Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмысты тоқтатып, ереже бұзғандарды елден шығарады": Исламды ұстанатын елдерде оразаны қалай ұстайды?

Мұсылман елдерінде жергілікті халық Рамазан айының келуіне қалай дайындалады? Нендей ережелер мен тәртіпке бағынады? Stan.kz тілшісі аталған сауалдарға Ислам дінін ұстанатын елдерде тұратын отандастарымыз бен шетелдіктерден жауап алып көрді.

Фото: pixabay.com

Рамазан – Хижра күнтізбесінің тоғызыншы айы. Мұсыландар үшін қасиетті ай саналатын Рамазанда адамдар бір-бірін құттықтап, шариғатта парыз етілген 5 парыздың бірі – таң атқаннан, кеш батқанға дейін, ауыз бекітіп, ораза тұтады. Сондай-ақ Құран оқу, садақа беру, туыстық қатынастарды сақтау секілді дүниелерге баса мән береді. 

Катарда журналистика саласында білім алып жүрген Іңкәр Дәулетқанова – блогер, Өскемен қаласының тумасы. Оның айтуынша, бұл елде жергілікті халық Рамазан айына дайындықты ерте бастайды.

“Оразаға дайындық Катарда ерте басталады. Ресторандар ауызашарға мәзірлермен бөлісіп, бір апта бұрын блогер, инфлюсенсерларды шақырады. Қасиетті айдың келуіне байланысты бүкіл ғимарат безендіріледі. Жергілікті халықтың түсінігінде Рамазан айында адамдар уақытының көп бөлігін Аллаға және отбасына арнауы керек”, –дейді Іңкәр. 

Отандасымыздың айтуынша, Рамазан айына келгенде Қазақстан мен Катар елінде айырмашылықтар өте көп.

“Мысалы, жұмыс уақыты өзгереді. Кешкі 8-ге дейінгі жұмыс 4-ке дейін қысқаруы мүмкін. Дәмханалар кешке дейін жабық тұрады, кешке жұмысын жалғастырса да дәмханаларда ән айтуға болмайды. Ас мәзірі де өзгереді. Қасиетті айда күндіз адамдарды сирек кездестіресіз. Бірақ кешкі уақытта адамдар сыртқа шығып, қызу тіршілік басталады. Ауыз ашқанға дейін далада және адамдардың алдында тамақ, су ішуге, темекі тартуға тыйым салынған. Бұл тәртіпті бұзған жағдайда айыппұл салынады. Сауда-саттық кешендерінде, киім сататын дүкендерден азан дауысы естіліп тұрады. Музыкаға тыйым салынады”, – дейді Катарда оқитын қазақ қызы.

Ислам республикасы болып саналатын Иран мемлекетінде қасиетті ай кезінде бекітілетін ережелер бар екен. Бұл туралы ирандық фуд-блогер Ромина Багери айтып берді.

“Рамазан айында дәмханалар мен мейрамханалар кешке дейін жабық болады. Олар ауызашар уақытында ашылып, таң атқанға дейін жұмыс істейді. Ораза кезінде тамақтанатын орындар ашық болса, мемлекет оларға айыппұл салады. Ал көпшілік жерде ішіп-жеу әдепсіздік саналады. Сондай-ақ Рамазан айында той, сауық кештерін ұйымдастырып, өткізуге болмайды”, – дейді Ромина Багери.

Блогердің айтуынша, Иранда ораза кезінде көп жерде жұмыс тоқтайды, адамдар демалады. 

Әсия есімді қазақстандық саяхатшы Малайзияда мұсылман елдердің қатарында болғандықтан халықтың басым көпшілігі ораза ұстап, құлшылық жасайтынын айтты.

“Рамазан айына байланысты азаматтардың жұмыс уақыты мен тамақтанатын орындардың уақыты өзгереді. Ел астанасы Куала-Лумпурда жергілікті халық қаланы безендіріп, дайындық жасайды. Тіпті оразаға байланысты дәмханалардағы ас мәзірі де өзгереді”, – дейді Әсия.

Фото: Stan.kz

Саяхатшы қаладағы дәмханалардың ас мәзірі туралы айтты. Ауыз бекіткен жандарға арнайы ас мәзірі жасалады.

“Біз дәстүрлі малайзиялық мейрамханада ауыз ашарға екі адамға арналған тағамдар жиынтығына тапсырыс бердік. Оның ішінде Азия халқына таныс асылған күріш, карри соусындағы мидия, көкөністен жасалған салат, ащы тұздық пен бұқтырылған көкөністер, тәтті және қышқыл соустағы тауық еті, сондай-ақ, қалауыңызға орай крекер, құмыраға құйылған сусын, құрма және су беріледі. Бір қызығы, мұндай жиынтыққа десерт те кіреді. Яғни мейрамхана ортасында десерт толы үстел тұрады. Атап айтқанда, кәмпиттер, жемістер, балмұздақ, шәй мен кофе бар. Сол үстелден қалағаныңызды алып, жейсіз”, – дейді отандасымыз.

Индонезия мұсылман мемлекеті басқа ислам елдері ұстанатын тәртіп, ережелерге бағынады.

Ал Сауд Арабиясының халқы қасиетті айдың келуіне орай ерекше дайындалады. Қала көшелері шамдармен безендіріліп, айнала ерекше хош иіске бөленеді. Ауыз ашар кезінде дәмханаларда ұлттық тағамдар дайындалып, мешіт маңынан құлшылыққа жиналған көп жамағатты көруге болады. 

Мысалы, Эр-Рияд қаласын алсақ, күндіз қала тыныш. Сауда орталықтары жұмыс уақытын өзгертіп, екі мезгілде ашылады. Бірінші, сағат 10:00-17:00-ге дейін, екіншісі, құптан намазынан кейін түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар такси қызметі, ақылы тұрақтар, банк офистері, ақша айырбастау бөлімшелері, супермаркеттердің де жұмыс уақыты өзгереді. 

Сонымен қатар бұл қаладағы мейрамханаларда ораза тұтқан жандарға самбусса, лукаймат, жемістерден жасалған шәрбат сияқты арабтардың түрлі ұлттық тағамдары ұсынылады. Сондай-ақ араб кофесімен бірге құрма беріледі. 

Рамазан айында қоғамдық орындарда ереже бұзған шетелдіктер депортацияланады. Яғни, күндіз жұрттың көзінше ішіп-жеп жүргендер еліне қайтарылады.

"Ережелерді сақтамағандарға қатаң шаралар қолданады. Келісім-шартта бұзылып, корольдіктен депортацияланады", –  делінген Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі мәлімдемесінде.

Осылайша ораза кезінде іскерлік, саяси дүниелер тоқырайды. Барлық маңызды мәселелер мен оқиғалар кейінге қалдырылады. Мемлекеттік мекемелер мен көптеген жеке кәсіпорындар жеңілдетілген режимде жұмыс істейді.

Фото: trip-for-the-soul.ru

Біріккен Араб Әмірлігінде де мерекелік дайындық басқа мұсылман мемлекеттерімен салыстырғанда ерекше. Шырақтар мен шамдар көшелерде ғана ілінбейді, адамдар жеке тұрғын үйлерді, саябақтар мен бақтарды да жарықтармен безендіреді. 

Рамазан айында түнгі клубтар, ойын-сауық, сауық кештер өтетін орындар жабылады. Абу-Дабиде ораза кезінде барлар мен мейрамханаларда алкогольдік сусындар сатылмайды. Дубайдағы кейбір люкс қонақүйлерде алкогольдік сусындар тек ауызашардан кейін сатылады.

Сондай-ақ қатаң тыйымдар да жоқ емес. Араб әмірлігінде таң атқаннан күн батқанға дейін қоғамдық орындарда тамақ жеуге, су, сусын ішуге, темекі тартуға қатаң түрде тыйым салынған. Саяхаттап келген туристерге ауыз бекіткен жандарды сыйлау мақсатында осындай ұсыныс айтылады. Сондай-ақ киімге де мән берген жөн. Рамазан айында елдің назарын өзіне аударатын, ашық, жарқ-жұрқ ететін киімдерді кимеген абзал. Керісінше, қарапайым, шынтақ пен тізені жауып тұратын киімдерді таңдаған дұрыс. Ал шомылуға арналған киімдерді тек жағажайда киюге рұқсат етілген. 

Ислам дінін ұстанбайтын шетелдіктерге ораза кезінде мейрамханаларда, саябақтарда және бассейндердің жанында қоғамдық орындарда ішіп-жеуге және темекі шегуге тыйым салынады. Күндіз олар қонақүйдегі бөлмелерінде немесе арнайы белгіленген жерлерде ғана тамақтана алады. Тәртіп бұзушыларға 550 доллар көлемінде айыппұл салынып, тіпті бір айға қамалуы мүмкін. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда Дубайда тәртіп бұзған 24 шетелдік қамауға алынған.

Рамазан айында БАӘ шипажайларындағы көптеген мекемелердің жұмыс форматы өзгеріп, бірқатар шектеулер енгізіледі:

– Қонақ үй аумағында орналаспаған мейрамханалар мен дәмханалар шымылдықпен жабылады;

– Көптеген бар мен мейрамханада алкогольді сусындар 19:00-ден кейін сатылады (кейбір қонақүйлер бұл уақытта әдеттегідей жұмыс істей беред);

– Абу-Дабиде барлар Рамазан айы аяқталғанша жабық болады, алкогольді ішімдіктер сатылмайды;

– Мейрамханалар мен барларда ойын-сауық бағдарламаларына қатысты өзгерістер болады: бір ай бойы жанды музыка немесе би болмайды;

– “Пустынное Сафари" экскурсиясының бағдарламасы да өзгереді: қыздар жартылай ашық киімде билемейді, алкогольдік сусындар сатылмайды.

Түркия зайырлы мемлекет саналатындықтан түрік халқында арабтар секілді айтарлықтай тыйым, қатаң ережелерді ұстанбайды. Десе де мұнда халықтың басым көпшілігі Рамазан айын күтіп, ораза тұтады. Мехмет Ақболатұлы есімді Түркия азаматы Рамазан айындағы әдет-ғұрып жайлы айтты.

“Түркия халқында “дауыл”, “дауылшы” деген ұғым бар. Рамазан айында мысалы, 8 көшеден бір-бір адамнан шығып, адамдарды сәресіне оятады. Олар дауылпазын алып, ауыз бекітуге 1 жарым сағат уақыт қалғанда көшеге шығады. Рамазан айының ортасында олар көшелерді аралайды. Сонда басқа адамдар оларға сыйлық береді. Атап айтсақ, ақша, жейде, орамал деген секілді. Әркім өз жағдайына қарай дауылшыларға сыйлық жасайды”, – дейді Мехмет.

Фото: youtube.com/@trtworld

Фото: Stan.kz/Ауызашар сәтінен

Талқылау