Өскемендегі танымал спортшының өлімі: Сот күдіктіге қатысты үкімді өзгертті
Өскеменде белгілі спортшы Эльер Юнусметовтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден алынды
Іс Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотта Т есімді азамат “Адам өлтіру” және “Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау" бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар, азамат Г “Аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін” айыпталды.
"Сот анықтағандай, азамат Т спортшы Юнусметовты қасақана өлтіру үшін қысқартылған ТОЗ-63 мылтығымен қаруланып, танысы азамат Г-дан оны қала орталығына жеткізуді сұраған. Азамат Г оны сұраған жеріне жеткізеді. Оқиға орнына жеткеннен кейін күдікті Т Юнусметовке хабарласып, кездесуді Пушкин атындағы кітапхананың жанында өткізуге келіседі. Юнусметов сол жерге келгенде, Т оған екі рет оқ атып, жарақаттардың салдарынан Юнусметов оқиға орнында қаза тапты. Оқиғаға куә болған азамат Г бұл қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабар бермей, керісінше, Т-мен бірге оқиға орнынан қашып кеткен”, – делінген хабарламада.
Сот барысында Т-ның кінәсі оның өзі берген жауаптарымен, куәгерлердің көрсетулерімен, сараптамалық қорытындылармен және бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталды.
Сот шешімі бойынша, Т-ға 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Т-дан қаза болған Юнусметовтің отбасының пайдасына материалдық және моральдық зиян ретінде жалпы сомасы 17 958 440 теңге өндірілді.
Г-ға қатысты бастапқыда бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанымен, апелляциялық сот шешімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, Өскемендегі көшелердің бірінде болған жанжал кезінде қаза тапқан адам танымал спортшы Эльер Юнусметов болып шыққанын жазған едік.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
