Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полиция қызметкерін атып өлтіріп, таңды темір тордың ар жағында қарсы алған түлек": Қазақстандықтар 90-жылдарда басынан өткізген оқиғаларымен бөлісті

Соңғы уақытта Ресейдің “Слова пацана” (Жігітше сөз. Асфальттағы қан) деп аталатын сериалы қоғам талқылауына түсті. Тіпті халық арасында бұл фильмді “Қазақстанда көрсетілуіне тыйым салына ма” деген сұрақ туындаған. Аталған кино зорлық-зомбылықты дәріптеп, жастардың санасына кері әсер етеді деген болжам айтылған. Осы ретте қазақстандықтар 90-шы жылдарда басынан өткерген бұзақылық оқиғалары мен көшедегі төбелестер туралы айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Слова пацана

“Біреудің құлағын кесіп алып, өзімен алып жүрген жігітті көрдім”

Белгілі желі белсендісі Шыңғыс Айнабеков өзінің білім алған ордасын мысалға келтіріп, “Слова пацана” фильмінің мұның жанында “сөз емес” екенін айтады. Сөзінше, өзі тұрған Шымкент қаласындағы ең нашар уақыт – 1993-1998 жылдары болған. Ол уақытта газ болмаған тіпті жарық та жиі сөнетін еді, деп еске алады ол.

“2002-2004 жылдар қазіргі заманға сай болып көрінгенімен, мен үшін 8-9 сынып өмір мен өлім арасындағы кезеңдер болды. Біз аудандарға бөлінбедік, мектептерге бөлінетінбіз, бір мектеп екіншісіне қарсы. Бір мектеп екінші мектептің одақтасы болған кездер де болатын. Менің мектебім тыныш еді, өйткені ол орыс және қазақ сыныптарынан тұратындықтан, бізге ерінбегендердің барлығы келетін. Мен ешбір топқа кірмедім, өзіммен өзім болдым, дзюдо жаттығуларына бардым, үйренуге тырыстым, рэп тыңдадым, жаман сурет салған жоқпын. Бір сөзбен айтқанда, мен ешкімге соқтығыспадым, бірақ егер біреу маған тиіссе, лайықты жазасын беруге әлім жететін. Көбісі менің сыныпта атаман болмағаныма және топтардың құрамында болмағаныма таң қалатын. Себебі ол кезде мектептегі топтар, жаттығудағы топтар, көшедегі топтар танымал болатын”, – дейді ол.

Ол кейін бірге жаттыққан жанындағы жігіттердің Жабайы Арманның (Арман Жұмагелдиев – Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған қылмыстық топтың мүшесі – ред.) тобына қосылып кеткенін айтады. Сондай-ақ араларында тіпті прокуратурада қызмет ететіндері де бар көрінеді. 

Желі белсендісі өзінің сол кезеңде талай сұмдыққа куә болғанын сөз етеді.

“Бір жігіттің аяқ сүйектерін арматурамен ұрып сындырғанын білемін, бір адамның құлағын кесіп алып, оны өзімен бірге алып жүрген есерсоқты да көрдім. Бір жігітке әкесі мектепте беделді болу үшін қару бергені есімде. Айтпақшы, оның әкесі де қылмыстық топта беделді болатын, бір көзі жоқ, мен оның атын атамаймын, танығандар мүмкін таныр. Оның ұлы кейін бір төбелеске қатысып, әкесі секілді бір көзінен айырылған. Кейін әкесі жауап ретінде біреуді жалдап, ол ұлының көзінен айырған адамның бүкіл отбасын өлтіріп кетті”, – деп жалғады Шыңғыс.

Ол сөзін жалғай келе өзінің басынан өткен тағы бір оқиғаны айтып берді.

“Бірде дискотекада екі жігіт төбелесті, біреуі біздің мектепке жауапты болатын. Екіншісі көрші мектептің “старшагы”. Оқиға тура менің көз алдымда болғандықтан мен оларды ажырата бастадым. Олардың екеуі де мені танитын, біреуі мектепте, екіншісі дзюдода, сондықтан олардың бұл жерде төбелес шығарғанын дұрыс деп санамадым. Осы сәтте біреу жүгіріп келіп, менің жағымнан ұрғаны сол еді бұл үлкен масштабты төбелеске ұласып кетті. Аузымдағы қанды түкіру үшін көпшілікті итеріп жібердім, бірақ сол кезде біреу мені артымнан атып жіберді, оқ тура жанымнан өтті, мен басымнан желдің лебін сездім. Шамасы, сәтті еңкейген секілдімін”, – дейді ол.

Ол келесі күні үйінің жанына топ мүшелері келіп, көлікке салып қаланың сыртына алып кеткенін айтады. 

“Олар менің ешкімнің жағында емес екенімді және ешкіммен соқтықпайтын бала екенімді білгендіктен, мені өлтірмейтінін сездім. Бірақ маған қорқынышты болды. Мені тез босата салды, себебі мен ешқандай топтың құрамында емес едім”, – дейді ол.

Калашниковпен полиция қызметкерін атып өлтірген түлектің оқиғасы

“Тағы бір оқиға кейінірек інім мектепті бітіріп, сонымен бірге бітіру кешін тойлауға барған кезде болды. Көлікке мініп, біз 89-дармен (1989 жылы туғандар – ред.) бірге таңды қарсы алуға аттандық. Ал оның сыныбындағы бір жігіт Калашников автоматымен полиция қызметкерін атып өлтіріп, таңды темір тордың ар жағында қарсы алды”, – деп еске алады ол.

Мұндай оқиғалардың өте көп екенін сөз еткен Шыңғыс Айнабеков өзінің кейде “қалай тірі қалғанына таң қалатынын” жеткізді.

“Ең қызығы, мен бұл қалыпты жағдай деп ойладым, бұл барлық жерде болады және басқа таңдау жоқ деп сендім. 10-сыныпта лицейге ауысқанымда, маған мұнда балалар параллель ғаламда өмір сүретіндей көрінетін, төбелес деген атымен жоқ. Ешкім ешкімге соқтықпайтын, ал қару туралы тек фильмдерден естіген. Қатты таң қалғаныммен ескі мектептегі әдеттерім мені тастап кетпеді. Жақында мен ұлы біздің мектепте оқитын досыммен әңгімелестім, ол онда баяғыдай жағдайлардың қайталанбайтынын айтады. Ешқандай қылмыс та, гопстоп та тіпті төбелес те болмайды екен”, – деп сөзін аяқтады Шыңғыс Айнабеков.

“Менің қылмыскер болып кете жаздағаным туралы оқиға”

Бұнымен қоса белгілі қоғам белсендісі Арман Шораев та 90-шы жылдарда басынан өткен оқиғасымен бөлісуді жөн көрді. Ол отбасы Зерендіден Көкшетауға көшкен кезде 13 жаста болғанын айтады. 

“Мен элиталық деп саналатын бірінші мектепке оқуға түстім. Ол нөмірі мен білім сапасы бойынша да бірінші саналатын. Мектепке жақын жерде революционер Куйбышев (Валериан Куйбышев – ред.) атындағы шағын алаң болды, онда біз сабақ кезінде уақытқа 60 метрге жүгірдік, ал сабақтан кейін ол қарым-қатынасты түсіндіру алаңына айналатын. Ол жерде қанша мұрынның сынғаны мен көгергені нақты есімде қалмады. Жаңадан келгендерді әрқашан шеттететін, мен үшін де әр апта сайын күш сынасуға бір себеп табылатын”, – деп еске алады ол.

Шораевтың сөзінше, бұл сәтте оған ауылдағы ауыр еңбектің көмегі тиген. Ол барлық жекпе-жектерде жеңіске жеткенін баса айтады. 

“Біраз уақыттан кейін әділ жекпе-жекте мені бір-бірден жеңу қиын екенін түсінген жергілікті бұзақылар басқа әдісті қолдана бастадыү Олар мені артымнан теуіп мектептен сол алаңға қашып кететін бір жас баланы маған жіберетін. Мен ентігіп оны қуып жеткенімде ағаштардың көлеңкесінен 5-7 жоғары сынып оқушылары шыға келетін де мені аяусыз ұратын”, – дейді ол.

Демалыс күндерінің бірінде ол атасынан қалған заттарды қарап отырып әртүрлі пышақтар салынған қалтаны тауып алады. Онда пышақтардың түр-түрі болатын, деп еске алады Шораев.

“Осы сәтте ойыма қанды кек алу жоспары келді – көз алдыма алаң мен мені қоршап алған бұзақыларды елестеттім. Осы сәтте қалтамнан пышақты суырып алған кездегі олардың сасқан түрлерін елестетіп тіпті шабыттандым. Ауылдан қалаға оқуға келе жатып, қалтамда тұрған пышақты бір сипап алдым”, – дейді ол.

Ол оқиғаның тағы да қайталанғанын айтады. Өзінің алаңға беттеп келе жатқанын ал алдынан тағы бұзақылардың шыққанын еске алады.

“Қолыммен қалтамдағы пышақты қысып ұстадым. Осы сәтте менің өмірім күрт өзгеруі мүмкін екенін түсіндім. Бір минуттан кейін түбегейлі астаң-кестең болады. Егер пышақты шығарғанымда бұзақылардың бірі қорықпаса маған бұл пышақты қолдануға тура келеді ғой? Ал мен өмірімде тауықты да сойып көрмегенмін. Мен бұл сәтті елестетіп көрдім – қанды пышақ, сот, балалар колониясы, жылап жатқан ана мен кішкентай қарындастарым… Жоқ! Арада үш минут өтті. Мен лайдың үстінен тұрып, лас күртешемді тазалап, үйге қайттым. Көңіл-күйім құдды бір олар мені емес мен оларды соққыға жыққандай болды. Еш өкінішсіз пышақты алдым да жанымдағы лайшыққа лақтыра салдым. Мен алдымнан шыққан әрбір адамға күлімсіреп, өзімді мақтан тұтып кетіп бара жаттым. Бұл кетіп бара жатқан – жеңімпаз еді”, – деп тәмамдады Арман Шораев.

Талқылау