Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ортақ келісімге келдік": Тоқаев Путинмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: t.me/aqorda_resmi

Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.

“Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау”, – деді Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. 


Ту ұстаған балалар мен құрмет қарауылы: Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді


“Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз”, – деді Қазақстан президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Еске салсақ, бұған дейін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізгені туралы жазған едік. 

Талқылау