Депутат Тараз бен Шуда жылу желілерінің тозығы жеткенін айтып дабыл қақты
Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы жылу желілерінің қатты тозғанын, жаңа құрылыс жобалары үшін электр энергиясының жетіспейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Сенатордың айтуынша, Тараздағы желілердің тозуы 63,8%, ал Шу — 35% құрайды. Бұл жылудың жоқтығына және шығындардың өсуіне әкеледі.
"Осы мәселелерді шешу үшін Таразда жалпы ұзындығы 38 км болатын 16 магистральдық желілерді қайта жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаны іске асыру үшін 2025 жылы республикалық бюджеттен 23,8 миллиард теңге қажет", – деді Орынбеков.
Сондай-ақ, сенатор М-3 жылу магистралін, Тараздағы "Мыңбұлақ" және "Самал" шағын аудандарындағы жылу желілерін жаңартып, Таразда және Қордай ауданында шағын станциялар салудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өңірдегі өмір сүру жағдайларын жақсартуға және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
"Жамбыл облысында тиісті жобаларды іске асыру үшін 2025 жылы республикалық бюджеттен 15 миллиард теңге бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз", – деп қосты сенатор.