Су астында қалған Қазақстан, Бишімбаевтың соты мен Мәскеудегі теракт: Наурызда болған ең маңызды оқиғалар
Бүгін, 31 наурыз – өтіп бара жатқан бір айдың қорытындысын шығаратын уақыт. Осы айда елімізде біршама өзгерістер болды, мысалы 1 наурыздан бастап Қазақстанның барлық аймағы бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты. Сонымен қоса бірнеше заңдар мен ережелер ұсынылды. Ал айдың соңына қарай еліміздің бірнеше аймағын су басып қалды. Stan.kz ақпарат агенттігі наурыз айында болған маңызды оқиғаларды ұсынады.
Бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу
1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты. Уақыт белдеуінің енгізілуіне байланысты 2024 жылы 1 наурызда сағат 00:00-де сағат тілі қайта 23:00-ге ауысқан. Осыған байланысты ертесі күні біраз олқылықтар да байқалды. Мәселен, сағат тілі ауысқан соң қазақстандықтардың туған күні басқа датаға өзгеріп кеткен.
"TikTok түсіргені үшін өзіңе пышақ тық деген": Сарыағаштағы сұмдық оқиға
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылында күйеуін аса қатігездікпен өлтірген 34 жастағы әйел 15 жылға сотталды. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Дау TikTok-тан басталған. Әйелдің анасының айтуынша, 40 жастағы жолдасы әйеліне әлеуметтік желіге видео түсіруге тыйым салып, жанжал туған. Анасының сөзінше, қызы тұрмысқа шыққалы бері қысым көріп келген.
Түркістан облысының тұрғыны 99-баптың 2-бөлігі (Адам өлтіру) және 190 баптың 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда марқұмның туыстары келіндерінің өмір бойына сотталуын сұраған. Кешірім бермейміз деген жәбірленуші тарабы балалардың балалар үйіне тапсырылуын да сұраған.
Бұл оқиға қоғам арасында әлі де талқылануда.
Автобус жүргізушілерінің жасына қойылатын талап өзгереді
3 наурызда Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев жақын арада автобус жүргізушілерінен талап етілетін жасты 23 жасқа дейін төмендету жоспарланғанын айтты.
“Жүргізушілердің жасын 23 жасқа дейін төмендету туралы шешім бар. Ал D1 санаты үшін тәжірибе өтіліне қойылатын талап 1 жылдан 3 жылға дейін болмақ. Мен бұл ең қажет шешім емес екенін білемін. Дегенмен талаптардың қатаңдауына байланысты олардың саны автобус жүргізушілерінің саны 4 мың адамға дейін қысқарған. Бұл өте аз. Бұл көрсеткішті көрсеткен кезде парламент мәжілісінің спикерлері бізді қолдады”, –дейді министр.
Алматыда болған тағы бір қуатты жер сілкінісі
4 наурызда Алматы қаласында тағы да 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісі сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 4 наурызда Алматы уақытымен 11 сағат 22 мин 05 сек (2024 жылғы 4 наурызда Гринвич бойынша 06 сағат 22 мин 06 сек) тіркелді.
Жедел ақпаратқа сәйкес Алматы облысында жер сілкінісінің қуаты 5 балл, Жетісуда (Талдықорған) 2 балл болған.
Қала қайда әбігерге түсіп Алматыда жоғары оқу орны, колледж бен мектептерде сабақ тоқтатылған. Осы жолы сирена іске қосылып, полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Кейін жер сілкінісінен кейін бірнеше ғимарат зардап шеккені белгілі болды. ТЖД Алматы аумағында қатты жер сілкінісінің болмау ықтималдығы 70% деп мәлімдеді.
Кейін Алматы әкімі жер сілкінісін хабарлайтын 475 миллиондық жаңа жүйе енгізіліп жатқанын айтты.
Бишімбаевтың соты
Осы айда Әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып-өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев істі алқабилер сотында қарауды сұрап өтініш білдірген. 11 наурызда Бишімбаевтың соты бойынша алдын ала тыңдау басталды. Экс-министр алғашқы сотта-ақ өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын жеткізді.
12 наурызда Сот Бишімбаевтың істі алқабилер сотында қарау туралы өтінішін қанағаттандырды.
27 наурызда Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу аяқталды. Сол күні алқабилердің қатысуымен алғашқы тыңдалым өтті. Экс-министр өзінің ешкімді қатігездікпен өлтірмегенін алға тартып, кінәсін мойындамады.
29 наурызда сот отырысында жәбірленуші Салтанат Нүкенованың ағасынан жауап алынды. Ол марқұм қарындасының соққыға жығылған кездегі суретін көрсетіп, екеуінің арасында болған хат алмасуларды оқып берді.
Отырыс аяқталған соң адвокаттар Бишімбаевқа қатысты сот процесінің ұйымдастырылуын сынға алды.
10 күн тойланады: Наурыз мейрамына қатысты өзгеріс
13 наурызда ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда Наурыз мерекесі реформаланғанын мәлімдеді.
Өзгерістерге сәйкес енді мейрамда онкүндік жарияланады. Мерекелік онкүндік былай жоспарланған.
“Хабар” арнасындағы шу
12 наурызда "Хабар" арнасының "Бірақ" отбасылық ток-шоуында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелге арналған бағдарлама көрсетілді. Ток-шоу кезінде жүргізушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді күйеуімен татуласуға мәжбүрлеген.
Бұл бағдарлама қоғам наразылығын бірден тудырды. Кейін “Хабар” агенттігінің төрағасы ток-шоуды ақтағанымен мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева “Бірақ...” ток-шоуының жабылатынын мәлімдеді.
Насыбайға салынған тыйым
14 наурызда Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек Қазақстанда насыбай сатуды мүлдем тоқтатуды ұсынды. Депутаттың айтуынша, бүгінде кез келген адам, оның ішінде мектеп оқушылары насыбайды еркін сатып ала алады.
Мәжілісмен бұл өнімнің құрамы күмәнді екенін айтып, оны пайдалану денсаулыққа зиян келтіретінін ескертеді. Жарқынбек "елді улап жатқан бұл індетті ауыздықтап, оның таралуын түбегейлі тоқтату қажет" деп есептейді.
Кейін насыбайға қатысты Тоқаев та пікір білдірді.
Тоқаевтың айтуынша, қазір – 21 ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман.
“Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек”, – дейді президент.
Балалар мен энергетикалық сусын
15 наурызда елімізде енді балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусын сатылмайтыны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 21 жасқа толмағандарға зиян өнімді сатпау туралы шектеу енгізілетінін айтты.
Мамандар құрамында таурин, мелатонин, карнитин сияқты 10-15 түрлі қоспасы бар өнімді тұтыну жүрек-қан тамыры, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауруына алып келетінін жеткізді.
Депутаттар ұсынылған түзетулер бизнесті белгілі бір дәрежеде шектегенімен, сусынның зияны елге тиіп жатқанын жеткізді. Сол себептен энергетикалық сусын өндіретіндерге салық та көтерілуі мүмкін.
Ұлттық құрылтай
15 наурызда Атырауда Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Тоқаевтың төрағалығымен өткен басқосуда құрылтай мүшелері секцияларда айтылған ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салып, өз ойларымен бөліскен.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде президент мемлекеттік тілге қатысты, өткен заманның қайраткерлері төңірегіндегі талқылау мәселесі, қоғам арасындағы жат діни идеалдар мен қыз алып қашу дәстүрін сынады.
Елтаңба
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда Тоқаев Қазақстанның елтаңбасын өзгертуді ұсынды.
“Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады", – дейді президент.
Бұл ұсынысқа қатысты да қоғам арасында үлкен талқылау болып жатқанын қоса кетейік.
Елімізде қосылатын жаңа тұрғын үй бағдарламасы
Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш – баспана екенін атап өтеді.
“Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған "Отау" ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады”, – дейді Тоқаев.
Көктем және тағы да су басу
1 наурызда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров су тасқыны кезеңіне байланысты қадағалау жұмыстарын тапсырып, қол астындағыларға "кабинетте отырмай, сыртқа шығыңыздар” деп бұйырған. Осылайша су басып қалмай тұрып ертерек қамдануды ескерткен.
28 наурызда Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. 27 наурызда Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы әуежайдың ұшу алаңын да қарғын су басты.
Қазақстанның 10 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысында жағдай өте күрделі дейді. Кейбір аймақта төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар жылда қайталанатын табиғи құбылысқа дайындық жасамады деп билікті сөкті.
Әлемдегі назар саларлық оқиғалар
Түркияда мысық өліміне байланысты наразылықтар болды. Қоғам наразылығынан кейін мысықты ұрып өлтірген ер адам 2,5 жылға сотталды.
Стамбулда болған оқиға бүкіл Түркияда резонанс тудырған еді. Ибрахим Келоглан есімді ер адам жануарды әдейі азаптаған. Ол қаңғыбас мысықты 6 минут бойы тепкілеп, жануар қашуға тырысқанда, оның жолын жауып алған. Оқиға ер адам тұратын тұрғын үй кешенінің лифтінде болды.
Халық наразылыған соң, ер адам қамауға алынды. Алғашында сот Ибрагим Келоғланды бір жыл үш айға бас бостандығынан айырғанымен, Ыстамбұл тұрғындары сот ғимаратының маңында жаппай наразылық шерулерін бастап, әлеуметтік желілерде #eros (мысықтың аты) белгісімен 1 миллионға жуық жазба жарияланды.
Нәтижесінде сот шешімімен Ерос есімді мысықты өлтірген Ибрагим Келоғлан 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, ел президенті Режеп Тайып Ердоған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Ресейдегі президент сайлауы
Ресейдегі президент сайлауы 15-17 наурыз аралығында өтті. 17 наурызда Ресейде президент сайлауының үшінші күнінде елімізде сайлау учаскелері ашылды.Ресей азаматтары Ресейдің Астанадағы елшілігіндегі консул бөлімінде, Алматыдағы бас консулдық пен Өскемен және Оралдағы консул бөлімшелерінде дауыс берді.
Алматыда дауыс беруге келген азаматтардың кезегі көшеден көшеге жалғасса, Астанада 500 метрге дейін жеткен. Stan.kz тілшісі Алматыдағы Ресейдің бас консулдығына барып, ресейліктермен тілдесіп қайтқан.
Ресми мәліметтерге сәйкес, дауыс беру нәтижелері бойынша хаттамалардың 99,1% өңделгеннен кейін Владимир Путин (өзін-өзі ұсынған) – 87,33%, Николай Харитонов (РФ Коммунистік партиясы) – 4,31%, Владислав Даванков ("Новые люди") – 3,79%, Леонид Слуцкий (ЛДПР) 3,19% дауыс жинаған.
Мәскеудегі теракт
22 наурыз күні кешке Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында қарулы адамдар теракт жасады. Әлеуметтік желіде таратылған суреттерде шабуылшылардың залда автоматты қарумен кездейсоқ оқ жаудырғаны көрінген болатын.
Ресей билігі “Крокустағы” терактіге қатысы бар деген күдікпен 11 адам, оның ішінде шабуылға қатысы болуы мүмкін 4 кісі ұсталғанын мәлімдеген. Олардың барлығы Тәжікстан азаматтары. Терактіден кемінде 152 адам қаза тапқан.