"Ауырған кезде ешкімге зиянын тигізбейді": Астанада мешітте пышақ ұстап, қарсыласқан азаматтың туыстары оны түрмеден шығаруды талап етті
Астанада шапан мен тақия киіп пышақ ұстап, мешітте жиырма шақты полицейлерге қарсыласқан азаматтың туыстары көмек сұрайды. Айтуларынша шизофрения диагнозы қойылған 36 жастағы Таубажан Уатхан ауырған кезде осындай кейіпте жүреді. Алайда адамдарға зиянын тигізбейді екен. Ауру адамға жабылған полицейлердің әрекетіне наразы болған Таубажанның туыстары оны уақытша ұстау изоляторынан шығарып, ауруханаға жатқызуын сұрайды. Анасы, жұбайы мен інісі ер адамның бұл ауруға қашан, қалай шалдыққанын және оқиғаның анық-қанығын түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото желіде тараған кадрлардан скрин
Таубажан Уатхан Моңғолияның Қобда қаласында туған. Оның отбасы Қарағанды облысы Теміртау қаласына 1992 жылы көшіп келген. Екі баланың әкесіне F20 параноялық шизофрения диагнозы қойылған. Ал 2024 жылы Таубажанға 2-топ мүгедектігі бар анықтама берілген.
Оқиға 2 қыркүйек күні Астанада болды. Үстіне шапан, басына тақия киіп, айналасындағыларға пышақ сермеген Таубажан Уатхан құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен қашып құтылмақ болған. Алайда артынан қаламағандардан арыла алмайтынын түсінгенде мешітке тығылуды шешкен. Оны 20-ға жуық полиция қызметкері қоршап, орындық лақтырғанда 36 жастағы азаматтың қабағы жарылып, басы қан жоса болған. Осылайша оны уақытша ұстау изоляторына қамап тастаған.
“Екі ұлым бар. Соның бірі Таубажан. Ол 2006 жылдан бері 18 жасынан бастап тіркеуде тұрады. Ауырған кезінде шапаны мен тақиясын киіп алып көп сөйлейді. Артық сөздер айтып, поэзия көп оқып, әртүрлі фото жібереді. Сосын кезде тамақ ішпей арықтай бастайды. Біз бірден түсініп мұндай кезде полиция шақырамыз. Ал ол соны біліп қорыққанынан пышақ ұстайды. Жалпы ауруы қозғанда пышақты орап, орап қалтасына салып жүреді. Бірақ ешкімге зияны жоқ. Полициядан қорқады. Апарып жатқызғанда ұра ма, білмеймін. Балам ауруханадан шығып, сауыққан кезінде шапанын кимей қалады. Ауру көктем мен күзде қозады”, – деді анасы Аққайша Алхай.
Таубажанның анасы Астанада мешітте болған оқиғадан кейін ұлын қатты уайымдайтынын айтады.
“Бұл адам қашып келе жатыр. Шапан киген адамның ауру екенін біледі ғой. Сау адам олай жүрмейді. Оны үстелмен ұрғылап жатуы дұрыс па? Не үшін ұрды баламды. Ол ауру бала, мойнында әрқашан сөмке болатын. Соның ішіне қағазын салып жүретін. Қағазы да жоғалған. Неден болғанын білмеймін. Қазір ол изоляторда”, – деп қосты ол.
Таубажан жұбайы Гүлжайна Исханмен 6 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Олардың екі қызы бар.
“Сөз саларда ауруы туралы білмедім. Отбасын құрғаннан кейін барып естідім. Отбасылық өмірімізде бәрі жақсы. Бір ай жазылып шығады. Келген соң балаларына қарайлап жұмысқа кіреді. Балаларына қажетті заттарын алып береді. Маған қол көтермейді. Балалары болғасын ұрысып, айғайламайды да. Сол күні ата-анасы мән-жайды хабарласып түсіндірді. Ауырып жүргенін, ауруханаға түсетінін айтты. Сосын полициядан екі адам шамалары жетпесе төрт адам келеді. Сол кісілер ауруханаға апарып жатқызады. 8 тамызда үйден кетіп қалды. Ауырған кезде солай үйде көп болмайды. Төрт полицейге киініп шығамын деп сыртта күткізіп қойып, сол кезде өзі терезеден шығып қашып кеткен”, – деді жұбайы Гүлжайна.
Таубажанның інісі оның студент кезінде жұмыс істеп жүрген шағында басынан қатты соққы алып осындай ауруға шалдыққанын айтады. Сапарбек Уатхан осы тұста полицейлердің әрекетіне наразылығын білдірді.
“Алдап, жаймен сөйлесуге де болатын еді. Бірақ мешіттің ішінде полицейлер осындай әрекет жасаған. Бірінші видеода ол жаймен жауап беріп, полицейлермен сөйлескен. Екіншісінде басы қан-қан болып пышақпен тұр. Демек ол өз-өзін қорғап тұрғаны. Полицейлерден қорыққандықтан пышақ салып жүреді ауырған кезінде. Сау кезінде де, ауру кезінде де адамға зияны жоқ”, – деді інісі Сапарбек Уатхан.
Ал психолог болса бұл құбылыстың диагнозы бар адам үшін қалыпты жағдай екенін түсіндірді.
“Параноялық шизофренияда адамда ұлылық сезімі, өзін құдіреттімін деп сезінеді. Өзін күштімін деп сезініп сондай әрекет жасайды. Галюцинация өздігімен жүреді. Шапан киіп, тақиямен образды қалыптастырып алған. Бұл жерде қателік адамдар 102 емес 103 немесе 109 шақыру керек еді“, – деді психотерапевт Санжар Тұрсынметов.
Полицейлер оқиға салдарынан полиция қызметкерінің біріне дене жарақаты келгенін жеткізді.
“Билік өкіліне дене жарақатын салу бойынша. Тергеу жүргізілуде, ары қарай сараптамаға жасалып, ауруханаға мәжбүрлі жатқызу немесе заңмен жазалау қарастырылады”, – деді ведомство.
Таубажанның жақындары оны уақытша ұстау изоляторынан шығарып, ауруханаға жатқызуын сұрайды.