Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тауқаратұрық онлайн: Ауылдық кәсіпкерлер қатары артуда

Ауылға кірген интернет кәсіпкерліктің көзін ашты. Онлайн курстан өтіп жаңа істің басына келгендер мен мемлекет берген мүмкіндіктерді ауылдан шықпай-ақ рәсімдеп, шаруашылығын дөңгеленткендер қатары артты. Интернет Тауқаратұрық тұрғындарының да қолын ұзартып, бизнес идеяларын шарықтатты. Осындай мүмкіндікті тап басып танып, ісімен өзіне де, ауылына да көмектесіп отырған кәсіп иесі Назгүл Сыздықова. Ол ауыл халқына үйінде отырып-ақ заң, мемлекеттік қызмет алу бойынша сауатын арттырып, агросубсидиялау бойынша кеңес береді. Одан бөлек, алма, жүгері, бұршақ өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. 38 жастағы кәсіпкер келіншек сапалы интернет бизнестің бастауы екенін ерекше атап өтті. Тұрғынның айтуынша, жарық сөнсе де интернеті өшпейтін Kcell мобильді желісі өзіне кәсібіне көп көмек береді екен. Кәсіпкер ана Stan.kz тілшісіне сапалы желінің ісіне қалай пайдасы тигенін айтып берді.

Назгүл Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащысай ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетін бітірген ару кейін Тауқаратұрық ауылына келін боп түскен. 

Тауқаратұрық – 700-800 гектар алма бағы мен 3 мыңға жуық тұрғыны бар кішкентай ауыл. Мұнда тұрғындар мал мен егін шаруашылығын кәсіп етеді. Ауылға желі 2015 жылы қондырылған. Алайда кідіріспен жұмыс істеп, кедергілер туындатса керек. Кейін 2021 жылы Kcell мұнарасы орнатылғаннан бері интернет сапасы жақсарған екен. 

“Есімде, кезінде интернет ұстамай, мұғалімдер біздің көше жаққа тізіліп келіп тұратын. Олардың жұмысы желімен тікелей байланысты ғой. Қазір жылдам желі қосылғалы бері әркім өз үйінде отырып құжаттарын толтыратын деңгейге жетті. Балалар емтихандарын тапсыру үшін ауданға бармайды. Онлайн курстар алуға да мүмкіндіктер көп. Ересектер де ауруханадан жолдама шықпаса, интернеттің көмегімен хабарлап, дереу қолжеткізіп жатады. Өзімнің де жұмысым интернетпен тығыз байланысты. 24/7 байланыста отырамын”, – деді Назгүл.

Бүгінде ауылдың сыйлы депутаты қызметінде жүрген келіншек тұрғындарға құжаттарын реттеуге көмек береді. Түрлі субсидиялар, мемлекеттік гранттар туралы ақпаратпен бөлісіп, жұртшылықты кәсіп ашуға бір табан жақындатады. Кейіпкеріміз жер құжаттарынан бастап, E-gov порталындағы онлайн қызметтердің барлығын тұрғындарға жасауға көмектеседі.

“63 мың теңге айлыққа жұмыс істедім”

Алайда келіншек мұндай дәрежеге тынымсыз еңбек пен түрлі кедергілерді еңсере отырып, жеткенін айтады.

“Тұрмысқа шыққан соң алғашында әкімдікте, кейін Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істедім. Алайда бұл жұмысым ауылымыздан бірнеше шақырымға алыс, Шелек деген жерде орналасқан еді. Айлығым 63 мың теңге. Тапқанымның бәрі жол пұлыма кететін. Сол үшін үшінші ұлымды босанғаннан кейін декреттік демалысқа шықтым да, кейін бұл жұмысқа қайта оралмадым”, – деді ол.

Назгүлдің айтуынша, қайын атасы кезінде жер алып, сол жерге фазенда салып берген. Алғашында жұбайымен сол фазендада екі жылдай мал шаруашылығымен айналысқан. Кейін қосымша егін егіп те еңбектенген.

“Егін егеміз, бұрыш, жүгері алқаптары мен алма бағымыз бар. Жолдасым қыс мезгілінде мал бордақылаумен айналысады. Кезінде бұрышты көп көлемде егіп, Ресейге жіберетінбіз. Бірақ карантиннен кейін үш жылдың көлемінде Ресеймен сауда тоқтап қалды. Қазір өнімдерімізді Қазақстанның аумақтарына таратамыз”, – деді ол. 

Назгүл шаруашылықпен айналысудың қиын тұстарын да атай кетті. Айтуынша, табиғи өнімдерді өсіруде бәсекелестікке дайын болу маңызды. Тіпті өнім ысырап болмас үшін барлығын қадағалау қажет екен. Сондықтан егістік алқаптарының көлемін азайтып, дүкен ашуды қолға алған. 

“Заңгер бола тұра, құжаттарымнан қателік табыла берді” : 125 мың теңгенің курсы

2016 жылы Назгүл жұбайымен бірге асылдандыру үшін мемлекеттік қолдау арқылы екі бұқа сатып алғысы келген. Алайда оған қалай құжат тапсырарын білмей біраз қиналғанын жасырмады.

“Бұл бағдарламада мемлекет мал тұқымын асылдандырып жатқаның үшін саған қаржылай көмек береді. Мүмкіндікті пайдаланғымыз келді. Алайда біздің ауылымызда, тіпті ауданымызда бұған құжат жинауды білетін адам болмады. Кейін Талғарда Тәңірберген деген ағаның жасайтынын естіп сонда бардық. Құжатымыздан қайта-қайта қателіктер табылып, алты ай жүрдім”, – деп еске алды Назгүл.

Келіншек осы кезден бастап субсидия, бағдарламаларға құжат жинауды үйрену туралы ойлана бастаған. Оның үстіне ауылға жылдам желі келгелі ақпараттарды іздеп, білім алу бұрынғыдай қиындық тудырмайтынын ұққан.

“Жоғары білімі бар ҚазҰУ-ды бітірген заңгермін. Сонда менің өзім бір құжат үшін 6 ай жүрсем қарапайым адамдарға бұл мүлде қиын ғой. Курс оқитын болдым. “Бұл ағаның жасағанын мен неге өзім істей алмаймын” деген сауалдар туындады. Осылайша желіні пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар, субсидияларға өтінім беруді үйрететін онлайн курсты 125 мың теңгеге оқып алдым”, – деп қосты келіншек.

Назгүл бүгінге дейін түрлі субсидиялардан бөлек, мемлекеттік гранттармен дүкеніне тоңазытқыш, егіс өнімдері мен жемістерді кептіріп, ұнтақтайтын аппарат алған. Кейіпкеріміз осы тұста өзіне жылдам желінің біршама пайдасы тигенін жасырмады. 

“Жарық сөнсе де байланыстамын...”

Бірнеше кәсіпті дөңгелете жүргізген әйел қазір бар назарын ауыл тұрғындарына құжат жасау мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беруге аударған. Дүкенін босатып, бір бөлігіне компьютер құрылғыларды орнатып, Kcell желісін жұмысында пайдаланады.

“Аймақта агросубсидияландырумен айналысатын адам жоқ. Дегенмен қазір ауылымызда мүмкіндік бар. Интернет жұмыс істеп тұр. Төмен бағада бәріне қолжетімді болатындай етіп тұрғындарға неге көмектеспеске. Бұл Халыққа қызмет көрсету орталғына бара алмайтындар үшін де керемет қызмет. Мен үнемі өзіммен бірге ноутбугымды алып жүремін. Әдейілеп Kcell ұсынған тарифті де қосып алғанмын. Себебі ауылымызда жарық сөнсе, өзге желілер өшіп қалады. Ал Kcell электр қуатынсыз-ақ ұзаққа дейін ұстап, кідіріссіз жұмыс істейді. Тұрғындар кейде маңызды сәттерде ЭЦҚ кілттерін жоғалтып алып жатады. Ал мен ашқан адамдарыма қайта дер кезінде жіберіп отырамын”, – деп қосты ол.

Назгүл алдағы уақытта курс ашып білімін өзгелерге үйретуді де жоспарлайтынын жеткізді. Әзірге дүкенін кеңсеге айналдырып, жанына көмекші алсам дейді.

“Жұмысым тікелей желіге байланысты болғандықтан мен міндетті түрде жылдамын таңдаймын. Маған Google, E-gov-қа кіру үшін кідіріссіз қызмет қажет. Міне осындай тұста лимитсіз тарифке қосылған жылдам желі көмектеседі. Мемлекеттік сатып алу, зейнетақы аударымдары, өзге құжаттарды да жасау міндетім”, – деп қоса кетті ол. 

“Ауыл тұрғыдарына пайдам тисе екен...”

Бүгінде Назгүл ауылдың сыйлы депутаты ретінде су, жер, қоқыс мәселелерін көтеріп елді-мекеннің көркеюіне де атсалысып жүр. Айтуынша, ауыл тұрғындары да кез келген жағдайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бір-біріне көмектесуге дайын тұрады. Біреуде қиындықтар туындаса ауыл чатында тез арада жазылып, шешімін халық бірге іздейді екен.

“Мәселен, жақында ауылымызды жолаушыларды тасымалдайтын азаматтың көлігі жол апатына ұшырап, 8 тұрғынымыз жарақат алды. Халық менің шотыма шамалары жеткенінше ақша аударып еміне көмектестік. Сол секілді өрт, оқыс оқиғалар мен қайырымдылық шараларына қаражатты оңай жинайтын болдық. Бұрын әр тұрғын қайырымдылыққа қаражат беру үшін дүкенге келуге уақыт таппай жүрсе, қазір интернеттің арқасында бір сәтте-ақ, шотыма аударып жібереді”, – деп қосты кәсіпкер.

Төрт баланың анасы өз ісінде отбасының ерекше қолдау көрсететінін жеткізді. 

“Үлкен ұлым 10-сыныпта оқиды. Келесі жылы білімін сынайтын уақыт жақындап келеді. Сол үшін қазір онлайн оқуға жазылып дайындықты бастап кеттік. Кіші ұлым 8 айлық. Балаларым барынша сабақтан келе сала шаруашылыққа көмектеседі. Бұрын дүкенде тұратын, қазір қораның жұмыстарына жәрдемдеседі. Отағасы да бастамамды қолдауда. Басты мақсатым тұрғындардың мемлекет беріп жатқан мүмкіндіктер туралы білгенін қалаймын. Соны пайдаланып іс бастаса, дамытса үлкен жетістік. Сондықтан халқыма пайдам тисе екен деймін”, – деп қорытты Назгүл.

Айта кету керек, 250+ бағдарламасының аясында ауылға Kcell операторының желісі 2021 жылы тартылды. Осы ретте енді ауыл тұрғындары жылдам желінің игілігін көріп отыр.

Kcell операторы 2023-2024 жылдарға арналған желіні дамыту бағдарламасы аясында 250-ден астам ауылдық елді мекендерді заманауи байланыс қызметіне қосуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде оның 76-сы іске қосылған. Ал 60 базалық станция орнатылып жатыр.

250+ жобасы бойынша елді мекендерде трафикке тұрақты сұраныс өсуде. Оған дәлел онлайн қызметтер қарқынды қолданыла бастаған. 

Kcell операторы бүгінде 250+ бойынша 900-ден астам ауылға интернет кіргізген.

Талқылау