Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар көлігін утилизацияға өткізгені үшін қанша теңге ала алады – Министрлік жауап берді

Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі ескі көліктерді утилизацияға өткізудің жаңартылған ережелерін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: kolesa.kz

Жаңа ережеге сәйкес, керексіз көлік иелерінің екі таңдауы болады:

  • көлікті тасымалдаушыларға сату;
  • өзі жинау орнына тапсыру.

Ол үшін 15 күн ішінде "Жасыл Даму" АҚ порталына өтініш қалдырып, осы мәселе бойынша шешім қабылдауы қажет.  Тасымалдаушылардың баға ұсыныстары акционерлік қоғамның сайтында жарияланады. Егер өтінім беру кезінде ұсыныстар болмаса немесе олар ескі көлік иесіне сәйкес келмесе, ол көлікті қабылдау пунктіне өзі жеткізуі керек.  

Экология министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің мәліметінше, автомобильді тапсырғаны үшін отандық көлікті сатып алуға жеңілдік сертификаты немесе ақшалай сома беріледі. Сертификаттың құнын өнеркәсіп министрлігі ұсынды:

  • жеңіл көлік — 315 мың теңге;
  • микроавтобус — 550 мың теңге;
  • автобус — 750 мың теңге;
  • 12 тоннаға дейінгі жүк көлік — 550 мың теңге;
  • ауыр жүк көліктері — 750 мың теңге;
  • трактор — 560 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін;
  • комбайн — 1.5-2 миллион теңге. 

Көлік қалдықтарын қабылдау 2024 жылдың желтоқсан айының ортасында басталады.

Қағида жарияланғаннан кейін 45 күн ішінде қара металл өңдеуші кәсіпорындардан құрал-жабдықтарды қайта өңдеуге өтінімдер жиналып, мәліметтер базасына тіркеліп, кәсіпкерлерде қажетті құрал-жабдықтардың бар-жоғы тексеріледі. Осыдан кейін ғана көлік иелерінен ескі көліктерді қайтару туралы өтініштер қабылданады.

Талқылау