Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1000-2000 теңге айырмашылық": Неліктен қазақстандық әйелдер ерлерге қарағанда көп шығындалады

Америкалық желі қолданушылары өнімдердің құрамы мен сапасы бірдей бола тұра, тек әйелдерге арналған болғаны үшін тауардың қымбатырақ екенін байқап, мәселені көтерді. Гигиеналық, базалық қажеттіліктер үшін әйелдердің көбірек ақша жұмсауға мәжбүр болатынын көпшілік әділетсіз деп атады. Қазақстандық желі қолданушысы да гигиеналық тауар бағасында айырмашылық барын сынап, желіге пост жүктеген. Stan.kz тілшісі елімізде не себепті және қаншалықты әйелдер ерлерге қарағанда көбірек шығындалатынын зерттеп көрді. 

Фото: Видеодан скриншот

Қазақстанда қандай тауарларға әйелдер үшін жоғары бағаны қояды?

Stan.kz тілшісі дүкендердегі бағаларды зерттей келе, сусабын, антиперспирант, қырынуға арналған станоктар бағаларында айырмашылықты, сондай-ақ сұлулық салондарында әйелдердің шашын қию ерлердің шашын алу қызметінен қымбат екенін анықтады. 

Мәселен антиперспирант және дезодорант бойынша әйелдердікі 999 теңгеден басталып, 1479, 1779 теңгеге дейін барады. Ал ерлердің дезодоранты 905 теңгеден 1175, 1215, 1459 теңгеге дейін. 

Фото: Stan.kz

Сусабындар мен денеге арналған гель бағалары бренд түріне байланысты әртүрлі келеді. Десе де, бір брендтің әйелге және ерге арналған түрінде айырмашылық бар және әйелдерге арналған сусабын мен гельдің қымбатырақ екенін көреміз. Clear сусабынының ерлерге арналғаны – 2000 теңге, ал әйелдердікі – 2595 теңге. Fa гелінің әйелдерге арналғаны 2590 теңге, ал ерлерге арналғаны – 1400 теңге. Салыстырылған тауарлардың брендімен қатар көлемі де бірдей екенін ескерген жөн.

Фото: Kaspi дүкенінен скриншот

Әйелдерге арналған қырыну станоктарының бағасы – 4959 теңгеден 8379 теңгеге дейін. Ерлердікі 5000 теңгеден аспайды.

Фото: Stan.kz

Тілшіміз Алматыдағы бірнеше сұлулық салондарына шолу жасап, көпшілігінде әйелдердің шашын қию қызметі қымбатырақ екенін анықтады. 2000, 3000 теңге айырмашылық бар. Сұлулық салонының әкімшілері неге баға әртүрлі дегенде, “әйелдердің шашы ұзын, сол үшін қымбат” деп жауап берді.

Фото: 2Gis қосымшасынан скриншот

Неге әйелдердің өнімі қымбат?

Косметолог және күтім бойынша өнімдердің сарапшысы Жанна Нұрәлі бет күтімі немесе дене күтімі бойынша гигиеналық өнімдерге қатысты ойын айтты. Сөзінше, ерлер мен әйелдерге арналған өнімдердің құрамында аса өзгеріс жоқ. 

“Олардың айырмашылығы – иісінде, екеуіне екі түрлі ароматизатор қолданылуы мүмкін. Алайда құрамы бойынша айтарлықтай ерекшелік жоқ. Ер адам әйелдерге арналған кремді қолданғаннан немесе әйел ерлерге арналған кремді қолданғаннан ештеңе өзгермейді. Ер адамдарға арналған бет күтімі өнімдерінде салицил қышқылының пайызы көп болуы мүмкін, себебі жігіттердің бет терісі майлырақ келеді”, – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы қырынуға арналған станоктардың да аса айырмашылығы жоқ дейді. Бұл баға айырмашылығы қызғылт түсті әдемі етіп жасалғанына байланысты деп топшылады.

Гендерлік экономиканы зерттеуші Назым Шайхина әйелдерге сұлулық стандарттарын таңу арқылы тауарларды қымбатқа сатады дейді.

“Америкалық жазушы Наоми Вульфтың айтуы бойынша, әйелдер көбірек құқыққа ие болып, қоғамдық өмірге араласа бастаған сәтте, әйелдерді басқару құралы енді тікелей “бостандықтан айыру” емес, сұлулыққа табындыруға ауысты. Яғни әйелдерге “сен әдемі емессің, жеткілікті дәрежеде сұлу емессің” деген ойларды сіңірді. Өте арық модельдерді сұлулық эталоны санайтын кезең басталды. Бәрі арықтау үшін түрлі өнімді қолданып, сұлулық процедураларын жасады. Одан кейін “Кардашьяндар стандарты”, яғни мүсінді қыздардың эрасы пайда болды. Содан әйелдерге арналған сұлулық тауарлары нарыққа шықты. Олар сұлу болу үшін бәріне баратынын түсініп, әйелдерге арналған заттар қымбаттырақ бола бастады”, – деді сарапшы.

Айтуынша, “қызғылт салық” өте әділетсіз нәрсе және әйелдерді шеттетеді. Өйткені әлем бойынша әйелдердің орташа жалақысы ерлердікінен төмен. Соған қарамастан әйелдер көбірек шығындануға мәжбүр дейді.

Шайхинаның сөзінше, әйелдер бизнесте, үкіметте көбірек болған кезде мұндай келеңсіздіктерді жеңуге болады. 

“Әйелдер күнде тап болатын қиындықтар ер адамның басынан өтпеген соң, олар оны жеткілікті түрде түсінбейді. Түсінбегендіктен онымен күреспейді, онымен қоса олар одан пайда көріп отыр. Сондықтан бизнес саласында әйел көзқарасының болғаны маңызды”, – деді ол.

“Қызғылт салық” дегеніміз не?

“Қызғылт салық” (pink tax) термині – әйелдерге арналған өнімдердің ерлерге арналған өнімдерге қарағанда қымбат екенін түсіндіретін түсінік. Осы құбылысты сарапшылар гендерлік баға кемсітушілік деп атайды. Бұл тәжірибе бұрыннан бар және шетелдік зерттеушілер мен фембелсенділер бұл мәселені көтеріп жүр. 

“Қызғылт салық”, яғни әйелдерге арналған тауарлардың қымбат екені 1994 жылы АҚШ-та алғаш айтылды. Калифорния штатында баға бойынша зерттеу жүргізіліп, жыл сайын әйелдер ерлерге қарағанда қызметтер мен тауарларға 1351 доллар (600 мың теңге) көп жұмсайтыны белгілі болды.

Ал 2015 жылы Нью-Йорк қалалық тұтынушылар істері департаменті қала тұрғындары арасындағы шығындарды гендер бойынша талдайтын есеп шығарды:

  • Әйелдерге арналған өнімдер ерлердікіне қарағанда орта есеппен 7% қымбат екені анықталды;
  • Канада мен Францияда әйелдер тауарлар мен қызметтер үшін ерлерден екі есе көп төлейді;
  • Ұлыбританияда гендер бойынша баға айырмашылығы – 37%;
  • Қыздардың ойыншықтарының бағасы ұлдардікінен 7% жоғары;
  • Балалар киімінде қыздардың киімі ұлдар киімінен 4% қымбат;
  • Әйелдер киімі ерлердікіне қарағанда 8% қымбат;
  • Жеке күтім өнімдері бойынша әйелдікі 13% көп.

Батыс елдері “Қызғылт салықпен” қалай күреседі?

2014 жылы Францияда Georgette Sand ұйымы "сексист маркетингті" тоқтатуға шақырған петиция жариялады. Олар әйелдер мен ерлер тауарларында баға айырмашылығы болмауға тиіс деп талап етті. Осы наразылықтан соң 2015 жылы әйелдердің тампон сынды жеке гигиеналық өнімдеріне салықты 20%-дан 5%-ға дейін төмендетті.

2018 жылы АҚШ гендерлік теңсіздіктің алдын алу үшін "Қызғылт салықты" жою туралы заң жобасын енгізді. Кейбір дүкендер, дәріханалар мен асханалар оны қолдап, наразылық акциясын өткізді.

“Көгілдір салық”

Дәл сол сияқты кей қызмет түрлері ерлер үшін қымбатқа түседі. Мұны “көгілдір салық” деген терминмен түсіндіреді. Мысалы сұлулық салонында маникюр және шугаринг сынды қызметтерге ерлер әйелдердікіне қойылған бағадан жоғары төлейді. 

Лазерная эпиляция қызметінде ерлер және әйелдер прайсы екі түрлі. Мұны әкімшілік ерлердің физиономиясының ерекшелігіне байланысты көбірек материал жұмсалатынын және сол үшін баға жоғары болатынын түсіндірді.

Фото: Сұлулық салонының парақшасынан скриншот

Бірнеше сұлулық салонында да маникюр қызметінде әйелдер мен ерлерге баға екі түрлі. Ерлер маникюры әйелдер маникюрынан 1000 теңге қымбат.

Талқылау