Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз сомы 22 есеге, ал теңге 100 есеге құнсызданды – Экономистер 30 жылда теңгенің не себепті құлдырап кеткенін түсіндірді

Қазір көпшілік тенгенің құны долларға шаққанда 30 жылдан бері 100 есе құнсызданғанын талқылап жатыр. Мәселен, 1993 жылы доллардың құны 4,69 теңге болса қазір 469 теңгеге дейін барады. Ал Қырғыстанда 1993 жылы сомның долларға шаққандағы құны 4 сом болса, қазір 89 сом ғана екен. Неге теңгенің құны басқа елдерден қарағанда едәуір құнсызданған? Бұған қандай факторлар әсер етті? Бұл туралы Stan.kz тілшісі экономистерден сұрап білді. 

Теңге Қазақстанда айналымға енгізілген сәттен бастап бірнеше рет девальвациядан өтті және реттеуші еркін өзгермелі бағамға көшу туралы шешім қабылданды. 

1993 жылдың соңында бір доллар 4,69 теңге болған. Бірақ желтоқсан айында Америка валютасының құны 5,25 теңгеге дейін көтерілді. Ал 1994 жылы доллар 35,64 теңгеге дейін өсті.  

Теңге алғаш рет 1994 жылы күрт құлдырады. Алдымен ақпан айында курс бірден 4,7 теңгеден 11 теңгеге дейін көтерілді. Бірақ ұлттық валютаның тұрақтылығы ұзаққа созылмады. Келесі үш ай ішінде доллар біртіндеп өсіп, 1994 жылдың мамыр-маусым айларында теңге антирекордты жаңартты. Айырбастау пункттерінде бір доллар 35-40 теңгеден сатылды. 

Сарапшылардың бағалауы бойынша, 1994 жыл елдің 30 жылдық тарихындағы теңгенің құнсыздануы тұрғысынан ең маңызды жыл болды.

Осындай қысқа уақыт ішінде ұлттық валютаның күрт әлсіреуінен кейін салыстырмалы тыныштық орнады. Дегенмен доллар біртіндеп өсе берді. Соған қарамастан, 1999 жылға дейін доллар бағамы екі есеге жуық көтеріліп, 85-86 теңгеге дейін барды. 

Елімізде екінші девальвация 2009 жылы болды. Ақпанында доллар бағамы Қазақстанда 130-дан 170 теңгеге дейін өсіп, кейін доллар 150 теңгеге түсті.

2014 жылдың ақпанында елде үшінші девальвация тіркелді. Бұл жолы Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған тұста 1 доллар 185 теңгеге дейін қымбаттады. Сол кезде Келімбетов мұны елде артық қор жиналуымен түсіндірген. Дегенмен аталған қор 1,5 жылға ғана жетті.

2015 жылдың тамызында Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімге келді. Нәтижесінде валюта бір күнде 35,5% құнсызданып, бір доллар 188-255 дейін бағаланды. Келесі жылда доллар бағамы 342,16 теңгеге жетті. Ал 2017 жылдың 17 қарашасында 76,8%-ға дейін арзандады. 2019 жылы 1 доллар бағамы 382,75 теңге болды. 2020 жылы доллар 424,53 теңгеге өсті.

“Теңгені нарықтағы құны мұнай бағасына байланысты”

Экономист Айбар Олжаев Қазақстан мен Қырғыстан валютасының құнында неге айырмашылық барын түсіндіріп берді. Оның сөзінше, Қырғызстан сома бағасын банктердегі резерв арқылы ұстап отыр.

“Неге біз басқа валюталардан қарағанда құнсыздандық?! Себебі бұған теңгені еркін нарықтық бағамға жіберуіміз әсер етті. Ал Қырғызстан әлі күнге сомның бағасын орталық банктеріндегі резерв арқылы ұстап отыр. Сондай-ақ Қырғызстанның құрылымы бөлек. Ол елде барлығы импортталады сол себепті де қырғыз сомының бағасы тұрақты болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда қымбатшылық басталып кетеді”, – дейді ол. 

Айбар Олжаев біздің елде экспорттан қарағанда импорт басым екенін айтады. Қазақстанға ең алдымен сырттан келетін долларды теңгеге конверттейді. 

“Бізде мұнайдан доллар түседі ғой, соны теңгеге шағып зейнетақыны дұрыс үлестіріп беруіміз керек. Мысалы, теңгеміз тым күшейіп кетсе, сырттан алатын долларымыз қазіргі жағдайда адамдардың алатын зейнетақысына жетпейтін еді. Сол себепті 15-16 жылға дейін таргет бергенбіз. Егер теңге тым құлдырап жатса,  оған ақшалай резервтен көмек көрсетіледі.  Бірақ біз үшін резервтерді қолдану, теңгені күшпен ұстап отыру ең тиімсіз және елімізді банкротқа әкеп тірейді”, – деп қосты маман. 

Оның сөзінше, осыны ескерген Ұлттық банк теңге өзінің бағасын тапсын және резевтерін жаппасын деген шешім қабылдап, теңгені еркін нарыққа жіберген. Бұған мемлекет араласпауы керек деген жолды таңдады. Бұлай болмаған кезге дейін үлкен девальвация орын алар еді. Бүгінде теңге осы арқылы нарықтық құнын тапты, дейді ол

“Теңгенің нарықтық құны мұнайдың әлемдік биржадағы бағасына байланысты. Мұнайдан түскен түсімдер бізде көп болса, онда біздің төлем бағамызға профицит туады да, теңге күшейе түседі. Мұнайдан түскен қаржы төмен болса, онда теңге керісінше қысымға ұшырап, валюта өзінің құнын жоғалта береді. Нарықтық бағаның бір жақсысы теңгені ұстап тұруға бірде-бір ақша құртылмайды. Сондықтан біздің теңге басқа валюталарға қарағанда көбірек құнсызданды. Өйткен біз нарықтық жолды таңдап алдық. Қазақстан бұл жолды ертерек таңдап алған және ең қиын дағдарыс кедергілерінен де өтіп кетті. Ал кей елдерде ол әлі алда болуы мүмкін”, – деді экономист. 

“Теңгенің құнсыздануына саяси экономиканы дұрыс жүргізбеу себеп”

Ал экономист Арман Бейсенбаев, Қазақстанның валютасын басқа елдермен салыстыруды дұрыс деп санамайды. 

“Қырғызстанның экономикасы басқа. Біздің экономиканы, валюта құнын Қырғыстанмен немесе Өзбекстанмен салыстыру дұрыс емес. Әр елдің өзінің саяси бағыты бар. Саяси көзқарас та әртүрлі. Сондықтан экономикада да айырмашылық болады. Қарапайым тілмен айтсақ экономикамыздың өлшемдері де әртүрлі. Кез-келген валюта курсы сол елдегі реттеуші органдардың қаржы-несиелік саясатына байланысты. Мысалы, бізде Ұлттық банк болса, Қырғызтанның өзінің орталық банкі бар”, – дейді экономист. 

Сарапшы валюталық курсқа қарап сол елдің экономикасына баға беруге болатынын айтады. Өйткені мемлекеттің экспорттық әлеуеті елдегі ұлттық валютаның құнына тікелей әсер етеді.

“Мәселен, Қазақстан экспорттық елдер қатарында. Біз негізінен мұнайды, жалпы алсақ шикізатты экспорттаймыз. Біздің экономикамыздың соған қарай бағытталған, яғни біз шикізатты өндіріп, шет елге сатып, осы арқылы валюта аламыз. Ол валюта арқылы импорт сатып аламыз. Бір сөзбен айтсақ, мұнай сатып, соның арқасында еліміз күн көріп отыр. Ал шындығында біздің елде өндіріс көлемі әлі жеткіліксіз. Қызмет көрсету секторы, банк жүйесі жақсы дамып келеді. Бірақ әлі де мәселелер бар. Мысалы, өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы сияқты салалар баяу дамып келеді. Егер шындыққа тура қарайтын болсақ, біз тек мұнайдың арқасында күн көріп отырмыз”, – дейді ол. 

Арман Бейсенбаевтың айтуынша, қазір Қазақстан экономикасы валютаның нығаюына дайын емес. Сондай-ақ ол валютаның құнсыздануының тағы бір себебі еліміз 30 жыл бойы саяси экономиканы дұрыс жүргізбегеннен дейді. 

“Егер біз 30 жыл бойы саяси экономикамызды дұрыс жүргізе алғанымызда, бүгінгі күні ұлттық валютамыздың әлеуеті басқаша болар еді. Мен біздің валютаға орташа баға берер едім. Өйткені теңгеден әлсіз де, одан мықты да валюталар бар. Дегенмен Қазақстанның валютаны еркін нарыққа жіберуі дұрыс шешім деп ойлаймын. Ұлттық Банктің қаржылай-несиелік саясатына мен  "4" деген баға берер едім. Барлығы мінсіз деп айта алмаймын, мәселелер бар”, – деп түйіндеді сарапшы. 

Талқылау