Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында жасөспірім қаза болған мектептің басшылығы қылмысты жасыру үшін куәгерлерге басқа нұсқаны айтқызған

Жамбыл облысында әжетханасында жасөспірім өлген мектеп басшылығы түрмеге жабылуы мүмкін. Тергеу деректері бойынша директор, оқу ісінің меңгерушісі және тағы бірнеше мұғалім төтенше жағдайды жасыруға тырысқан. Олар оқушыларды оқиғаның басқа нұсқасын айтуға мәжбүрлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Марқұмның жақындарының жеке архивінен 

Қайғылы оқиға Құмжота ауылындағы мектепте, сабақ кезінде болған. 8-сынып оқушыларын физиканың орнына дене шынықтыру сабағы деп, сыртқа жіберген.

Марқұм 14 жастағы Мирастың ата-анасының айтуынша, ұлын көшедегі әжетханада мектеп оқушысы ұрып өлтірген. Бірақ оқиғаға куә болған оқушылар бастапқыда баланың өзі абайсызда құлап, мерт болды деп айтқан. Ал мектеп директоры қылмыс болған күні "оқушының жүрек талмасы ұстап қалды" деп жалған мәлімет берген.



Кейін сот-медициналық сарапшылар өлімнің кеуде тұсына жасалған соққыдан болғанын анықтаған. 15 жастағы күдікті қамауға алынды. Сотқа мектеп басшылығы да, мұғалімдер де келеді. 

"Шын мәнінде мектеп әкімшілігі бұл қылмысты жасыруға әрекет жасағаны анықталды. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 432-бабы (Қылмысты жасыру) бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл баптың санкциясында алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған”, – деді Жамбыл облысы прокурорының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға көмекшісі Шавкат Таштемиров. 

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 8-сынып оқушысы өзінен бір сынып жоғары балалардың соққысынан көз жұмған. Марқұм баланың туыстары мектеп басшылығы істі жылы жабуға тырысқанын айтып, дабыл қаққан еді. 

Талқылау