Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяғыңа емес, жатырыңа ота жасадым дейді": Түркістан облысында босанғаннан кейін жүре алмай қалған ана дәрігерлердің салғырттығына шағымданды

Түркістан облысы, Мақтарал ауданының тұрғыны 29 жастағы Рабиға Дәулетова дәрігерлердің салғырттығынан екі аяғынан жүре алмай қалғанын жеткізді. Айтуынша, бесінші сәбиін ақ халаттылар толғақ болмаса да, белден эпидуралды екпе салып кесар тілігімен босандырған. Салдарынан кейін келіншектің денсаулығы сыр беріп, жүре алмай қалған. Тұрғын қазір дәретханаға бармақ түгілі сәбиін қолына әрең алатынын айтып, шағымданды. Себебі буындары дәрі салдарынан әлсіреп, жансызданған. Рабиға дәрігерлердің әрекеті мен болған жайтты Stan.kz тілшісіне баяндап берді. 

Фото Рабиға Дәулетовадан 

Рабиға бұған дейін Жетысай аудандық ауруханасында төрт сәбиін босанған. Төртінші жүктілігі кезінде оған бұдан кейін эпидуралды екпені мүлдем салуға болмайтыны ескертілген екен. 

“4ші баламды босанарда 2023 жылы кесер тілігін жасады. Ол кезде белден берген наркоздың әсерінен 24 сағат қуықтан төмен екі аяғым жұмыс істемей қалды. Дегенмен 24 сағаттан соң аяққа тұрып кеттім. Сол кезде анестезиолог “келесіде ескертіңіз, сізге белден екпе салуға болмайды” деген еді. 

2024 жылы жоспарсыз жүкті екенімді білдім. Тігісім жақсы біткен деген соң Алланың берген сыйына қиянат жасап алдыра алмадым. Аман есен босануды ойладым. Маған босану уақытымды шамамен 6 қазанға белгілеген болатын. Алайда 8 қыркүйекте тексерілуге барғанымда “ертең таңертең келіңіз” деді. Келесі күні дәрігер кеңес береді екен десем, олар мені бірден отаға дайындады. Осы кезде мен өзіме екпе салуға болмайтынын айттым. Алайда ешкім тыңдамады. Тіпті алдыңғы жүктілігімде аяғымнан тұра алмай қалғанымды ескертіп, жылап та жеткіздім. Бірақ ешкім мән бермеді”, – деді келіншек. 

Рабиға өзінің ауруханаға толғақсыз сап-сау болып барғанын алға тартты. 

“Кесер тілігінен сон аяққа тұрдым бірақ аяқтарымда бір өзгеріс барын сездім. Тізем бүгіліп кететін болды, заттардан ұстап жүрдім. Қимылсыз көп жатуға тырыстым, мұны әлсіздік деп ойладым. Басым тоқтамай ауыра түсті. Сол ауруханадағы дәрігер наркоздан уақытша қояды деді. Анестезиолог ер адам еді, ештеңе айтқанда жоқ. Наркоздан кейін не болады кеңесін бермеді. Уколын салды да көз алдымда телефонмен ойын ойнап отырды. Ота залында камера болса сөзім расталар еді. Қаншама рет ескерттім бастамас бұрын “сіз өзіңіз айтқансыз, белден салуға болмайды салмаңыз” дедім тыңдамады”, – деп қосты ол. 

“Тіс қайрап қаламыз! Тағы бір босанарың”, деп мені қорқытты...

Рабиға үйге шығаққаннан соң жағдайының ауырлай түскенін тілге тиек етті. Айтуынша тіпті құлап қалған.

“13 қыркүйек күні үйге шықтық. Келесі күні бірден сездім. Бізде ауылдық жерде әжетхана аулада. Соған бара жатып, жетпей құладым. Бөлмеме кіріп тағы құладым тобығымның буыны 3-жерінен шығып кеткен екен. Алайды мен сан және балтыр еттерім ұйып ештеңені сезбедім. Тіпті тобығымның шыққанын да сезбедім. Бірақ аяғымның ісініп көгергенінен байқап, салдырдым.
Кейін кесер тілігін жасаған дәрігерге хабарластым. Өзімде осындай өзгеріс  болып жатқанын айттым. Келіп қарауын өтіндім. Алайда ол маған айқайлай түсті: “жалаңды жаппа, мен сенің аяғыңа емес, жатырыңа ота жасадым. Барда қарал”,- деді. Бұдан соң не істерімді білмей жеке меншік ауруханаларға қаралуды бастадым. Мрт жасап, невропотологқа жүгіндім. Олар “ештеңе жасай алмайсыз бұл кесер тілігінен кейін болып тұр, яғни наркоздың кері әсерінен жұлын жолдарына зақым келген” деді. Дегенмен ине салдырып, магнит алдым, массаж жасатып, емімді жалғастырдым”, – деп қосты келіншек. 

Гаухар осыдан соң Денсаулық сақтау басқармасына арызданған. Содан кейін үйіне аймағына қарасты екі дәрігер келген екен.

“Алайда олар менің денсаулығыма алаңдағаннан емес, арызымды алдыру үшін келіпті. Екі рет келді арызымды алмадым. Үшінші рет келгенде мені қорқытуға көшті. Тіпті ақша ұсынды. Емімді өтеуге қанша алатынымды сұрады. Сонымен бәрін тыныш жабуды меңзеді. “Арызыңды ал, сен жазды екен деп шығара салмайды. Не бір жағдайлар болды. Сенікі бер жағы ғой! Шүкір сәл болсын нәтиже бар. Ол акушер дәрігер ертең зейнетке шығады да кетеді. Ал қалған Жетысай аудандық ауруханасы, Махтарал аудандық ауруханасы сені ұмытпаймыз ғой! Тіс қайрап қаламыз! Әлі бір ұлыңа серік керек. Тағы бір босанарың”, деп мені қорқытты”, – деді Гаухар. 

“Босану залына өз аяғыммен жүріп барғанмын. Қазір төсекке таңылып жатырмын”

Келіншек босанғанына бір айдан асса да сәбиін әлі дұрыстап қолына алып, көтермеген екен. Себебі қол аяғы ұйығандықтан құлатып алуға қорқады. 

“Екі аяғым істемейді, тізем бүгіліп құлап кетем. Біреу сүйемелдемесе жүре алмаймын. Екі көзімнің көруі тіптен нашарлап кетті. 2 метр жерден ары бұлдырап көрмейді. Босану залына өз аяғыммен жүріп барғанмын. Қазір төсекке таңылып жатырмын. Нәрестемді жатып еміземін. Қазір балаларыма ата-енем қарап отыр. Оқуына жібереді, сабағына дайындайды. Жұбайым да көмектеседі. Мен тек жатырмын. Кейде үйдегілерден де ыңғайсыз. Әжетханаға бару үшін де маған көмек қажет. 
Жан айқайымды жеткізіп инстаграм парақшама салдым басынан өткендер кеңес берер, басқаларға сабақ болар деп. Жалғыз емес екенмін кері әсерін көрген қаншама қыз келіншектер мүгедек болып қалыпты. Әсіресе дәл сол анестезиолог және акушердің кесірінен. Жәбір көргендер де жетерлік. Өздерін қорқытып аузын жауып отырған екен. Барлығын дәлелдеп бере аламын, аудио, скриндер бар”, – деді ол. 

Рабиғаның айтуынша, Денсаулық сақтау басқармасына арыз жазған кезінде оларға аурухана өзі толғатып, суы кетіп келді деп жауап берген екен. Тіпті эпидуралка қоюға өзі қол қойғанын айтқан. Алайда келіншек мұның жалған екенін алға тартты.  

“Күнім жетпестен ота жасады. Ал екпеге қол қойғызбай отаға кіргізбейді. Үшінші баламда мені наркозбен түгелдей ұйықтатып тастаған. Ол кезде мен ештеңені сезбей тез жазылып, тұрып кеттім. Төртіншісінде белден салды. Сол кезде қуықтан төмен сезбей қалдым. Алайда 24 сағатан соң өзіме келген болатынмын. Ал осы жолы бір айдан асып кетті әлі жүре алмаймын”, – деп қорытты ол. 

Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасынан пікір сұрады. 

“Дәулетова Рабиға Сәкенқызының арызыңыз бойынша, тексеру жүргізілді. Ол 09.09.2024 жылы сағат 9:30-да Жетісай аудандық орталық ауруханасының перзентхана қабылдау бөліміне келіп түскен. Белі, ішінің төмен тартып ауыруына, су кетуіне байланысты шағымданды. Қойылған диагнозына байланысты кесар тілігі отасы жасалуға ұсынылған. Рабиға Даулетовадан ота жасалуға және анестезияға седация жүргізуге арналған ақпараттандырылған келісім алынған. 09.09.2024 жылы сағат 14:13-те Рабиға Даулетоваға кесар тілігі отасы жасалған. Ота асқынусыз өткен. Кейін ол Жетісай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінде ем шараларын қабылдаған. Күнделікті бақылау күнделігінде Рабиға Даулетованың жағдайы тұрақты болғандығы көрсетілген. 13.09.2024 жылы қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылған”, – деп жауап берді басқарма. 

Алайда басқарма Рабиғаның қазіргі жағдайына байланысты пікір айтпады.

Талқылау