Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қақтығыс күшейсе, алып державалар арасында құрбан болу қаупі бар": Саясаттанушылар ШЫҰ аясында айтылған ұсыныстардың маңызына тоқталды

4 шілде Астана қаласында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Еліміздің бірқатар саясаттанушылары Шанхай Ынтымақтастық ұйымы аясында қолға алған жұмыстардың маңызына тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Саясаттанушы Асхат Қасенғали саммит барысында геосаяси мәселелер көп қозғалғанын, осы тақырыпқа жіті тоқталу маңызды екенін айтты. Айтуынша, қазір әлемдегі геосаяси ахуал күрделі күйде. "Геосаяси ахуалға байланысты" деген сөзді де жиі еститініміз сондықтан дейді.

“Қақтығыстар артты, әлем елдері мұздай қаруланып жатыр, милитаризм күшейді. Қарабақта Әзербайжан мен Армения арасында соңғы төрт жылда екі соғыс, ондаған қақтығыс болды. Украина жерін тартып алып, иемденуді қалайтын Ресейдің әрекеті анау. Газадағы қантөгіске тоғыз айдан асып, географиялық аумағы кеңейіп, оған Ливандағы топтар киліге бастады. Қызыл теңіздегі хуситтер мүлде бөлек тақырып. Сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп жатқан Сирия тағы бар. Африкада күнде төңкеріс, күнде ондаған мың адам босып жатыр. Жалпы әлемде 180-нен астам қақтығыс болып жатыр. Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінде осындай геосаяси жанжалдарды шешуге қатысты ұсыныстар айтылды”, – дейді саясаттанушы.

Асхат Қасенғалидың сөзінше, Шанхай Ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің әлемдік саясатта салмағы басым, әсіресе Үндістан мен Қытайдың. Сол себепті қандай да бір аймақтық қақтығыстарды реттеуге қабілетті деуге болады дейді. 

“Бұрын бұл ұйымға 5 ел мүше еді, қазір 10 елге жетті. Салмағы арта түсті. Қақтығыс демекші бүгін Қытай мен Үндістан шекара дауын ШЫҰ аясында қарусыз шешуге келісті деген ақпарат шықты. Қазақстан БАҚ-тарынан байқамадым, әлем жаңалықтары жазып жатыр. Астанада өткен саммиттің бір мақсаты да сол әлемдегі тұрақтылықты күшейту. Оған ұйымдағы елдердің ішінде ең мүдделісі Қазақстан десек те болады. Себебі әлемдегі геосаяси қақтығыстар күшейсе, алып державалар арасындағы мүйіздесуде құрбан болып кету қаупі бар. Сол себепті осындай ұйымдардың аясында біз "әлемдегі бейбітшілік, қақтығыстарды азайту, халықаралық құқық және әлемдік тұрақтылықты күшейту" деген сөздерді, ұсыныстарды айта береміз”, – дейді политолог. 

Сондай-ақ саясаттанушы Тоқаев өз баяндамасында ұйымның рөліне тоқталып, ол Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты, бейбітшілікті қамтамасыз ете алатын ұйымға айналуға тиіс екенін жеткізгенін айтты. 

“"Үш зұлым күшпен" күрес деген айтылды. Терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес мәселесі ғой. Жалпы сарапшылар Қазақстан қоғамы үшін діни экстремизм және сепаратизм қауіпті дегенді жиі айтып келеді. Соңғы уақытта осы үшеуімен күрес жайлы біздің тараптан халықаралық ұйымдарда, биік мінберлерде жиі айтылып жүр. Сепаратизм бабымен солтүстікке қарап ұлып, сотталып жатқандар бар ғой. Діни экстремизм бойынша ұсталып жатқандар да бар. Сондықтан да президент айтып отырған қауіпті ешкім жоқ дей алмайды”, – деді Тоқаев.

Саясаттанушының сөзінше, әлемдегі ахуалдың күрделене түсуі біз сияқты елдерге оңайға соқпайды. Әлемнің түкпір-түкпірінде тұтанып жатқан қақтығыс оттары күндердің бір күні сіз бен біз өмір сүретін Орталық Азия аймағын да шарпып кетуі ғажап емес дейді. 

Саясаттанушы Елдос Жұмағұлов та геосаяси мәселеге тоқталып өтті.  Жер шарының 43%-ы қоныстанған аумақты алып жатқан бұл ұйым өңірлік геосаясатты өзгертетінінен үмітті екенін жеткізді. 

Жұмағұлов саммит барысында мемлекет басшысы тоқталған мәселелерді атап өтті. Оның біріншісі әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлдем басқа даму парадигмасына өту, екіншісі тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайту. 

“Бірінші мәселе бойынша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Осы орайда арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы ұсыныс білдірді. Ал екінші мәселе бойынша, Тоқаевтың бұл мәселеге ерекше мән беріп отырған себебі - біз Еуразия кіндігінде орналасқан елміз. Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстырып отырмыз. Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді екен. Осыны тиімді пайдалану жағын жан-жақты ойластырып жатыр”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының сөзінше бұл мәселелерді шешуге ұмтылыс Қазақстанның экономикалық тұрғыда дамуына жақсы мүмкіндік береді.

Талқылау