Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке нөмірімізді қайдан алады, кім таратады": Астаналық тұрғын желіде жарнамалардың үздіксіз қоңырауына шағымданды

Желіде астаналық тұрғын жеке дерегі мен телефон нөмірі түрлі компаниялар арасында сатылып жүргенін айтып шағымданды. Айтуынша өзіне күнде медицина орталықтары мен компаниялар хабарласып, қызметін жарнамалайды екен. Бұл қоңыраулар тұрғынның әбден мазасын алған. Осы мәселеге байланысты Stan.kz тілшісі цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті маманынан қазақстандықтардың жеке дерегі қалай қорғалатынын сұрап білді. 

Фото pexels-тен

Facebook желісінде астаналық тұрғын жеке деректері үшін алаңдайтынын алға тартып, жазба жариялаған.

“Кейінгі кездері маған түрлі медициналық орталықтар мен тамақтандыру орындары қоңырау шалып, өз қызметі мен түрлі жеңілдігін ұсынып, жарнамалайды. Олардан номерімді қайдан алғанын сұрасам, кейбіреуі телефонды қоя салады. Ал кейбірі тіптен ұялмастан жаттанды сөздерін қайталап, жауап беруден қашқақтайды. Олардың бірі жарнама агенттіктерінен деректер базасын алғанын мойындады. Сонда біздің жеке деректерімізді кім, қайдан алып, не үшін таратады? Мұндай мәселені кім шешеді? Меніңше бұл – қылмыстық іс. Ұялы байланыс мүлдем басқа шықты. Жеке деректеріміз тіпті түрлі компания арасында сатылып жүр екен”, – делінген жазбада.

Тұрғын сонымен қатар мұндай жарнамалық қоңыраулар апта сайын тіпті Алматыдан да келетінін жеткізді.

Осы жазбадан соң желі қолданушылары да өздерінің дәл осындай жағдайға тап болғанын жарыса жазып, пікір қалдырған. Айтуларынша, тіпті микрокредиттік ұйымдар хабарламадан бөлек SMS хабарламаларға дейін жіберетін көрінеді. 

Осы шағымдардан соң Stan.kz тілшісі жеке деректердің қауіпсіздігіне кімнің жауап беретінін және заң бойынша қалай қорғалатынын сұрап білді. 

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті мамандарының айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерінде қамтылған дербес деректер өңделген кезде мемлекеттік сервис арқылы ұсынылады.

“Сервис дербес деректер субъектісіне операторлардың оның дербес деректеріне қатысты орындалатын іс-әрекеттерін бақылау мүмкіндігін беру арқылы оны басқалардың қол жеткізуінен қорғайды. Сервис күніне 1 миллионға жуық сұрауларды өңдейді. Сонымен бірге азаматтардың дербес деректерінің таралуына жауапкершілікті күшейту бойынша заңнама өзгерістерін әзірлеуге және енгізуге қатысты ҚР президентінің тапсырмасын орындайды. 2023 жылғы 11 желтоқсанда "ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР-ның заңына қол қойылды”, – делінген хабарламада.



Мамандар сонымен қатар бұл заңда мынадай түзетулердің көзделгенін тізіп берді:

  • дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау функциясын беру;
  • ҚР-ның заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын, дербес деректері бар құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу;
  • азаматтарды дербес деректердің таралу фактілері туралы хабардар ету;
  • банктен қарыз алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бүгінде осыған орай заң жүйесін қатаңдату бойынша жұмыс істеліп жатқанын жеткізді.

“Дербес деректерді қорғау, электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба салаларында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімін ұлғайтуды, дербес деректерді қорғау және ақпараттандыру салаларында әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін 3 есеге ұлғайтуды көздейтін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР-ның кодексіне түзетулерге бастамашылық ету бойынша барлық қажет жұмысты жүргізіп жатыр”. – делінген хабарламада.

Талқылау