"Киім алсаң жеңілдік, ноутбугың болмаса тегін береді": Шетелде білім алған қазақстандық студенттер өзге елдерде қандай жағдай жасалатынын айтып берді
Үйінен жыраққа кетіп, жаңа өмірге қадам басатын студенттер үшін аяққа нық тұрып, өз-өзін қамтамасыз ету оңайлыққа соқпасы анық. Неліктен қазақстандық студенттердің көбі шетелде оқуды таңдайды? Оларды көбіне білім беру процессі мен тиімді жағдайлар қызықтырады. Себебі көптеген дамыған елдер студенттердің жағдайын бірінші орынға қояды. Stan.kz тілшісі осы тұста бір топ шетелде оқыған қазақстандық студенттермен байланысқа шықты. Олар өзге елдердегі шәкіртақы, жатақхана мен тегін тамақтандыру жүйесі, жеңілдіктерді салыстырып айтып берді.
“Франциядағы тегін тоқаш”
Қазақстандық қоғам белсендісі Қанат Тасыбеков Facebook желісінде Францияға оқуға барған кезіндегі бұл елдің студенттерге жасаған жағдайына таңғалысын жеткізді.
“Бұл елде мені ғимараттар, көліктер немесе жылдам пойыздар емес, басқа бір қарапайым нәрсе таңғалдырды. Бірінші күні университеттің резиденциясында орналасқанда вахтада бір себет тоқаштарды көрдім. Сатушы жоқ, студенттер тоқаштарды алып, ақшаны табаққа салып кетеді екен. Келесі күні консьерж маған өткен күннің тоқаштарын тегін алуға болатынын айтты.
Одан кейін де көп нәрсеге таңғалдым. Супермаркеттердегі мерзімі жақындаған өнімдер қайырымдылық ұйымдарына тегін беріледі екен.
Бұнымен қоса Франция әлемнің әртүрлі елдерінен келген студенттерді BGF (Франция Үкіметінің Стипендиаты) бағдарламасы бойынша оқытады. Сондай-ақ саяси себептермен қуғынға ұшырағандар мен жазушыларға басымдық береді.
Шәкіртақым туралы куәлік пен АХАЖ-дан алынған отбасы құрамын растайтын құжатты ұсынған соң, жатақхана ақысына ай сайын өтемақы алатынымды білгенде таңғалдым.
Бірақ ең әсерлі есте қалғаны жатақханадағы сол тегін тоқаш болды. Қазақстанда ұнды көп экспорттайтынымызды ескерсек, студенттер үшін тегін тоқаш беріле ме?”, – дейді жазушы.
Түркия: “Жол жүру, жатақхана тамағы мен ұшу билеттері тегін”
Қазақстандық Ақтөре Көпбай қазір Анкара университетінде докторантурада оқиды. Ол осыған дейін Конья қаласындағы Неджметтин Эрбакан университетінде магистратураны аяқтаған.
“Екі рет Түркияның шетелдіктерге арналған оқу грантын жеңіп алдым. Оқу гранты “Yurt Dışı Türkler ve Akraba Toplulukları Başkanlığı” деп аталады. Оқуға түскен бойда тегін билетпен өздері Түркияға жеткізеді. Арнайы күтіп алып, жатақханаларға орналастырады. Егер бакалавр оқитын болсаңыз, мұнда төрт жыл бойы жатақханамен қамтамасыз етеді. Ал оқуыңызды ойдағыдай аман-есен аяқтасаңыз елге қайтуға билетті тағы да өздері алып береді”, – деді Ақтөре.
Жігіттің айтуынша бұл жақта оқу процесі де Қазақстанға қарағанда өзгеше. Ешкім міндеттеп, мәжбүрлемейді екен. Сабақтарды қалағаныңызша таңдап алып, оқуға болады.
“Жатақханада екі немесе үш адамдық бөлмелерде жатамыз. Таңғы ас, түскі ас тегін болады. Одан бөлек, кір жуатын киім үтіктейтін, жағдайлар жасалған. Тоңазытқыш бар, интернет тегін. Сонымен қатар күн сайын арнайы мамандар жатақхананы жуып, тазалайды. Мұнда студенттер ештеңе істемейді тек демалуға келеді. Ал магистратура, доктарантураға түскен студенттер жатақханаға орналаса алмаса оларға пәтер жалдау үшін қосымша ақша беріледі”, – деп қосты ол.
Ақтөре осы тұста Түркияда инфляцияға байланысты шәкіртақы мәселесі өткір болып тұрғанын жасырмады. Айтуынша, Қазақстанға қарағанда едәуір аз екен. Алайда студенттердің басқа да жағдайларына басымдық берілген.
“Шәкіртақы шамамен 200 доллар. Алайда бұл жақта менің түсінгенімше инфляция, қандай жағдайда болса да, студенттердің тамағына мән беріп, қымбаттатпайды. Университет асханасы өте ыңғайлы. Ол жерде 300 теңгеге түскі ас, 600 теңгеге кешкі ас ішуге болады. Ал жатақханада тұрсаңыз, таңғы ас, кешкі асты жатақхана тегін береді. Одан бөлек, жол жүру ақысына өте үлкен жеңілдік жасайды. Мысалы, Анкарада студенттерге 50 пайыз жеңілдік. 5 мың теңгедей айлық жол жүру ақысын тегін ала аласыз. Ал Коня қаласында оқыған кезімде қоғамдық көліктерде үш жыл бойы тегін жүрдім. Яғни әр қалада әртүрлі жағдайлар қарастырылған”, – деді ол.
Жігіттің айтуынша мұнда студенттер ауырған жағдайда университеттің ауруханасына тегін қарала алады. Дәрі-дәрмекке де жеңілдік жасалады.
“Анкара қаласын алып қарасақ, мұнда 24/7 жұмыс істейтін кітапханалар бар. Ол жақта тегін шай, сорпа әртүрлі жеңіл тамақтар береді. 24 сағат сіз кітапханада сабақ оқи аласыз. Кітапханалардың өзінде сондай жағдай жасалған. Салыстырмалы түрде айтсақ, біздің елде студенттерге жақсы қолжетімді бағада түскі ас берілуі керек. Одан кейін Қазақстанда жатақханаларға да сәл мән берген жөн. Бір бөлмеде 8 адам тұратын орындар бар. Соны 4 адамға дейін өзгертсе”, – деп қорытты ол.
Америкада оқу : “Студентке ноутбук, iPad-ты тегін береді, киінсең жеңілдік жасайды”
Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының тумасы 24 жастағы тумасы Жазира Жәнібекқызы Америкадағы Boston University- де білім алып жатыр. Ол бұрын Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетті екі шет тілі мамандығына бітірген. Ару өзі барған елде студенттерге ерекше қамқорлықтың барын сезінгенін айтты.
“Мұнда байқағаным студенттер мен оқытушылардың байланысы өте жақсы. Оқытушылар көбіне студенттерді жігерлендіруге тырысады. Бізде ұстаздар оқуға міндеттеп бағаға тәуелді етеді. Ал мұнда бағаға, балға қарағанда студенттің нені алып кете алатынына мән береді. Ұнайтыны да сол өзге студенттердің көзінше біреудің бағасы, деңгейін ешқашан талқыламайды.
Кітапханаларында барлық жағдай жасалған. Университетте оннан аса театр бар. Тамақтанатын жерлерге келсек, таңдау мол. Студенттер өздерінің ID карталарына ай сайын ақша салып қойса, асханаға 15 доллармен кіріп, шексіз өз таңдауыңызбен түрлі тағамдарды алуға болады. Яғни үш қабаттағы барлық тамақты жей аласың. Бірінші екінші тағамдар, тәттілер, салат, десерт барлығы сол 15 долларға кіреді. Тіпті таңертеңнен кешке дейін жүрсең де шектеу жоқ. Сол жақта сабақ орындауға да болады. Ал Қазақстанда асханалар ескі, сервис дұрыс емес әрі бағалар қымбат”, – деп сипаттады ол.
Жазира осы тұста жатақхана жағдайын да тілге тиек етті.
“Университеттің жатақханадан бөлек, квартира сияқты кампустары бар. Мұнда көбіне магистранттар, доктаранттар жатады немесе профессорларға да беріледі. Интернет бар, барлық жағдай жасалған. Өте ығайлы таза. Ал Қазақстанда оқыған кезімде де мен жатақханада тұрдым. Онда бірінші жылы бір бөлмеде 6 қыз, екінші жылы 4 қыз болып жаттық. Мұнда асхана, жуынатын бөлме барлық адамға бірге еді. Өте лас болды. Салыстырсақ, жер мен көктей”, – деп қосты ол.
Жазира бұл елде студенттерге өте көп жеңілдіктер барын алға тартты. Музейлерге кіру студенттер үшін тегін. Тіпті киім алған кездің өзінде студент екеніңді айтсаң арнайы жеңілдік жасайды екен.
“Ал қауіпсіздікке келсек, университеттің қасында біреу төбелессе, барлық студенттерге сақ болу туралы хабарлама келеді. Ол хабарландыруды оқымағанымызды көрсе, артынан хабарласады. Студентте ноутбук, iPad сияқты құрылғысы болмаса, Американың кез келген университетінде жаңа құрылғыны тегін алуыңа болады. Кейін оқу біткен соң тапсырасың. Алайда құрылғыны алу үшін ешқандай кепілдік сұрамайды. Сондай студенттің жағдайын жақсартуға арналған нәрселер өте көп. Америкалық студенттер мен шетелдік студенттерді тең қарастыратын системалары жақсы”, – деп қосты ол.
Жазира осы тұста біздің елімізде студенттерге көрсетілетін қызметтердің ақсап тұрғанын жеткізді.
“Елімізде көбіне білім беру жағынан жаңашылдықтар қажет. Ескі системамен қағазбастылық көп. Бізде асханалар ескі, ал студенттер өздерінің таңдаған тағамдарын жей алмайды. Оның үстіне баға қымбат. Сол себепті Қазақстанда да шекісіз тамақтануға болатын таңдаулары көп студенттерге арналған асхана жүйесі болса деймін. Және интернет желісі бізде әлі де тұрақсыз”, – деп қорытты ол.
Еуропадағы жүйе: “Студенттерге көзқарас өте жоғары”
Алматы қаласының Каспи университетінде құқық мамандығында оқыған 21 жастағы Аружан Қожанова Польшаның Данциг қаласындағы университетке құқық мамандығымен ауысқан. Айтуынша өзіне Еуропаның студентке ерекше қарап, бар жағдай жасағаны ұнаған.
“Бізде таңдау мүмкіндігі болды. Ол жақта тегін жатақхана ұсынылды. Екі бөлмеге бір ортақ дәретхана мен жуынатын бөлме орнатылған. Дегенмен тегін жатақханада қыздар ұлдар деп бөлінбейді. Яғни ұл баламен де бір бөлмеге түсіп қалуың мүмкін. Сол себептен сәл жаттау болып көрінгендіктен ақылы жатақхананы таңдадық. Біздің елмен салыстырсақ, ол жақта жатақханалары жақсырақ”, – деді бойжеткен.
Аружанның айтуынша, ақылы жатақханада екі қызға 40 шаршы метр ауқымда бөлме берілген.
“Жеке тоңазытқыш, дәретхана, жуынатын бөлме бәрі жеке өзімізге арналған. Қауіпсіздік қадағаланған. Қыз бала болғандықтан Қазақстанда кешке бір жаққа шығуға қорқасың. Киім киген кезде де аса абай болуға тура келеді. Ал Еуропада бұл жағынан қауіпсіздік өте керемет сақталған. Университетте де, Еуропаның басқа қалаларында да адамдар жеке шекараны сыйлайды”, – деді ару.
Бойжеткеннің айтуынша мұнда студенттердің қозғалысы мен жүріс-тұрысына көптеген жеңілдіктер қарастырылған.
“Мәселен ұшақ билеттеріне, мұражайларға, өзге де транспорттарға айтарлықтай жеңілдіктер бар. Еуропаны аралап басқа жаққа қыдыруға шыққан кезде де көп жерлерге жеңілдікпен, тіпті тегін де кіре алдық.
Бұл жақта студентке жай оқуға келіп жүрген адам ретінде емес, белгілі бір тұлға ретінде қарайды. Студенттерге көзқарас өте жоғары. Егер саған бірдеңе ұнамаса, сен оны ашығынан айта аласың. Ол үшін ешкім сенімен өштесіп, сынамайды. Ал бізде көптеген студенттер ұстаздарға өз ойларын айтуға жүрексінеді. Бұл жақта емтиханды өзіңе қажет балл алуың үшін қанша рет тапсырсаң да болады. Рұқсат етілген. Студенттің ойына, ішкі күйіне өте жауапты қарайды”, – деп қосты ол.
Аружан өзі оқыған қалада азық-түліктің арзан болғанын алға тартты. Жол ақысы да студенттерге жеңілдікпен болған екен.
“Мәселен теңгемен шаққанда жол ақысы 500 теңгеден аса болса, студенттер үшін 200 теңге еді. Жалпы жастар үшін музейге, белгілі бір мерекелік іс-шараларға кіру тегін болды. Сондықтан жағдай кәдімгідей жасалған деп айта аламын”, – деп қорытты ол.