Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дағдарыс, дүрбелең мен ауру": Қазақстандықтарға зиянын тигізген жалған ақпараттар қандай

Биыл елімізде жалған ақпарат таратуға байланысты 4 513 құқық бұзушылық анықталған. Деректерге сай, оның мыңнан астамы онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілердегі интернет-ресурстарда тараған. Мұндай фейктер жай тарап қана қоймай қоғам өміріне зиян келтіруде. Stan.kz ақпарат агенттігі осындай халықты дүрбелеңге салып, соңында кесірін тигізген бір топ жалған ақпаратқа шолу жасады.

Сурет pexels-тен  

2020 жылы елімізде каронавирусқа байланысты шектеу шаралары енген кезде ел ішін дүрбелеңге салған түрлі ақпараттар жан-жақтан желдей есті. Осы бір кезеңде халықтың тіпті деректердің рас-өтірігін ажырата алмай сенім білдіргені де жалған емес. 

“Вакцинаны адамдарды өлтіру үшін салады немесе улы дәрі сеуіп жатыр”, - деген ақпарат ең көп тараған еді. 

“Халықты дәрімен улап жатыр. Генеоцид”: Қазақстандық файтер Қуат Хамитов жариялаған видео

Қоғамның жалған ақпараттарға деген сенімінен бөлек, ел алында жүрген жандардың сөзіне илануы таңсық жайт емес. Әнші, блогер спортшы болсын өздері үлгі алып немесе сүйіп тыңдайтын жандарды жалған сөйлейді деп ойламаса керек. 

2021 жылы вирустың әлі де жүріп тұрған тұсында қазақстандық файтер Қуат Хамитов өзінің жеке парақшасында үндеу жариялаған еді. Онда ол елімізде дизенфекция жасаймыз дегендердің улы дәрі сеуіп жүргенін айтып, халықты сақтыққа шақырған. Кейін парақшасына осыған байланысты түрлі видеолар да салған еді. 

Көпшілік бұл ақпаратқа шүбәсіз сеніп, кейін тіпті әртүрлі өңірлерде дезинфекция жасап жүрген қызметкерлерге барып “не шашып жүрсіңдер” деп бопсалап, қысым көрсеткен жағдайлар көбейді. Тіпті сол үшін мамандарға қол көтерген де жайттар орын алды. 

Алайда бұл ақпараттың фейк екені ешкімге күмән келтірмеді. Себебі көпшілік спортшының үндеуіне сенді. 

Осы жайттардан соң Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де түсініктеме берді. Ведомство мұның ағаштарды зиянкестер мен аурулардан қорғау бойынша жыл сайын өткізілетін іс-шара екенін жеткізді. Бұл үшін ең тиімді құралдардың бірі биопрепараттар себілген. Ал дәрілердің түнде себілуінің себебін министрлік былай түсіндірді:

"Жұмыс түнде тиімділік үшін жүргізіледі. Өйткені биологиялық препарат ультракүлгін сәулелердің әсерінен тиімділігін жоғалтады", - деді мамандар. 

“Kaspi bank банкротқа ұшырады, депозиттеріңді алмасаңдар ақша қалмайды”

Ел жұртты әуре-сарсаңға салған тағы бір жалған ақпарат 2014 жылы тараған Kaspi bank-тің банкротқа ұшырауы туралы болды. Желіде желдей ескен фейктен соң жұртшылық арасында “депозитте жиналған ақшаны тез арада алмаса, кейін қайтарылмайды”,- деген сыбыспен банкоматтар мен банктің алдында үлкен кезек пайда болды. Kaspi bank-тен басқа бұл тізімде тағы “Альянс банкі” мен “БанкЦентр кредит” те болды.

Жалған ақпараттың кесірінен дүрбелең болып көпшілік кезегінен банкоматтарда ақша таусылды. Бұл одан сайын жұртшылықтың зәресін алды. 

Сол кезде Kaspi Bank басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Алматы мен Астана тұрғындарына көптеген күдікті SMS хабарламалар мен WhatsApp Messenger хабарламалары түскенін мәлімдеді. Банк тіпті осы жалған хабарламаларды таратқан SMS террористерді табуға көмектескен адамға 100 миллион теңге ұсынатынын жеткізді. 

Ал қазақстандықтар осы кезең ішінде банк депозитінен 40 миллиард теңгеге дейін ақша шығарып алған. Ал болған жайтқа байланысты еліміздің экономика министрі банкроттық туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

“Қант тапшылығы”: Дүкендердегі төбелес пен дүрбелең

Былтыр дүкен сөрелерінен қант таппай халықтың дүрбелеңге түскені есімізде. Әрине, сол кезде Сауда және интеграция министрі қоймаларда қанттың қоры Ресей Федерациясының қант экспортына салған тыйымына байланысты азайғанын жеткізді. Алайда дүкендердегі талас пен төбелес желіде тараған жалған ақпараттардан соң көбейе түсті. 

Мұнда “қазір қантты қап-қап етіп алып алмасаң, алдағы уақытта мүлде болмайды”, – деген ақпарат болды. Осы жайттан соң жұртшылық дүкенен қантты қабымен тасып, соңында тапшылық орын алды. Тіпті баға өсіп, супермаркетте кезек пайда болды. Ең сорақысы тұрғындар арасында өнімге таласа бір-бірін жұлқылап төбелесуге дейін барған видеолар әртүрлі қалалардан желіде тарай бастады. Бұл қазақстандықтардың жағасын ұстатып, зәресін алды. 

Кейіннен Ауыл шаруашылығы министрлігі қанттың жеткілікті екенін айтып, тек тұрақтандыру қорынан сұраныстың жоғары екендігін жеткізді. Ал шектеулі мөлшерде сатылуына алыпсатарлардың себеп болғанын айтты. 

“Арықтауға көмектеседі”: Желідегі белгісіз препараттардың зияны

Елімізде әсіресе қыз-келіншектер арасында желілерде қаптап жүрген жарнамалық жалған ақпараттардың да кесірі көпке тиюде. Оның ішінде ең көп таралып жүрген дерек арықтауға көмектесетін дәрілер туралы. Көбіне бұл дәрілер өздерін құрамында емдік шөптердің бар екенін айтып жақсылап жарнамалайды. Алайда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік мұндай препараттардың барлығын зиян деп тыйым салған.  

Қазақстанда 2021 жылы биологиялық белсенді қоспалардың стандартқа сай емес екендігі анықталып, тіркеу күші жойылған. Сондықтан мұндай дәрілер дәріханаларда сатылмайды. 

Алайда олардың пайдасы туралы ақпаратты желіде тіпті ел алдында жүрген тұлғалар да жарнамалаған. 

Мұндай дәріні қолданған қазақстандықтар соңында ауруханадан шыққанын айтып шағымданды. Дәрігерлер мұндай дәрілер қан қысымынан бастап, жүрек пен миға қан құйылу қаупін жоғарылататынын айтады. Тіпті одан адам өліп кетуі де мүмкін екен. 

Елімізде құқық қорғаушылар мұндай жалған ақпарат таратқандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады. 

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама” туралы заң қолданысқа енгізілгеннен бері министрлік желіде қоғам мен мемлекетке зиян келтіретін жалған ақпаратты орналастыру және тарату фактілерін анықтау мақсатында жүйелі түрде тексерулер жүргізіп келеді. 

Бас прокуратура жалған ақпарат таратқаны үшін қолданылатын жазаның Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қандай айырмашылығы бар екенін түсіндірді.

Мәселен, "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң жобасында жалған ақпарат таратқан пайдаланушылар үшін 20 АЕК, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК көлемінде жауапкершілік көзделген.

Талқылау