"Қарапайым адамның кейпін киіп арамызда жүр": Қазақстандықтар өзге діни ағымды насихаттаушыларға кезіксе не істеуі керек?
Көшеде кітап, нұсқаулық таратқан немесе діни тақырыпта әңгімелесуге тырысқан адамдарды кезіктірген шығарсыз. Әрине, олардың экстремистік ағымды насихаттаушысы болуы мүмкін екенін көзі ашық адам бірден ұғады. "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң қатаңдатылғалы бері көшедегі діндарлардың қарасы азайған. Алайда мамандар олардың құрыққа түсіру тәсілдерінің мықты бола түскенін айтады. Олай болса, көшеде немесе қоғамдық орында күмәнді дін уағыздаушыларын көрсеңіз не істеген жөн? Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы "Кеңес беру және оңалту орталығының" теолог маманы Нұржан Қалиев Stan.kz тілшісіне олармен қалай диалог орнатып, неден бас тарту керегін түсіндіріп берді.
Фото: Freepik.com
Маманның айтуынша, заңның осалдау кезінде “Таблиғи жамағат” (ҚР аумағында тыйым салынған) сияқты ұйымдар көшеде жүріп, адамдарды өздеріне шақыру үшін түрлі тәсілдерді қолданған.
“Кәлима айт, мешітке жүр, жамағаттың уағызын тыңда деп өз насихаттарын “таблиғи жамағат” кең таратқан еді. Алайда заң шыққалы бері олар қазір ашық түрде көшеде мұндай әрекеттерді жасай алмайтын болды. Кезінде “құранид” деген де діни секта болды. Олар мешіт алдында тегін газеттер тарататын. Қазір мешітте көбіне мәзхаб ұстанбайтын ұйымдар кездесіп жатады”, – деді Нұржан Қалиев.
Теолог өзге ағымды насихаттаушылар алдымен адамдардың назарын өздеріне аудартып, кейін әңгімеге тартуға тырысатынын алға тартты. Айтуынша, қазір олар халықтың арасында, адамдар көп жүретін жерлерде назарға ілінбейтін кейіпте жүреді.
“Олар заңның қаталдығын білгендіктен көшедегі адамды өздерінің ортасына тартудың жаңа тәсілдерін меңгеріп алған. Өздерін ашық таныстырмайды. Сол себептен мешітке өтірік намаз оқыған болып келіп, спорт залдарында, сауда орындарында жұмыс істейтіндер арасында жүреді. Әсіресе Алматыда телефон, смартфондарын, көлік құралдарын сататын кейбір сауда орындарында өздерінің жанында тұратын қызметкерлер мен келушілерді теріс пиғылына көндіруге тырысады. Олар кездескеннен-ақ ашық түрде кітап басқа да заттар бермеуі мүмкін. Алайда адамдарды алдымен өздеріне баурап алады. Содан кейін ғана кітаптарын беріп, насихаттау жұмыстарын бастайды”, – деп қосты ол.
Маманның айтуынша, заң бойынша көшеде, оқу орнында басқа бір ұйымдарда миссионерлік жұмыспен айналысуға тыйым салынған. Бұл үшін айыппұл салынады. Егер экстремистік, радикал насихат болса, оған тіпті қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. Алайда қоғамда ниеттерін астарлап болсын жеткізіп жүргендер әлі де азаймаған.
“Бұл заңның еліміздегі бүкіл діни бірлестікке қатысы бар. Дегенмен тығылып немесе астарлы түрде ойлағандарын орындап жүргендер жетерлік. Олар мүмкіндік болса, кей кезде заңсыз болса да, өздерінің жарнамалық қағаздарын таратып, көбіне әйелдерді өздеріне тартуға тырысады.
Тағы бір мысал, мынадай тәсілмен де дінді насихаттайтындар бар екен. Қоғамдық орынға шығып, музыкалық инструменттермен ән айтады. Мұны көп адам басында жай музыка деп ойлауы мүмкін. Бірақ жақсылап тыңдасаңыз, айтқан әндері таза діни насихат. Музыкалық инструментті пайдаланып, қоғамдық орында ән айтып жатқан болып, бірақ астарында өздерінің теріс пиғылын насихаттайды. Көп адамдар оларды жай музыканттар деп ойлайды. Алайда сөзін тыңдап мағынасына үңілсек. сауатты адам бірден ұғады”, – деді ол.
Теріс пиғылды діни ағымды насихаттаушылар кезігіп жатса, не істеу керек?
Нұржан Қалиев теріс діни ағымнан, радикалды бағыттардан сақтанудың жолы ақ пен қараны ажыратудан басталатынын жеткізді. Маман осы тұста қарапайым адамға өзге бағытты насихаттаушылардан қалай қорғануға болатынын бірнеше ескерту кеңестер арқылы айтты:
- Ислами жамағаттың немесе теріс діни бағыттағы ағымдардың уағызына, ықпалы мен насихатына тап болсаңыз, діни мәселеде олармен талас-тартыс жасамау керек. Себебі олар өздерінің айтқан дүниелеріне ғана сенеді. Ал талас-тартыс нәтижесінде адамның өзі де күманданып қалуы мүмкін. Олар тіпті сіздің көңіліңізге, жүрегіңізге күмән салып жіберуі мүмкін.
- Одан кейін сізге дінді насихаттап жатқан адамның мәзхабын білуіңіз керек. Ата-бабамыз ғасырдан бері ұстанып келе жатқаны – Абу Ханифа мазхабы. Егер біреу сізге бұл мазхабтан басқасын ұстаныңыз десе, мұның басқа ағым екенін түсінуге болады.
- Ол кісілерден діни білімді қайдан алғанын, ұстаздары кім екенін сұрауға болады. Егер ол адам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында ресми тіркелген адамдардан білім алған жан болмаса, онда оны тыңдаудың қажеті жоқ.
- Көшеде қоғамдық орында діни ақпарат жүргізу заңға қайшы. Егер осындай орындардан дінді уағыздаушыларды көрсеңіз, мұның заңға қайшы екенін ұмытпаңыз. Құқық қорғаушыларға жүгіне аласыз
- Жасөспірімдердің ата-анасына айтарым, қазір балалар кез келген ақпаратты ғаламтордан ала береді. Сондықтан ата-ана баласының телефоннан қандай сайтты қарап жатқанын білгені жөн. Радикалды бағыттағы жасырын сайттарды қанша бұғаттаса да, желіде еркін жүргендері жоқ емес. Сондықтан ата-аналардың тексерісі өте маңызды. Ата-аналар балаларының кіммен араласып жүргенін білуі керек.
- Одан кейін көшеде кездескен, сақал өсріп алып, тақия кигендердің барлығы тура жолда дегенді білдірмейді. Өте мұқият болған жөн. Адамдардың түріне қарап діни ақпарат алуға асықпаңыз. Исламға қатысты діни ақпаратты тек мүфтият ресми бекіткен мешіт медреселерден алған жөн.
Маман қазір кез келген ақпараттарды ресми сайттардан алуға болатынын тілге тиек етті.
“Бұрынғыдай көшеде жүріп хабарламалар мен кітаптар таратындардың заманы өтті. Заң шыққалы мұндай уағыз айтушылар да біршама тыйылды. Алайда олар қазір өте әккі болып алған. Заңды бұзбайтындай түрде қимылдап жатыр. Олар өз дегендеріне көндіру үшін қарапайым адамдардың кейпін киіп арамызда жүреді. Жаныңа жақындап, ішкі сырды білуге ұмтылады. Сондықтан жастар кім көрінгенге сенбеуі керек”, – деп қорытындылады ол.