Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамзат үшін атомдық дәуір басталды": Қазақстандық журналист елде АЭС салудың тиімділігін айтты

Бірнеше аптадан бері Қазақстанда күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі атом электр станциясының құрылысы болып отыр. Атом энергетикасы адамзат үшін күнделікті өмірде қажеттілікке айнала ма, неге уран бағасы өсіп жатыр және қазіргі заманғы АЭС қаншалықты қауіпсіз? Осы және басқа да сұрақтарға деректі фильмдер түсіретін қазақстандық журналист Акмарал Баталова жауап іздеді.

Фото: "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

"Егер атом энергиясын адамдарды жоюдың құралы ретінде қарастырса, бұл – электр энергиясының негізгі мәнін электрлі үстел салумен салыстырғандай күлкілі нәрсе. Болашақта атом энергиясы бомба үшін өте аз қолданылады. Тура өлім жазасына мүлдем қолданылмайтын электр құралы сияқты" – деді Кеңес инженері, физик, КСРО Ғылым академиясының академигі және физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица. 

“Қазір әлемдегі шиеленіске қарап, ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі туралы алаңдаушылық артып отырғанда бұл  академиктің сөздері орындалмайтын сияқты көрінеді. Дегенмен көптеген беделді ғалымдардың уақыт өте келе дұрыс айтқанын түсінеміз. Болашақта Петр Капицаның атом энергиясын тек адамдарды жою құралы ретінде қарастыруға болмайтыны туралы пікірі шындыққа айналары сөзсіз. Өйткені жаңа ғылыми ашылулардың әсерінен адамдардың санасы міндетті түрде өзгеріп, атом энергетикасы күнделікті өмірде басым орында болады”, – деді Акмарал Баталова.

Бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Олардың энергиясын қазіргі уақытта жер шарының жартысынан аса халқы алады. Өткен жылдың күзінде Дубайда өткен COP28 климаттық саммитінде мемлекет басшылары мен ядролық компаниялардың жетекшілері атом энергетикасының қуатын әлем бойынша үш есе арттыру қажет екенін мәлімдеді. Себебі бұл атмосфера қабатынан CO2 шығарындыларын азайту үшін қажет.

“Келешекте кейбір жұмыс істеп тұрған атом станциялары пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты жабылады. Сол кезде әлем бойынша атом энергетикасына қажеттілікті болжау қажет. Бұл әлемдегі жетекші атом елдерінің өз міндеттемелері ретінде қабылданған мәлімдемесі", – деді Акмарал Баталова. 

Әлем таза және қолжетімді бағадағы электр энергиясының көзіне мұқтаж. Сондықтан атом энергетикасы тек сақталып қана қоймай, жылдам дамиды.

Фото:  "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

Атом шабыттандырған технологиялар

Қазір ядролық технологиялар қолданылмайтын сала жоқ деуге болады. Олар қауіпсіздік және бақылау жүйелерін өндіруден бастап, ауыл шаруашылығы, металлургия, ғарыш және косметика өнеркәсібінде қолданылады. Онкологиялық және кардиологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге қажеттіліктің артуымен ядролық медицина құралдары мен әдістері дамып келеді. Радиоизотоптық диагностика, сәулелік терапия, томография – бұлардың барлығы осы атомның арқасында қолжетімді. Осы технологиялардың арқасында адамдардың өмірі жайлы, сау және қауіпсіз болып отыр.

Неге Қазақстан уранды пайдаға жаратпайды?

Қазақстан әлемде уран өндіруден бірінші орында. Алайда біздің елде әлі күнге дейін өз атом электр станциямыз жоқ.

"Мен продюсерлік орталық "Sezar films" командасымен бірге Қазақстанда және шетелде алты ай бойы сапарда болдым. Неге біз әлемді осы құнды ресурспен қамтамасыз етіп, өз еліміздің және халқымыздың игілігі үшін атом энергиясын пайдаланбай отырғанымыз? Осы сапардың нәтижесінде "Қазақстанның атомдық ренессансы" атты деректі ғылыми-популярлы фильм түсірілді. Бұл фильм біздің азаматтық бастамамыз және жеке қаражатымызбен жасалды. Бұл мақала да түсірілім барысында жазылды. Мен осы фильмді әзірлеу процесінде туындаған сұрақтарға жауап беруге тырыстым", - деді журналист.

Фото:  "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

Неге уран бағасы өсіп жатыр?

Жапониядағы Фукусима-1 атом электр станциясындағы апаттан кейін 2016 жылдан 2020 жылға дейін әлемдік уран өндірісі 25%-ға, яғни 47,7 мың тоннаға қысқарды. Дегенмен Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) болжамы бойынша, 2040 жылға қарай уранға сұраныс екі есе артып, 130 мың тоннаға жетеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 65,65 мың тонна болды. Ядролық отын және барлық ядролық материалдар нарығында баға 3-5 есе көтеріліп, табиғи уранның фунты 100 доллардан жоғары (қазір – 85 доллар) және байытылған уранның бірлік бөлінуі 150-160 долларға дейін жетеді.

Бір жағынан, мұндай өсімге негізгі себептер де бар. Әлемдік атом энергетикасын дамытуға қажеттілік уран өнімдерінің бағасын көтеріп отыр.

Екінші жағынан, сарапшылар бізді алда ядролық ренессанстың күтіп тұрғанын мойындайды. Ал бағалар қазірдің өзінде, мүлдем басқа себептермен өсіп жатыр. Бұл себеп барлығына белгілі – АҚШ-тың өкілдер палатасы 2024 жылдан бастап Ресейдің төмен байытылған уранына импорт енгізуге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Тыйым 2040 жылға дейін күшінде болады.

Алайда бұл бастама АҚШ энергетика министріне егер уран жеткізудің басқа көздері қолжетімді болмаса аталған тыйымды жоюға мүмкіндік береді. Немесе Ресейдің отын импорттауы ұлттық мүдделерге сәйкес келген жағдайда.

2025 жылы АҚШ бюджетінде жоғары сапалы төмен байытылған уран сатып алуға 2,7 миллиард доллар көлемінде қосымша қаржыландыру қарастырылған. Бұл қаржыландыру Байден әкімшілігінің жергілікті өндірушілерден байытылған уранды тікелей сатып алу және Ресейден осы металды импорттауға тәуелділікті азайту жоспарының бір бөлігі.

Қазіргі уақытта АҚШ Ресейден азаматтық атом электр станцияларында пайдаланылатын төмен байытылған уранның 20%-ын сатып алып жатыр. Қазіргі әкімшілік Ресейден уран импорттауға ұзақ мерзімді тыйым салып, оларға тәуелділікті азайту шаралары  елеулі инвестицияларды тартуға және АҚШ-та уран байыту технологиясын дамытуға жаңа серпін береді деп санайды.

Фото:  "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

Алада британиялық The Financial Times газеті былай деп жазды:

"АҚШ Ресейден байытылған уран импорттауға тыйым салмақ болған еді. Бірақ бұл тыйым енгізілмеді. Тұтынушылар балама жеткізушілерді таппайынша эмбарго 2028 жылға дейін кешіктіріледі. Америкалық сарапшылар Ресейдің байытылған уранынан бас тарту АҚШ-тың реакторларына ауыр соққы екенін бірнеше рет ескертті. Бірақ, ең өкініштісі, уран бағасының өсуінен бірінші кезекте батыстық қарапайым тұтынушылар зардап шегеді. Ал бұл құнды ресурсты өндірушілер мен жеткізушілер, сатушылар, керісінше пайда табады"

Сарапшылар жеткілікті тапсырыс көлеміне кепілдік болмаса, америкалық өндірушілер уран байыту өндірісіне инвестиция салуға құлықсыз екенін жеткізді. Тапсырыс берушілердің де байытылған уранды жеткізу бойынша келісімшартқа отыруға ниеті жоқ. Өйткені жаңа реакторлардың құрылысы әлі күнге дейін қағаз жүзінде ғана жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ АҚШ-та және уран өндіруші басқа да елдерде, қараусыз қалған шахталар жұмысты қайта жандандырылып жатыр. Кем дегенде, 5 америкалық уран өндіруші компания Вайоминг, Техас, Аризона және Юта штаттарындағы шахталарды қайта қалпына келтіруде. Ur-Energy және Energy Fuels америкалық компаниялары, сондай-ақ Канада мен Австралиядағы компаниялар ескі шахталарда уран өндіруді қалпына келтіруді жоспарлауда. Бұл компаниялар АҚШ-қа 8-10 жаңа ірі шахта қажет болады деп есептейді.

Мұнда уранды жер астынан сору емес, шахталық әдіспен өндіру туралы айтылып отыр.

Фото:  "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

Неге АҚШ Ресей уранына санкция енгізбек?

Ресейдің уран импортын қысқарту шаралары, ең алдымен, АҚШ мемлекеттік департаментінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің наурыз айының соңында жариялаған есебіне байланысты болып табылады. Онда былай делінген:

"АҚШ ядролық реакторлар үшін Ресей уранына, минералдар бойынша Қытайға шамадан тыс тәуелді"

Құжат авторлары АҚШ-тың ядролық технологиялар жеткізуші ел ретінде доминантты мемлекет емес екенін айтқан. Ядролық отын мен реакторлар нарығында жетекші орында Ресейдің тұрғанын мойындаған.

“Бұрын экспортқа ядролық технологияларды жеткізуде АҚШ көш бастағанымен, қазіргі уақытта бұл бағытта бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алды. Украинаға қарсы шабуылға дейін Ресей 130 миллиард долларлық тапсырыс портфеліне ие болып, ядролық реакторлардың әлемдік жеткізушісі атанды. Ресей ядролық отын нарығында да басымдыққа ие. Ол Австралия, Қазақстан, Канада және Намибиямен бірге әлемдегі ең үлкен уран қорына ие мемлекеттердің бірі. Оның үлесі әлемдік қордың 8%-ын құрайды. Сонымен қатар, Ресей уранды конверсиялау бойынша әлемдік қуаттардың 38%-ын, ал байыту бойынша 46%-ын қамтамасыз етеді. Сондықтан Батыстың Ресейдің ядролық өніміне тәуелділігі азая ма әлі белгісіз", - делінген есепте.

Аталған құжатта АҚШ-та:

"Кіші модульдік реакторларды (FIRST) жауапты пайдалану үшін базалық инфрақұрылымды тереңдетіп, кеңейту керек, екені айтылған. Сондай-ақ алдыңғы қатарлы ядролық бағдарламалар бойынша (WECAN) ынтымақтастық арқылы артықшылықтарды алу қажет. Бұл атмосфераға зиянды заттарды қалдықтарының шықпауына мүмкіндік береді", - делінген.

Акмарал Баталова бұл сөздердің АҚШ мемлекеттік департаментінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің есебінен алынғанын, атап өтті. Құжатпен танысу үшін сілтемеге өтуге болады.

Кіші модульдік реакторларды кім салады?

Кіші модульдік реакторлар, немесе атом электр станцияларының кіші қуаты (АСММ), өнеркәсіпті көміртексіз бағытқа көшіру үшін зор маңызға ие. Дегенмен, АҚШ-ты қоса алғанда әлемнің еш жерінде оларды әлі салып жатқан жоқ. Мұндай станцияларды тек Ресей ғана, кеңестік су асты қайықтары мен мұзжарғыштар үшін реакторлар жасау технологиясына негіздеп салып бастады. Кіші модульдік реакторлардың құны үлкен реакторларға қарағанда арзан. Дегенмен оларға кететін энергияның құны қымбатырақ.

“Алайда, атом электр станцияларын кіші қуатпен пайдалану әлдеқайда қымбатқа түсетін жағдайда (мысалы, қолжетімсіз таулы жерлерде, далада немесе Арктикада) мұндай станцияның болуы өте орынды”, - деп атап өтті журналист.

Ал Еуропадағы бейбіт атом ше?

Еуропада, әсіресе Франция атом электр энергиясын өндіру "жасыл" және тұрақты әдіс екенін мойындады. Бұл ел ЕО-да атом электр станцияларынан өндірілетін электр энергиясының үлесі бойынша жетекші (2023 жылы жалпы энергетикалық балансында 64,8% құрады) орында. Еуропада электр энергиясына сұраныс 2030 жылға қарай 50%-ға артады.

Еуропа Одағы электр энергиясына сұранысты арзан, сенімді, қауіпсіз және қоршаған ортаға зиянсыз қалай қамтамасыз етпек? Еуропалық елдер атом энергетикасын дамыту идеясын қайта қарастыруда. Олар бұрын жабылған АЭС-терді қайта іске қосып,  жандандырып жатыр. Адамзаттың электр энергиясына деген сұранысын арзан, сенімді, қауіпсіз және қоршаған ортаға зиянсыз қамтамасыз ететін жалғыз энергия көзі – атом энергетикасы. Және еуропалықтар мұны мойындап отыр.

Фото:  "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

Заманауи АЭС қаншалықты қауіпсіз?

Ақмарал Баталованың айтуынша, халықаралық сарапшылар, атом физикасы саласындағы ғалымдар мен ядролық қауіпсіздік саласындағы мамандар заманауи атом электр станцияларының қауіпсіз екенін айтады. 

"Атом электр станцияларын салу барысында Чернобыль мен Фукусимадағы апаттарға әкелген мәселелер мен қателіктер ескерілді. Сондықтан 3 және 3+ реакторларының қазіргі буынын жобалау кезінде қауіпсіздіктің пассивті жүйелеріне басты назар аударылды. Қазіргі заманғы атом электр станцияларын салуға арналған бірнеше қауіпсіздік деңгейлері әзірленді. Олар реакторды техникалық қызмет көрсетуші қызметкерлер және электрмен жабдықтаусыз тоқтата алады. Табиғи апаттар болған жағдайда да осылай болады. Яғни, атом электр станцияларын пайдаланудың заманауи технологиялары мүмкіндігінше автоматтандырылған және адами қателіктерге тәуелді емес, осы екі қайғылы оқиғаның сабақтарынан алынған", - деді Баталова.

Сонымен қатар, кез келген елде атом электр станцияларын салу және пайдалану процесі МАГАТЭ (Халықаралық атом энергиясы агенттігі) қатаң бақылауымен жүзеге асырылады.

Орталық Азияда атом электр станциялары бар ма?

Өзбекстан Ресеймен қуаты аз атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды. Республиканың атом өнеркәсібінде жұмыс істейтін мамандарды даярлау үшін Ташкентте Ұлттық зерттеу ядролық университетінде Мәскеу инженерлік физика институтының филиалы ашылды. Атом электр станциясын салу жоспарланған жер де белгіленіп қойды. Ғалымдардың көмегімен Өзбекстан үшін арнайы тиімді іс-шаралар жоспары әзірленді. Атом электр станциясын салу – алдағы 100 жылда энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін және Өзбекстандағы жағдайды толығымен өзгертетін шешім.

2022 жылдың қаңтарында Қырғыз Республикасының энергетика министрлігі мен "Росатом" RITM-200N реакторлық стансасының негізінде қуаттылығы аз атом электр станцияларын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум Қырғызстанның ядролық инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың әртүрлі салаларында ғылыми және техникалық кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша бірлескен жұмысты қамтиды.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, экономикалық даму мен халық санының өсуіне байланысты сұраныс артқан жағдайда, 2030 жылға қарай электр энергиясына қажеттілік 28,2 ГВт болады. Бұл ретте қолда бар қуат, тіпті оны есепке алғанда да, жаңа станцияларды іске қосу 22 ГВт болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ биыл елде ауа райының суық болуы салдарына 2,8 мың мегаватт қуат тапшылығы сезіледі.

"Қазақстанда энергия тапшылығына байланысты экономикаға және азаматтардың өміріне пайдалы жүздеген жобалар тоқтап қалды. Егер біз атом электр станцияларын салмасақ, басқаларымен бірге өткен ғасырда қалып қоямыз. Ал көршілеріміз қарқынды дамып, өркендейтін болады", - деді журналист.

Шілдеде Астанада өткен ШЫҰ саммитінде қатысушы елдердің қорытынды бірлескен мәлімдемесінде өңірде біртұтас энергетикалық жүйе құру ұсынылды. Бұл жүйе – ұйымға мүше елдердің ұлттық мүдделері үшін жасалады. Өйткені энергия нарығы неғұрлым кең болса, соңғы тұтынушы үшін электр энергиясының бағасы соғұрлым арзан болады.

Фото:  "Қазақстанның атомдық ренессансы” ғылыми фильмінен скрин

Қазақстанда АЭС-ті кім салады?

Егер Қазақстан халқы республикалық референдумда "иә" деп жауап берсе, тапсырыс беруші ретінде 2014 жылы тіркелген "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС қызметін бастайды. Компания атом электр станцияларының әлеуетті жобаларын және олардың орналасу орындарын техникалық дайындаумен айналысады. Сонымен қатар, ол АЭС құрылысы бойынша біздің елге қызмет ұсынатын шетелдік вендорлармен келіссөздер жүргізеді. Қазіргі уақытта олардың саны төртеу: француздық EDF, оңтүстіккореялық KHNP, қытайлық CNNC және ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы.

Қазақстандағы АЭС құрылысының құны қанша болады?

“Тамыз айында Астанада өткен "Казатом-Экспо" көрмесінде біз осы сұрақты барлық төрт вендор компаниялардың өкілдеріне қою мүмкіндігін алдық. Олардың ешқайсысы нақты санды атай алмады. Себебі, ол елде қанша реактор салынатынына, АЭС-тің қанша энергоблоктан тұратындығына байланысты қалыптасады", - деді Акмарал Баталова.

Сондай-ақ, елдің қанша АЭС салуды қажет деп есептейтіні мен олардың қуаты да маңызды.

"Жалпы, менің ойымша, қарапайым тілмен айтқанда АЭС салу – бұл машина сатып алу секілді. Оның моделі, сапасы, қуаты, дизайны және жылдамдығы клиенттің қалауы мен қалтасына байланысты", - деп түйіндеді журналист.

Акмарал Баталова — деректі фильм түсіруші қазақстандық журналист. Ол Сириядағы дағдарысқа арналған жұмыстарымен танымал. “Хабар24” арнасы үшін Сириядан телерепортаждар жүргізген Қазақстандағы жалғыз журналист.

Ол Қазақстанның сыртқы саясатына, соғыс мәселелеріне және исламның радикализациясына арналған бірнеше документалды фильмдердің авторы. Биыл Баталованың қазіргі әлемдегі жағдай мен израиль-палестин конфликтісіне қатысты мақалалары ағылшын, түрік және араб тілдерінде түрлі шетелдік БАҚ-тарда жарияланды.

Талқылау