Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға қол қойды: Енді не өзгереді

Таяуда әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заң жобасы қабылданды. Осыған байланысты Stan.kz тілшісіне заңгер Альбина Бахтиярқызы бұл құжатқа қандай өзгерістер енгізілгенін және жаңа заңның мүмкіндіктерін айтып берді.

Айта кетсек, мәжіліс 28 ақпанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдаған болатын. 11 сәуірде сенат заң жобасын мақұлдап, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" құжат президентке қол қоюға жіберді. Ал 15 сәуірінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев елімізде 2023 жылы 108 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан кісі қолынан қаза тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл саладағы жалпы қылмыс санының 11%-ын және елдегі жалпы кісі өлтіру деректерінің 23%-ына тең.

Сонымен қатар ол Қазақстанда әрбір төртінші кісі өлтіру отбасылық жанжал кезінде болатынын баса айтты.

"Әр үш күн сайын бір әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Сонымен қатар соңғы 6 жылда кісі өлтірулердің жалпы санының айтарлықтай төмендеуіне қарамастан (2018 жылы – 823, ал 2023 жылы – 472), тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмғандардың саны кеміген емес”, – деді Артур Ластаев.

Қылмыстық кодексте не өзгерді?

Заңгер Альбина Бахтиярқызы қоғамда көптен бері талқыланып, таяуда қабылданған заң жобасы жөнінде толығырақ тарқатып берді.

"Бапқа сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптарды белгілейді. Бұған дейін соттың шешіміне сәйкес агрессордың басқа тұрғын үйі болған жағдайда жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруға тыйым салынатын еді.

Енді сот шешімі бойынша әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына сараптама жасалады. 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге ерекше жауапкершілік тағайындалады. Бұдан қалды ол психологиялық көмектен өтеді, ерекше жағдайларда агрессорға жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруға 30 күн бойы тыйым салынады", – деп түсіндірді заңгер. 

105-бап, "Өзiн өзi өлтiруге дейiн жеткiзу"

Бұрын денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру шартты жазасы тағайындалады немесе бас бостандығынан айырылатын еді. 

Енді 105-баптың жаңа мазмұнда беріліп, "Өзiн өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" деп қарастырылады. 3 жастан 8 жасқа дейін тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын болады. Бұл баптағы жазаның ең аз мерзімі – 3 жылға дейін бас бостандығынан шектеу. Ал ең жоғары жаза мерзімі – 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Шартты жаза берілмейді.

107-бап, "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру"

Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 107-бабы "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бойынша үшін қылмыстық жауапкершілік – 15 АЕК болды.

Енді заңға сәйкес ең төменгі жаза – айыппұл 200 АЕК (738 400 теңге) төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Айыппұл немесе қоғамдық жұмыстарға 200 сағатқа дейін тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ең жоғары жаза мерзімі – 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

"Ал ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 1000 АЕК-ге дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге және ұрып-соғуға байланысты істер бойынша қылмыстық қудалау жәбірленушінің шағым берген-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады", – деді Альбина Бахтиярқызы.

109-бап, "Ұрып-соғу"

Альбина Бахтиярқызы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі "Ұрып-соғу" 109-бабының 1-бөлігі 7 жыл өткен соң ғана Қылмыстық кодекске қайтарылғанын атап өтті.

"Мұнда айыпкер жәбірленушінің денесін жарақаттаса, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаса, ең төменгі жаза мерзімі – 80 АЕК-ке (295 360 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынатын еді. Бұдан бөлек түзеу жұмыстарына 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 25 тәулікке дейін қамауға алынатын.  Бұдан былай ең төменгі жаза мерзіміндегі айыппұл – 100 АЕК-ке (369 200) теңге көбейді. Ал ең жоғары жаза мерзімі – 200 АЕК-ке (738 400 теңге) өсті", – деді құқық қорғаушы.

110-бап "Қинау"

Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 110-бабы, "Қинау" бойынша қылмыстық жауапкершілік – 1000 АЕК айыппұл және 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын еді. 

Енді қылмыс жасағаны үшін – 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

313-бап, 1-бөлігі. "Қатыгездiк пен күш қолдануды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату" 

Альбина Бахтиярқызы Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілгенін атап өтті. 

"Қылмыс жасаған адам бұл бап бойынша ең төменгі жаза – 200 АЕК (2024 жылы 738 400 теңге) айыппұл, ең жоғары жаза мерзімі – 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 
Егер күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуы бойынша тоқтатылса, ол бұрынғысынша айына 1-4 рет профилактикалық әңгімелесу үшін ішкі істер органдарына барып, тіркеуде тұрады", – деді Альбина Бахтиярқызы.

Педофильдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады

ҚК 99-бап, 3-бөлігі. "Адам өлтіру"

Альбина Бахтиярқызы жаңа заң негізінде Қылмыстық кодекстің (ҚК) 99-бабының 3-бөлігіне "Адам өлтiру" балаларға қатысты өзгерістер енгізілгенін айтты.

Аталған өзгеріске сәйкес онда енді кәмелетке толмаған – 14 жасқа дейінгі баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұған дейін бұл бап бойынша қылмыскер 20 жылға дейін сотталатын еді. 

Сонымен қатар заңгер педофильдердің өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілетінін және бала зорлағаны үшін балама жаза болмайтынын ескертті.

121-бап, 1-бөлігі. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері

"16 жасқа толмаған балаларға сексуалдық сипатта жәбірлегені (ұсыну, тиісу) үшін 200 АЕК (2024 ж. 738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 күнге дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындалады", – деді заңгер.

"111" байланыс орталығы

Алғаш рет заңнамада отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі "111" байланыс орталығы жұмысының құқықтық негіздері белгіленді.

"111" байланыс орталығы:

  • азаматтарға кеңес береді;
  • ұйымдастырушылық және психологиялық көмек береді;
  • келіп түскен өтініштер туралы мемлекеттік органдарды ақпараттандырады;
  • мемлекеттік органдар байланыс орталығына қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынуға міндеттеледі.
"Бұдан бөлек кодексте отбасын қолдау орталықтары жергілікті әкімдіктердің шешімімен ашылады. Некесін сақтап қалғысы келетін және көмекке мұқтаж ерлі-зайыптылар мұндай орталықтарға хабарласа алады. Әсіресе, қиын өмірлік жағдайға тап болған және әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдауды қажет ететін отбасылар немесе жекелеген азаматтарға көмек беріледі", – деді Альбина Бахтиярқызы.

Осы тұста саясаткер Тоғжан Қожалы 2024 жылдың 15 сәуірі Қазақстан үшін айтулы күн болғанын айта кетті.

"Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Бұл әрбір адам өзін қауіпсіз және құрметті сезінетін қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Неліктен бұл заң біз үшін маңызды? Жаңа заң бізге қандай үміт береді? Енді зорлық-зомбылық құрбандары психологиялық және заңгерлік көмекке қол жеткізе алады және өздерін қауіпсіз сезінеді. Жақындарына қол көтерген агрессорлар қатаң жазаланады", – деді саясаткер Тоғжан Қожалы.

Тоғжан Қожалы заңның тек құрал ғана екенін, сондықтан қоғамдағы зорлық-зомбылықты жою үшін бәріміз бірігуіміз қажет екенін баса айтты. 

"Егер зорлық-зомбылық туралы білсеңіз, жағдайға бейжай қарамаңыз, құзырлығы органға хабарласыңыз! Жәбірленушіге қал-қадірінше көмек беруге, мәселені шешуге және салғырт қарамауға тырысыңыз! Зорлық мәселесенде айналаңызды ақпараттандырып, хабардар етіп отырыңыз!" – деді Тоғжан Қожалы.

Сонымен қатар саясаткер заңға түзетулер енгізілгенімен, ең әуелі, өзіміз өзгеру керектігін айтады.

"Бұрыннан бері қалыптасқан ақылға сыйымсыз түсініктерден, әсіресе, келінді құлдай етіп жұмсау, баланы тепкінің астына салу деген қарабайыр ойлардан қоғам болып арылуымыз қажет. Әйел – ол жекеменшік емес. Ол бір үйдің келіні, жанашыры, ұйытқысы. Көбі жаңадан енгізілген заңды тек әйелдерге қатысты деп ойлап жүр. Бұл қате пайымдау. Себебі мұнда әйелдерден бөлек, егде жастағы кісілер, ер адамдар және балалардың құқығы қорғалады", – деді түсіндірді Тоғжан Қожалы. 

Альбина Баятиярқызы жаңа заңға сәйкес әйелдердің құқықтық мәртебесі күшейе түсетінін тілге тиек етті.

"Әйелдер – қоғамдағы нәзік топ. Осы нәзіктігін әлсіздік деп қабылдайтын қауымнан жиі зәбір көретіні бар. Әрбір қазақстандық нәзік жанды арулар үшін бұл заң жобасының маңызы орасан. Себебі бұл – тұрмыста ер азаматтарынан зорлық-зомбылық көрген әйелдердің қанымен келген заң. Қаншама әйел зардап шегіп, өмірінен қош айтысты. Мұндай жағдайда әйелдер үндемей қалмауы керек. Тиісінше, уақытында құзырлы органға жедел хабарласып, мәселенің аяқсыз қалмауын қадағалауы керек. Тиісті жаза тағайындалмаса, заңгерлер мен адвокаттардың көмегіне жүгінуге тиіс", – деп сөзін қорытындылады заңгер Альбина Бахтиярқызы.

Талқылау