады.

Ол парламенттік палатасының отырысында сөйлеген сөзінде 3 желтоқсанда әскери жағдай жарияланған күні президент қорғанысқа қарсы барлау қолбасшысына негізгі саясаткерлерді қамауға алуды бұйырғанын, оларды "мемлекетке қарсы" деп айыптағанын алға тартты. 

Саяси дағдарысқа не себеп болды?

Оңтүстік Кореядағы 2022 жылғы президенттік сайлауда консервативті Халықтық билік партиясының өкілі Юн Сок Ел 48,56% дауыс жинап, жеңіске жетті. Дегенмен оның сайлау науқаны жанжалға толы болды. Осыған қарамастан Юн Сок Ел консервативті сайлаушылардың қолдауына ие болып, елдің президенті болып сайланды.

Уақыт өте келе президент халықтың қолдауын жоғалтқан. Оған қатысты мемлекеттің ақшасын жымқырды деген айып тағылып, бірнеше рет осы мәселе бойынша басы дауға қалды. Тіпті парламент бұл даулардан кейін министрлер кабинетінің мүшелеріне, мемлекеттік аудит агенттігінің басшысына импичмент жариялауға тырысқан. 

Фото: Getty Images

Оған қоса биыл көктемде Оңтүстік Кореяда өткен парламенттік сайлауда Демократиялық партия Ұлттық жиналыста 170-тен астам орынға ие болды, ал оппозициялық партиялар бірігіп парламенттегі 192 орынға ие болды.

Президенттің "Халық күші" партиясы сайлауда жеңіліске ұшырағандықтан, бұл партияның жетекшісі Хан Дон Хун мен елдің премьер-министрі Хан Деок Су отставкаға кетті.

Президент Юн Сок Ел билікте қалғанымен өзі қалаған заңдарды қабылдай алмайтын болды. Заңдарды парламентте басымдыққа ие оппозиция өкілдері қабылдаған. Ал президент тек қана вето қоюға мүмкіндігіне ие.

Сарапшылардың пікірінше Оңтүстік Корея президенті төтенше әскери жағдайды өзіне импичмент жарияланбауы үшін енгізген болуы мүмкін.

Оңтүстік Корея полициясы мен прокуратурасы президентке қатысты тергеу бастады

Оңтүстік Кореяның полициясы мен прокуратурасы президент Юн Сок Елдың төтенше әскери жағдай жариялауына байланысты тергеу топтарын құрды.

Полиция Юн Сок Ел мен басқаларды елге соғыс жағдайын енгізуге және кейіннен алып тастауға байланысты мемлекетке опасыздық жасады, бүлік шығару және билікті асыра пайдаланды деп айыптаған төрт шағымды қарау үшін шамамен 120 адамнан тұратын арнайы тергеу тобын құрды.

Прокуратура сондай-ақ осындай шағымдарды тексеру үшін Сеул Жоғарғы прокуратурасының басшысы Пак Се Хен басқаратын арнайы штаб құратынын хабарлады.

Франция үкіметінің отставкасы

Фото: Gettyimages.ru

Франция Ұлттық жиналысының мүшелері премьер-министр Мишель Барнье үкіметіне сенімсіздік вотумын басым дауыспен қолдады. Бұл шешімді 331 депутат қолдаған.

5 желтоқсанда Франция президенті Эммануэль Макрон премьер-министрі Мишель Барньеға отставкаға кету туралы өтініш қабылдап, үкіметті отставкаға жіберді.

Осылайша, Францияда биыл үшінші рет үкімет отставкаға кетті. Қаңтарда Элизабет Борн отставкаға кеткен болатын. Ал шілдеде Габриэль Аттал отставкаға кетті.

Барнье Францияның ең аз қызмет атқарған премьер-министрі атанды, ол небәрі 90 күн қызметте болған.

Соңғы күндері Эммануэль Макронның отставкаға кетуін сұрағандар көбейген. Алайда Макрон отставкаға кетуге ниетті емес екенін және 2027 жылы президенттігі аяқталғанға дейін елге қызмет ететінін мәлімдеді.

Министрлер кабинетіне неге сенімсіздік көрсетілді?

Фото: Getty Images

5 қыркүйекте билікке кіріскен 73 жастағы Барньеге еуроаймаққа қауіп төндіретін саяси мәселелерді шешеді деген үміт артылған. Барнье төрт рет министр, екі рет еурокомиссар қызметін атқарған.

Барнье үкіметіне деген сенімсіздік 2025 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде туындаған. ЖІӨ-нің 6,1%-ына жеткен бюджет тапшылығын азайту, еуропалық 3%-дық норманы екі есе арттыру үшін үкімет шығындарды 40 млрд еуроға қысқартуды, сондай-ақ ірі корпорациялар мен ауқатты француздарға салықты көтеруді ұсынды. Жалпы алғанда, бұл бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің шамамен 2% қысқартуы мүмкін.

Үкіметтің кейбір бастамаларын солшыл "Жаңа халықтық майдан" партиясы қабылдамады. Олар Барньенің кабинетін сынға алып, қазан айында оған сенімсіздік вотумын жариялауға тырысқан. Алайда бұл әрекеттер сәтсіз аяқталды. Оңшыл Ұлттық ралли партиясының қолдауының арқасында Барнье сол кезде "Халықтық майданға” қарсы тұра алған. Дегенмен, қазір Ұлттық ралли партиясы премьер-министрге ультиматум қойды. Олар үкіметтен әлеуметтік шығындарды арттыруды талап етті.

Енді Францияны тағы да уақытша үкімет басқаратын болады. Конституцияға сәйкес, президент кезектен тыс парламенттік сайлауды соңғы сайлаудан бір жылдан кейін, яғни келесі шілдеде ғана тағайындай алады.

Грузияда наразылыққа шыққандар парламент ғимаратын өртеп жіберді

Фото: Ашық дерекеөзден алынды

Тбилисидегі наразылық білдірушілер парламент ғимаратын өртеп жіберді.

Ереуілшілер парламент ғимаратына қарай бірнеше сағат бойы петардалар лақтырып, отшашулар атқан. Салдарынан ғимаратта өрт шықты.

Бұған дейін шерушілердің Молотов коктейльін қолданғаны белгілі болған еді. Бейсенбі және жұма күндері Тбилиси мен елдің басқа қалаларында өткен шерулерге бірнеше мың адам қатысты. Полицияның айтуынша, олардың әрекеті жиналыстар мен шерулер өткізу ережелерін белгілейтін заң шеңберінен шығып кеткен.

Еске салсақ, Грузияда наразылық шерулері 28 қарашада елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Брюссельмен Еуропалық Одаққа қосылу туралы келіссөздерді тоқтатқанын жариялағаннан кейін басталды. Шерушілерге республика президенті Саломе Зурабишвили де қосылды.

Грузия президенті Зурабишвили: Мен сіздермен қаламын

Фото: 1tv.ge

Грузия президенті Зурабишвили теледидар арқылы сөйлеген сөзінде елде заңды парламент болмағандықтан, өз өкілеттіктерін жаңа президентке бере алмайтынын айтты.

Оппозиция өкілдері сияқты Зурабишвили де қазан айында өткен сайлаудағы "Грузин арманы" партиясының жеңісін мойындамайды. Оппозициялық партиялар жаңа парламентке бойкот жариялап, үкіметті жаппай алаяқтық жасады деп айыптауда. Ал билік дауыс беру барлық демократиялық процедураларды сақтай отырып өтті деп сендіреді.

"Легитимді парламент болмағандықтан, заңсыз парламент жаңа президентті сайлай алмайды. Менің мандатым заңды түрде сайланған парламент құрылғанға дейін жалғасады. Бірақ мен сіздермен біргемін", – деді Зурабишвили.

Жұма күні Тбилисидегі Руставели даңғылында Грузияның еуроинтеграциясына қарсы өткен шеру аяқталды.

Грузияның ішкі істер министрлігі шерулер кезінде зорлық-зомбылық жасағаны үшін бес адамның ұсталғанын хабарлады.

Сирияда қарулы қақтығыстар қайта жанданды

Фото: Getty Images

Сирияның қарулы топтары үкіметтік күштерге қарсы ұзақ жылдардан бергі ең ірі шабуылын бастады. "Хайят Тахрир аш-Шам" жетекшілік ететін оппозициялық топтардың бұл әрекеті аймақтағы тұрақсыздықты арттырды.

Башар Асад режиміне қарсы көтерілісшілер ірі жеңістерге жетуде. Олар Алеппо мен Хама қалаларын, сондай-ақ маңайдағы бірнеше маңызды әскери базаларды өз бақылауына алды. Хама қаласын басып алған соң, көтерілісшілер Хомсқа қарай жылжуды жоспарлап отыр. Бұл қалалар Дамаск пен Асад режимінің тірегі саналатын жағалаулық аймақтарға жол ашатын стратегиялық нүктелер.

Сирия армиясы Алеппо мен Идлибтегі позицияларын қайтару үшін жедел қарымта шабуыл ұйымдастырды. Ресейлік авиацияның қолдауымен Атариб, Дарат-Изза және басқа аудандарда ауқымды әуе соққылары жасалды. Сириялық телеарналар соңғы үш күн ішінде үкіметтің мыңға жуық содырдың көзін жойғанын хабарлады. Сонымен қатар, Алеппо қаласындағы шайқастарда Ирандық бригада генералы Киумар Пурхашеми қаза тапты, ал Иран консульдығы шабуылға ұшырады.

Көтерілісшілер ресейлік өндірістегі "МиГ-23” ұшақтары, "Смерч” дүркін атыс жүйелері, "Панцирь-С1” зениттік кешендері, Т-90А және Т-72М танктері сынды көптеген техниканы қолға түсірді. Сонымен қатар, олар түрмелерден тұтқындарды босатып, бейбіт тұрғындарды азат етуде.

Көтерілісшілердің басшысы Әбу Мұхаммад әл-Голани Сирияны діни мемлекетке айналдырмауға, мәдени және діни азшылықтарды қорғауға уәде етті. Олар басып алынған қалаларда тәртіп орнатып, бейбіт тұрғындардың жағдайын жақсартуға тырысуда. 

Егер Хомс құласа, Асад режимінің құлдырауы сөзсіз. Бұл Сириядағы биліктің ауысуына және мүмкін азаматтық соғыстың тоқтауына әкелуі ықтимал. Алайда, жаңа биліктің қандай сипатта болатыны және оның елді қалай өзгертетіні белгісіз күйде қалуда.

Хомс тұрғындары қаладан қашып жатыр

Фото: Ашық дереккөзден алынды 

Сирияның үшінші үлкен қаласы Хомстан он мыңдаған адам көтерілісшілер жақындап қалды деген хабардан қорқып, қашып жатыр.

Хомс – Дамаскті Жерорта теңізі жағалауындағы негізінен алавиттер тұратын аудандармен байланыстыратын стратегиялық маңызды қала.

Әлем елдерінің реакциясы қандай болды?

Иран шабуылдарды АҚШ пен Израильдің "аймақтағы тұрақсыздық тудыру әрекеті" деп сипаттады. Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі бұл оқиғаларды келісімдерді өрескел бұзу деп атады. Иран тарапынан Сирияға әскери қолдау көрсету және өңірдегі терроризмнің таралуына жол бермеу үшін батыл шаралар қабылдау туралы мәлімдеме жасалды.

Ресей мен Иран Сирияны қолдауға және қосымша әскери көмек көрсетуге уәде берді. Ресейдің жаңа әскери техникасы Хмеймим әуе базасына жеткізілді. Сонымен қатар, Иран қолдаған Ирак қарулы топтары Сириямен шекараны кесіп өтіп, үкіметтік күштерге қосылды. Түркия оппозиция бақылауындағы аймақтарға үкімет әскерінің шабуылдарын тоқтату үшін шектеулі көтерілісшілер шабуылын жоспарлағанын хабарлады. Алайда, бұл әрекет үкіметтің шегінуімен бірге күшейе түсті.

Сарапшылардың пікірінше, содырлардың жылдам алға жылжуының басты себебі — Сирия-Иран одағы мен Хезболланың"аймақтағы израильдік шабуылдардың әлсіреуі. Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіс те ушығуы мүмкін. Әуе кеңістігін бақылап отырған Асад режимі көтерілісшілер басып алған аумақтарды қайтарып ала ала ма, жоқ па — ол жағы белгісіз.

АҚШ Тайваньға қару-жарақ сатпақ

Фото: taiwantoday.tw

АҚШ үкіметі Тайваньға шамамен 385 миллион долларға қару сату туралы шешім қабылдады.

Қаруларға F-16 жойғыш ұшақтары мен радар жүйелеріне арналған қосалқы бөлшектер кіреді, дейді Вашингтон.

Тайвань сыртқы істер министрлігі бұл АҚШ президенті Джо Байденнің билігі тұсындағы он сегізінші қару-жарақ алмасу болатынын мәлімдеді.

Қытай Тайвань төңірегінде ауқымды әскери жаттығулар өткізу арқылы қысымды күшейтуде. Осыған байланысты Тайвань сыртқы істер министрлігі өзін-өзі қорғауға дайын екенін және АҚШ-пен қауіпсіздік саласындағы тығыз серіктестігін тереңдетуді жалғастыратынын айтты.

Трамп доллардан бас тартқысы келген БРИКС елдеріне ескерту жасады

Коллаж Stan.kz

Дональд Трамп БРИКС ұйымына мүше елдерге АҚШ долларынан бас тарту немесе жаңа валюта енгізу әрекеттері үшін қатаң экономикалық шаралар қолданатынын ескертті. Бұрынғы АҚШ президенті бұл мәлімдемені өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялап, БРИКС елдерін доллардың орнына жаңа валюта пайдаланудан бас тартуға міндеттейтінін мәлімдеді.

"БРИКС елдері доллардан бас тартуға тырысады деген идеяның соңы келді. Біз бұл елдерден жаңа БРИКС валютасын құрмайтындығы және АҚШ долларын алмастыру үшін басқа валютаны қолдамайтындығы туралы міндеттеме талап етеміз. Әйтпесе, олар 100 пайыздық баж салығына тап болады", — деп жазды Трамп.

БРИКС — ірі халықаралық бірлестік. Оның құрамына алғашында Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка кірді. Ұйым 2023 жылдың 24 тамызында жаңа мүшелерді қабылдады. Осыдан кейін оның қатарына Иран, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Мысыр, Эфиопия және Сауд Арабиясы қосылды. Жаңа елдердің қосылуы БРИКС-тің әлемдік экономикадағы және халықаралық саясаттағы ықпалын едәуір арттырды.

Трамптың бұл мәлімдемесі әлемдік экономиканың жаңа бағыттары мен геосаяси өзгерістер аясында БРИКС пен АҚШ арасындағы шиеленісті күшейтетін маңызды фактор ретінде қарастырылуда. БРИКС-тің доллардан бас тарту әрекеті АҚШ экономикасына тікелей қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан Трамп мұндай қадамдарға қатаң қарсылық білдіретінін мәлімдеді.

Талқылау