Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арыз жазсаң, ақшаң күйіп кетеді деп қорқытады": Қаржы пирамидасына алданған қазақстандық әйел оқиғасымен бөлісті

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржылық пирамидалар тізіміне 31 ұйымды қосқан. Тағы 14 ұйымға қатысты тергеу жүріп жатыр. Агенттік мәліметінше алаяқтар қазақстандықтарға 12 миллиард теңге шығын келтірген. Бірі жақынының сөзіне сенсе, енді бірі әлеуметтік желідегі жарқыраған жарнамаға алданып қалады. Солардың бірі – Айгерім Әсетқызы. Әйелдің айтуынша, ол танысының кеңесімен S Group қаржы пирамидасына 2,5 миллион теңге салған. Бастапқыда күдікті болып көрінсе де, компания арқылы қосымша табыс табамын деп ойлаған. Алайда S Group әшкере болған соң алданып қалғанын білген. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген Айгерім Әсетқызы өз оқиғасымен бөлісті. 

пирамида

Айгерім Әсетқызы (кейіпкердің өтініші бойынша тегі өзгертілді) – жалғызбасты ана, қазір үш бала тәрбиелеп отыр. S Group туралы ақпаратты алғаш рет белгілі блогерлердің жарнамасынан көрген екен. Сөзінше, компания жайлы клиенттерінің бірі кеңес берген соң ақша салуға бел байлапты. 

"Шамамен 1 жылдай S Group туралы естіп, біліп жүрдім. Бірақ компанияға ақша құюға қорықтым. Кейін 5-6 жылдан бері танитын клиентім S Group-қа инвестиция жасау туралы айтты. Бұған дейін ешқандай пирамидаға ақша салып көрмегенмін, тіпті несие де алмағанмын. Алайда былтыр ота жасаттым. Адам қиын жағдайға тап болғанда ештеңені көрмей қалады, өзге адамдар не айтса да бірден көніп қаласың. Екінші жағынан ақшам босқа тұр ғой, одан да табыс әкелсін деген ой болды. Оның үстіне клиентім "S Group компаниясы халықаралық Forex-пен жұмыс істейді" деп айтқан соң сендім", – дейді әйел. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, S Group компаниясының өкілдері ұйымға еліміздегі ірі банктің бірі ақша құяды деп сендірген. Ал қаржы салған соң инвестициядан белгілі көлемде пайда түседі депті.

"Ұйымға 2,5 миллион теңге салдым. Компания өкілдері қаржыға мүлде тиіспесе, 12 айда 2 есеге өсіп, 5 миллионға айналады деп сендірді. Бірақ бұған келіспедім, себебі денсаулығым сыр берген соң күтуші жалдадым. Оның үстіне балалардың балабақшасын да төлеу керек. Басты ойым инвестициядан түскен қаржы осы шығындарды өтеп отырса дедім. Сондықтан ай сайын төлем алу туралы шешімге келдім. Алғашқыда айына 120 мың теңге көлемінде ақша аударып отырды", – дейді Айгерім Әсетқызы. 

Пирамида деп күдіктеніп жүрсе де, компания өкілдері мұны жоққа шығаруға тырысып келіпті. Ал нақты қаржы пирамидасы екеніне әлеуметтік желідегі ақпараттан кейін көзі жеткен. 

"Дәулет Мұқаевтың парақшасында S Group пирамида деген ақпарат тарады. Осы мәліметті оқыған соң бірден экономикалық тергеу департаментіне хабарласып, ертеңінде арыз жаздым. Мені осы компанияға ақша құюға шақырған клиентім де мұны жоққа шығаруға тырысты. Көп ұзамай S Group өкілдері, лидерлері маған қоңырау шалып, арызымды кері қайтаруды сұрады. Тіпті арыз жазбауым үшін барлығын істеуге дайын еді. Алайда ешкімді тыңдамай, бірінші болып арыз жаздым", – деп қосты ол. 

Компания өкілдері мұны “жай тексеріс” деп атады

S Group-тің қаржы пирамидасы екені анықталған соң компания өкілдері салымшыларды сабырға шақырып, мұны "тексеріс" деп атапты. Алайда 1 айдай уақыт өтсе де ешкімнің қаржысын қайтарып бермеген. 

"Тергеу маусымда басталыпты, ал мен пирамида екенін шілдеде білдім. Қарапайым тексеріс дегенге сеніп, ақшасын күтіп жүрген адамдар әлі жетерлік. S Group өкілдері аудит аяқталған соң қаржыны 100 пайыз қайтарып беруге уәде еткен. Бірақ мен мұның өтірік екенін бірден білдім. Ақша көп салған сайын адамдар қиялына сенетін деңгейге жетеді. Сондықтан алдымда екі таңдау болды: не арыз жазу, не ақшадан күдер үзу. Тіпті сайттағы жеке кабинетіме кіріп, шотта тұрған қаржымды 1 секундта өздеріне аударып алған. Екінші жеке кабинетімді жойып жіберген", – дейді әйел. 

Қамауға алынған компания қызметкерінің туыстары арызды қайтарып алуымды сұрады

Арыз жазған соң Айгерім Әсетқызы 2 ай өтпестен қаржысын қайтарып алыпты. Ал шығынды қамауға алынған компания қызметкерінің жақындары өтеп берген. 

"Арыз жазғаннан кейін қамауға алынған кісінің қызы маған қоңырау шалды. Ата-анасы, жақындары арызды қайтарып алуымды сұрады. Тіпті үйлерін кепілге қойып, компанияға салған ақшаны қайтарып бергісі келетінін айтты. Олардың айтуынша, қыздарын кеңсеге барғанда ұстап алған екен, ал пирамидаға қатысы жоқ деді. Департаментте менің арызым жатқан соң тәртіп сақшылары қаржыны қайтарып беруді талап еткен. Осылайша жүрегім ауырса да, зейнеткерлерден ақшаны алдым, себебі бұдан кейін қаржымды қайтарып алу мүмкін болмас еді", – дейді ол.

Айгерімнің айтуынша, пирамидадан зардап шеккендердің басым бөлігі арыз жазудан бас тартқан. Себебі қылмыстық іс қозғалса, қаржы қайтарылмайды деп қорыққан. 

"Зардап шеккендердің арасында 100 мың, 200 мың доллар салғандар бар. S Group болса "арыз жазсаң, ақшаң күйіп кетеді" деп қорқытқан. Сондықтан арыз жазбағандар көп. Дегенмен адам өз құқығын білуі керек. Ақшаны қайтармаған жағдайда жауаптылар жазаға тартылуы қажет. Тіпті жарнама жасаған блогерлерді де "ең мықты, Дубайда жұмыс істейтін адвокат жалдаймыз" деп алдап отыр. Шын мәнінде ешкім қорғай алмайды, өйткені бұл істің ортасында болдым", – деп түсіндірді ол. 

Ақша оңай жолмен келмейді

Айгерім өзге азаматтар да қаржы пирамидаларына алданбауы үшін бірнеше кеңес берді. 

"Пирамида өкілдері адамды түрлі әдіспен көндіруге тырысады. Бірақ ақша салмас бұрын мына нәрсені ойлау керек: Қаражат күйіп кетсе, мен әрі қарай өмір сүре аламын ба? Ақша еш уақытта оңай жолмен келмейді. Қысқа мерзімнің ішінде байып кету деген ертегі ғой. Бұл – менің өмірімдегі ең үлкен сабақ. Сондай-ақ пирамидаға алданып қалғанда көпшіліктің ойын тыңдамау керек. Бірден арыз жазып, шара қабылдаңыз", – деп түйіндеді ол. 

Талқылау