"14 миллион теңгеден аса": Антикор жемқорлық туралы хабарлаған азаматқа берілетін сыйақы мөлшері туралы айтты
Қазақстанда биыл алғашқы жартыжылдықта Қазақстанда 1 100 пара алу мен пара беру дерегі анықталды. Аталған көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 7,5% көп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі Жазира Жақсылыққызы Stan.kz тілшісіне күнделікті өмірде жемқорлық әрекеттер қалай көрініс табатынын айтты.
Фото: Stan.kz
Жазира Жақсылықызы өскелең ұрпаққа коррупцияға қарсы білім беру керегін айтады. Осылайша, барлық өңірде "Antiparacraft" квест-ойындары, зияткерлік ойындар (пікірталас, квиз, брейн-ринг форматында), сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы шығармашылық конкурстар (әлеуметтік жарнама, суреттер және басқалары) өткізілді.
Жазира Жылқышиева тұрмыстық жемқорлыққа қатысты бірнеше жағдай туралы айтты:
- Талдықорған қаласында білім бөлімінің басшысы, бас және есептеу бухгалтерлері, сондай-ақ 13 мектептің бухгалтері 2,5 жыл уақыт қылмыс жасап келген. Бухгалтерлер айлықтан мемлекет бюджетін ұрлап, ал қалалық білім бөлімінің басшысы оларды пара үшін жасырды. Олардың 280 миллион теңге алғаны дәлелденді. Білім бөлімінің бас есепшісін құрықтау кезінде 1 миллиард теңге ақша тәркіленді;
- Алматы облысында әкімдік белгіленген мерзімде 1 200 студентке "Жасыл ел" бағдарламасына қатысу үшін ақы төлемеген. Еріктілер араласқаннан кейін, мәселені шешу үшін 133,9 миллион теңге бөлінді.
Коррупция жайлы өтініштер қалай қаралады?
Жазира Жақсылыққызы коррупция жайлы білген бойда @antikorkz_bot Telegram-боты болмаса 1424 нөміріне хабарласу керегін айтады.
Коррупцияға қарсы қызметке өтініш түскен кезде ол ведомстволық ақпараттық жүйеде тіркеледі, содан кейін оны істі жүргізетін офицер және басшылық қарайды.
Одан кейін өтінішті қылмысқа жататын немесе қылмысқа жатпайтын деп бөледі. Егер арыз қылмыстық деп танылса, онда ол ақпарат есепке алынып (АЕАК), тіркеледі және келесі іс-әрекеттердің бірі жүзеге асырылады:
- Өтініштерді аумақтылығы мен ведомстволық бағыныстылығына сәйкес жіберу;
- Соттылығына сәйкес өтініштерді тиісті органға не жауапты тұлғаға жолдау;
- Тергеуге дейінгі тексеруді тіркеу, жүргізу;
- Нарядқа есептен шығару.
Егер өтініш қылмыстық емес деп айқындалса:
- Азаматтық-құқықтық сипаттағы хабарлама тиісті түсіндірулермен өтініш берушіге қайтарылады;
- СДТБТ жүргізетін адамдардың жұмысына немесе жұмыс істемеуіне жасалған шағымдар прокуратураға жіберіледі.
Әрбір жағдайда өтініш беруші қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етіледі.
Коррупцияға куә болып, ол туралы ақпарат берген азаматтарға марапаттала ма?
Коррупция жайлы мәлімет берген адамдарды марапаттап, алғысхат және бір жолғы қаржылай сыйлық беріледі.
- Коррупция туралы әкімшілік істер бойынша – 110 мың теңгеден астам;
- Қылмыс аса ауыр болмаса – 140 мың теңгеден астам;
- Қылмыс орташа ауыр болса – 185 мыңға жуық;
- Қылмыс ауыр деп танылса – 250 мыңнан астам
- Қылмыс аса ауыр болып саналса – шамамен 367 мың теңге.
1 000 АЕК-тен астам мөлшерде пара алып, пара берген дерек туралы хабарласа сомадан он процент, алайда 4 000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 14 768 000 теңге сыйақы беріледі.
Жазира Жақсылыққызы коррупциямен күресіп және оны болдырмас үшін азаматтардың құқықтық санасын көтеру қажет деп санайды.
“Сонымен қатар отбасындағы тәрбиеге көп байланысты. "Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген халқымыздың даналық сөзі бар. Ұрпаққа өнеге көрсететін иманды, зерделі, инабатты кісілерден жастар жақсылық пен қайырымдылықты, адамгершілік пен ізеттілікті үйренеді. Бүгінгі күні еліміздің болашағы үшін коррупцияның қай түрі болмасын шыдамайтын парасатты жастарды өсіруіміз керек”, – дейді маман.
Жазира Жылқышиеваның айтуынша, коррупцияны қабылдамайтын сананы дамыту тәрбие мен білім берумен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы бірлескен әрекеттер коррупция мен заң бұзушылықтың өзге түрлерінен де аулақ болуға үйретеді.
“2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл бағытта бірқатар шаралар қабылданды. Мектептерде "Адалдық сағаты" жобасы аясында агенттік өкілдері кездесулер өткізіп, коррупцияға қарсы заңнама мен агенттіктің жұмысы, күрес шаралары, тәуекелдер картасы, "Бизнеске жол" жобасы жайлы ақпарат берілді. Кездесуге қатысушыларды коррупция фактілері жайлы ақпарат берген азаматтарды көтермелеудің оң кейстері, агенттікке орналасу мәселелері, әр саладағы коррупцияның ерекшеліктері, баяндамашылардың жеке тәжірибесінен күрделі қылмыстық істердің мысалдары қызықтырды. Іс-шараға студенттер, оқу орындарының әкімшілігі және педагогикалық ұжым қатысты”, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі Жазира Жылқышиева.
Сондай-ақ биыл 15 наурыздан 15 мамырға дейін 19 өңірдің студенттерін біріктірген алғашқы "Antiparacraft-2024" Республикалық квест-ойыны өтті. Ойын 5 кезеңнен тұрды (сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптар бойынша тестілеу, бейнероликтер дайындау, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша жобаларын көрсету, брейн-ринг, капитандық сайыс).
Оның айтуынша, бұл жұмыс оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктерімен бірлескен ақпараттық-ағарту шаралары барысында одан әрі жалғасын табады.