Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ақшаның керегі жоқ”: Алматыда үйлерінің сүрілетінін естіген жұртшылық Үлкен айналма жолының ұзартылуына қарсы шықты

Алматыда 200 шақты үйдің тұрғындарды Үлкен айналма жолының ұзартылуына қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Себебі жол құрылысына байланысты баспаналары сүріледі дегенді естіген. Аудан әкімдігі әлі бекітілмеген жоспарға бола шу шығарудың қажеті жоқ дейді.

Өжет ықшамауданының тұрғыдарынан айтуларынша, жергілікті әкімдік ауылдағы жер үйлерді бұзып жол салмақшы. 

“Бұл үйде менің әке-шешем тұрған. Балалық шағым өткен үйді ешкімге бермеймін.Қанша ақша берсе де, біз үйімізді бұзуға келсіпейміз. Себебі бұл үйде бір ғана жанұя тұрмайды. Бір үйде 2-3 отбасы тұрып жаты. Біз ешқайда кетпейміз”, – дейді тұрғындардың бірі Раушан Нүсіпова.

Тұрғындар биліктегілердің жол салынатынын хабардар етпегеніне өкпелі. 

“Бізге ешқардай хабарлама, ескерту, ұсыныс та келмеді, біздің әкімдік бір мекеменің ашылуы болады деп шақырды. Сосын бұл туралы 2023 жылы келісім болған, болатын деп айтты. Ол кіммен болған келісім, оны бізге айтпады”, - дейді тағы бір тұрғын Тамара Бузмакова.

Зейнеткер Асқар Қасеновтің де талабы осы. Туғаннан бері осында тұратын азамат үйінен көшпейтінін айтып отыр. Қанша өтемақы төлесе де, райынан қайтқысы жоқ. 

“Ақшаның маған керегі жоқ. Әке-шешемнің, ата-бабамның кіндік қаны тамған жер маған жақын. Мені оданда трактормен көміп кеткені дұрыс. Орнымнан тырп етіп қозғалмаймын”, – дейді Асқар Қасенов.

Жоспарда Тілендиев көшесі осы ықшамауданның үстімен өтуі тиіс. Ал жол түсетін аумақта 200-ге тарта жер үй бар. Тек сол сүрілетін үйдің иелері бұған үзілді-кесілді қарсы. Халықтың жиналғанын естіп жергілікті шенділер де көп ұзамай осында келді. Айтуларынша, мәселеден хабардар. Алайда қанша үй сүрілетіні әлі белгісіз. "Қаулы әлі күшіне енбеді" дейді. 

“Бүгінгі күнге дейін қанша үй сүрілетіні туралы нақты ақпарат жоқ. Өйткені жобасы әлі бекітілмеген. Сараптама наурыз айында кіру керек. Шілде айында сараптама шығады. Сол кезде анық болады”, - дейді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.

Егер баспанасы сүрілетін болса, орнына өтемақы төленеді деп халықты дүрлікпеуге шақырды. Бірақ жұрттың бұған көнгісі жоқ. Олар жоспарды өзгертіп, Үлкен айналма жолды ұзартудың басқа бағытын қарастыруды сұрап отыр.

Талқылау