Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұнайлы астана екенін тек жазуына қарап білесің": Атырауда 4 миллиард теңгеге салынған саябақ сынға ұшырады (видео)

Атырауда 4 жыл бұрын салынған Жастар саябағын сәулетші Елзат Мұқаш сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Блогер Елзат Мұқаш саябақ ішінде жөнсіз орналастырылған орындық пен алаңқайды сынап тастады. Сөзінше, Атыраудың мұнайлы астана екенін тек жазуына қарап білесің. 

“Данышпан жобалаушының жұмысы ғой мынау. Мына орындықта Атыраудың ыстығында, күннің астында отырасың. Алдыңда көлеңке тұрады. Әттең орындық мына көлеңкенің астында болғанда ғой” деп армандап отырасың. Қалада жүріп, қирап-шіріп жатқан заттарды көріп, Атырау-мұнайлы астана екенін, жазуға ғана қарап білетін сияқтысың”, – деді блогер. 

Сәулетшінің сөзінше, халқын сыйлайтын мемлекет бәрін ел тұрғындарына ыңғайлы етіп жасап қояды.

“Атырауда 4 миллиард теңгеге не істеді десеңіздер, екі километр жерге брусчатка төсеп, ыңғайсыз орындықтар орнатып, арзан керамограниттерді жапсырып қояды. Олардың өзі қирап, түсіп жатыр. Халқын сыйлайтын мемлекет судың жағасын ыңғайлы етіп жасап қояды”, – дейді ол.

Сәулетшінің сынын желі қолданушылары қолдап, оң пікірін білдірді.

“Сізді күтіп жүр едік! Керемет! Дұрыс айттыңыз! Атырауға бір жанашыр басшы адам жоқ!”, “Жұмысымның арқасында екі рет бардым Атырауға. Жан жаққа қарап жүрегім ауырды. Сонша байлық бар жерде билік халыққа көрсетіп тұрып, “қараңдар біз жеп жатырмыз” деп өмір сүріп жатқандай”, “Өте ұят екен, мұнайлы Атыраудың осындай жағдайда болуы өте аянышты. Дубай сияқты көрікті қала салса да жарасатын мұнайлы аймақтың халқына бұл сын”, “Қазақстанның барлық қаласы сондай, халыққа үкіметтің жаны ашыса, үйі жоқ, жұмысы жоқ қазақтар болмайтын еді. Байлық деген жерімізде игерімсіз жатыр, игеруге рұқсат бермейді, рұқсатсыз игерсе қамайды. Айта берсең көп”, – деп жазды олар. 

Аталған сынға Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы жауап берді. 

“Құрметті қала тұрғындары және қонақтары! Аталған ақаулықтар қаламыздың тұрғындарын және мүлкін сақтап қалу мақсатында табиғи сипаттағы төтенше жағдай уақытында бөгет жұмыстарын жүргізу кезінде арнайы ауыр техникалардың қажет материалдарды тасымалдау кезінде келтірілген зардаптар. Қазір бүлінген жерлерді қалпына келтіру үшін жұмыстардың шығыны анықталды. Қалыпқа келтіру тамыз айында басталып, оны жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда пайда болған жаңа саябақ тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Брусиловский көшесіндегі саябақты абаттандыру көп жылдар бойы жүргізіліп, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарынан көптеген шағымдар түскен. Олар бастапқыда бұл жер саябақ салуға мүлдем орынсыз деп қарсылық танытқан.

Пушкин көшесіндегі 67-үйдің тұрғындары қала әкімдігіне саябақты ретке келтіру жоспарын қайта қарауды немесе басқа жерге көшіруді сұрап, бірнеше рет хат жазған. Тұрғындардың қарсылығына қарамастан, саябақ салынған. Алайда тұрғындар сквердің видеосын жариялап, “Ұлы отан соғысындағы лагерлерге ұқсайды” деп пікір білдірген еді. 

Талқылау