Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы мұнайшылардың ереуілі: Наразылыққа қатысқандар жұмыстан шығарылмақ

Жетібайда West Oil Software мұнай компаниясының жұмысшылары 2023 жылдың 11 желтоқсанынан бері ереуілге шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

"ҚазМұнайГаз" West Oil Software компаниясының Жетібайда үш айдан бері ереуілге шыққан қызметкерлермен еңбек қатынастарын тоқтатуға дайын екенін хабарлады.

"ҚазМұнайГаз" АҚ мәліметтері бойынша, 2024 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша келтірілген залал миллиардқа жуық теңгені (тәулігіне 23 миллион теңге) құрады. Осыған байланысты жұмыс беруші компаниямен еңбек қатынастарын тоқтату мәселесін қарастыруда. "Сонымен қатар ҚМГ еншілес компанияларда қосымша штат ашпайды және жаңа еншілес кәсіпорын құрмайды. Сондықтан біз ереуілге қатысушыларды мәселелерді диалог арқылы шешуге шақырамыз", – делінген баспасөз хабарламасында.

Жұмысшылар жалақыларының төмендігіне, техниканың ескілігіне, әлеуметтік пакеттің жоқтығына шағымданған. 

Компания 2024-2026 жылдар аралығында 200-ден астам техниканы жаңартуға уәде беріп отыр. Ұлттық компания жұмыс берушінің жалақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты өз міндеттемелерін орындайтынын атап өтті.

"Жергілікті билік пен ҚМГ ереуілге шыққан жұмысшыларды келіссөздерге шақыруға әрекет жасады. Алайда, біздің ақпаратымыз бойынша, мұндай бастамаларға кейбір белсенділер тосқауыл қойып отыр. 88 жұмысшы ереуілден бас тартып, жұмысқа кірісті. Жұмыс беруші ереуілге қатысушылармен еңбек қатынастарын тоқтату мәселесін қарастыруда", –деп қосты "ҚазМұнайГаз" АҚ.

Жұмысшылардың ереуілі 11 желтоқсаннан бері жалғасып келеді. Бұған дейін 200-ге жуық жұмысшының ереуілге шыққаны хабарланған болатын.

Еске салсақ, Маңғыстауда мұнай сервис компаниясының жұмысшылары президентке бейнеүндеу жолдаған. Олар жалақыны 100%-ға көтеруді талап етіп, ауысым мерзімін 10 күнге дейін қысқартып, шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын вахталық жұмысшыларды автобустармен қамтамасыз ету сынды талаптар қойған. 

Талқылау