Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келіншегім қаланың қызы": Киіз үйде тұратын қазақстандық жылқышы жайлаудағы тыныс-тіршілігімен жұртты тәнті етті

Желіде тау бөктеріндегі киіз үйде төрт-түліктің тілін тауып, асау тұлпарларды қолға үйреткен жылқышы жұртты тәнті етуде. Алматы облысы, Райымбек ауданы Талас ауылының 27 жастағы тумасы Нұрсұлтан Сағатбек мал бағумен қатар сол тыныс-тіршілікті желіге салу арқылы миллиондаған қаралым жинап жүр. Айына желіден 600 мың теңге шамасында қаражат табамын деген азамат жайлауды қала жұртшылығына дәріптеуді мақсат тұтқан. Нұрсұлтан Stan.kz тілшісіне шалғай аумақтағы өмірі мен мал шаруашылығының қызық та, қиын тұстарын айтып берді. 

Фото Нұрсұлтан Сағатбектің жеке архивінен

Нұрсұлтан Қазақ ұлттық аграрлық университетін зоотехник (мал шаруашылығы өнімдерін өндіру тенологиясы) мамандығына бітірген. Айтуынша оқу бітіргеннен соң ата кәсіпті жалғастыру үшін ауылға оралған. 

“Үйде төрт ағайындымыз. Атамыз алдыңғы қатарлы шопан, малшы болған. Әкеміз де мал шаруашылығымен айналысты. Кейін мен де атамыздың ақ таяғын ұстап, шаруашылық саласына келдім. Әрине қиын кезеңдер де болады. Жылқы адам емес, жануар. Оның не ойлап тұрғанын білмейсің, қорқуы, үркуі мүмкін. Сондай жағдайларда неше түрлі іс-әрекеттерге барады. Ең бастысы қандай сала болмасын қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Әркімге өзі үйренген кәсібі оңай ғой. Сол себепті бастысы ісімізді жақсы көріп істейміз”, – деді азамат. 

Жылқышының айтуынша, малмен айналысқанына 4-5 жылдай уақыт болған.

Фото Нұрсұлтан Сағатбектің жеке архивінен

“Қазақ малдың санын айтпайды дейді ғой. Жылқыларымның саны 100-ге жетпейді. Шамамыз жеткенінше азын-аулақ төрт түлікті де асырап отырмыз. Алда көбейту мақсатымыз бар”, – деп қосты ол. 

Нұрсұлтанның жұбайы  – Ақтау қаласынан. Жігіт қалалық қызды қалай ауылға келін қылып әкелгенін айтып берді.

 “Келіншегім Ақтаудан келіп, Алматыдағы ҚАЗҰУ-да оқыған. Ал мен аграрлық университетте оқып жүрдім. Алғаш таныстыққа дос баламның көлігімен бардым. Екі-ақ әңгіме айттым. Біріншісі көліктің менікі емес екенін, екіншісі “ауылға тұрасың ба?” дедім. Әйелім “ауылдың өмірі қызық, бұйырғанын көреміз” деді. Сөйтіп екі жылдан кейін ауылға келдік. Жұбайым ауылда біраз нәрсені үйренді. Мен де одан біраз нәрсе үйрендім. Қазір бір ұл, бір қызымыз бар”, – деп қосты азамат.

“Желіден айына 500-600 мың теңге табамыз”...

Нұрсұлтанның желідегі видеоларының ең көбі 6 миллион қаралымға дейін жеткен. Азамат алғашында блогер болуды басқаша түсініп, жүрексінгенін жасырмады. 

“Шаруашылығымды желіге салу туралы ой 1,5 жыл бұрын басталды. Ол кезде Instagram желісінде 500-ақ жазылушымыз бар еді. Instagram желісін жүргізу туралы ойды бауырым ұсынды. Ол осы ауылдың өмірін салсам қызық болатынын айтты. Бірақ маған бұл ерсі болып көрінді. Таңертең тұрғаныңды, ішіп-жегеніңді салу оғаш қой деп ойладым. Әрі ойланып, бері ойланып, ұялып 1,5 жылдай жүрдім. Кейіннен тайға мінген балаларды түсіріп салып, көпшіліктің қызығушылығын байқадым. Кейін мұны да басқа бағытынан, басқа қырынан көрсетуге болатынын түсіндім. Осылайша желіні жүргізуді бастап кеттім”, – деді ол.

Азамат аз уақыт ішінде ауыл тіршілігін көрсеткен видеоларымен жұртшылықты тәнті еткен. 

“Адиториямыз 9 мыңға жеткенде ағам қаладағы жұмысынан шығып, менің желі жүргізуде жеке бастамашы тәлімгерім ретінде жаныма келді. Содан бері Instagram-да белсендімін. Көп видеоларымыз миллион қаралымнан жинап үлгерді. Ең көбі шамамен 6 миллионға жетіп қалды. 38 мыңдай жазылушымыз бар. Instagram арқылы айына 500-600 мыңдай табыс табамыз. Мал шаруашылығы өнімдерін жарнамалаймыз. Енді 100 мың адамға жеткізсек деген жоспарымыз бар. 5-6 ай болды TikTok желісін де қолға алып жатырмыз”, – деп қосты ол. 

“Қалаға келсек, екі күннен артық шыдай алмаймыз”...

Нұрсұлтан қала өмірі мен ауылды салыстырып, ауыл болашағын көтеруді мақсат ететінін тілге тиек етті. 

“Қалаға көшкенде не істейміз? Бізді ешкім күтіп отырған жоқ. Онда кәсібің, үйің, табысың болса жақсы әрине. Бірақ болашақта қалада тұру деген ойым жоқ. Өміріміз ауылмен тікелей байланысты. Туған жерге туыңды тік демекші, біз ауыл тіршілігінен жайлылық сезінеміз. Таңертең құстардың дауысымен оянудың өзі адамға керемет сезім, өмірге деген құштарлық, сенім сыйлайды.

Бәлкім барлық дайын нәрсеге үйреніп қалғандар үшін қиынырақ шығар. Мәселен, біз қалаға келсек, екі күннен артық шыдай алмаймыз. Күннің ыстығы, қауырт тіршілік пен қозғалыс бізге жақпайды. Оның үстіне мұнда жүрген жерің ақша. Әрине ауылда да ақшасыз күн көреді деген түсінік жоқ. Дегенмен мұнда халықтың менталитеті, көзқарасы бөлек. Ауылдың өмір сүру стилі ерекше. Қалалықтар бізге қалай таңырқай қараса, біз де олардың өміріне солай тосырқай қараймыз”, – деді азамат.  

Нұрсұлтан бүгінде ауыл өмірін жұртшылыққа тек желі арқылы ғана емес, туризмді арқылы да көрсетіп жүр. 

“Ернұр деген бауырыммен бірге агротуризм, экотуризммен де айналысып жүрміз. Мақсатымыз қала халқына ауыл өмірін таныстырғымыз келді. Талас тауларына атпен тур ұйымдастырып, жайлаудың табиғи өнімдерін ұсынамыз. Қала мен ауылдың байланысын нығайтып ортақ мүдделерімізді көрсетсек деймін”, – деп қорытты азамат.  

Талқылау