Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тағы да халықаралық рейтингте: Назарбаев Университетінің мамандықтары Қазақстан бойынша үздік деп танылды

Назарбаев Университеті пәндер бойынша бірден екі беделді халықаралық рейтинг Times Higher Education және Shanghai Ranking-ке енді. Бағалаудың екі жүйесі де маңызды зерттеулер, халықаралық басылымдар мен университетті интернационалдандыруда үлкен рөл атқаратын алдыңғы қатарлы әдістерді пайдаланады.

26 қазанда Times Higher Education (THE) университеттердің пәндер/мамандықтар бойынша рейтингін жариялады. Мұнда Назарбаев Университеті Орталық Азия мен Кавказ аймағында тағы да көшбасшы атанды. Бұған дейін бір ай бұрын THE әлемдік университеттердің жалпы рейтингінде алғаш рет Назарбаев Университетін (NU) енгізген еді. Білім ордасы 501-600 аралығындағы орында әлемдегі ең жақсы зерттеу университеттерінің 30%-дық қатарына кірді.

Жақында NU Жоғарғы қамқоршылық кеңесінің басшысы болған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов та бұл жетістік Назарбаев Университетінің ел мен аймақ үшін әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті болғанының дәлелі екенін айтты. 

"Егер рейтингте 501-600 диапазонын ескерсек, онда үздік 30%-ға кіру Назарбаев Университетінің ТМД елдерінің үздік он университеті мен АСЕАН елдерінің үздік ондығы қатарында екенін білдіреді. Менің ойымша, бұл жақсы бастама, енді сеніммен алға жылжуымыз керек", - деді Назарбаев Университетінің негізін қалаушы президенті Шигео Катсу.

Бұған дейін еліміздің университеттері арасында NU-дан басқа, рейтингке тек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201-1500 диапазоны), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (1500+) және Сәтбаев университеті (1500+) енген болатын.

Назарбаев Университеті рейтингте "Білім" санаты бойынша ерекшеленді. Атап айтқанда, пәндерге назар аударылған жаңа білім беру жүйесі, мұғалімдерді дайындау мен білім беру саласындағы академиялық зерттеулер бойынша бағаланды.

Мына жерде NU 251-300 аралығындағы позицияға ие болды. Университет өзінің білім беру саласындағы озық тәсілі мен инновациялық әдістерін басқа қазақстандық жоғары оқу орындарымен бөліседі. Осылайша, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен NU еліміздегі 100 жоғары оқу орындарының басшыларына арналған Academic Leadership Institute бағдарламасын жүзеге асыруда. Онда ректорлар бірлесіп қазақстандық білім ордаларының өсуі мен дамуы үшін тиімді шешімдер іздейді. 

“Өнер және гуманитарлық ғылымдар”, “компьютерлік ғылымдар”, “инженерия” мен “әлеуметтік ғылымдар” бойынша NU бүкіл әлемдегі университеттер арасында 401-500 диапазонында орын алды. 501-600 аралығына университет өзін "Клиникалық ғылымдар және денсаулық сақтау", сондай-ақ "Физика ғылымдары" (физика, химия, астрономия және т.б.) пәндері бойынша орналасты. "Тіршіліктану" (биология, биохимия және т.б.) және "Бизнес және экономика" мамандықтары бойынша Назарбаев Университеті 601-800 аралығында болды.

Осылайша, Орталық Азия мен Кавказ университеттері арасында пәндік көрсеткіштердің көпшілігі бойынша NU көш бастап тұр. Айта кету керек, THE рейтингіне университет берген пәндер кіреді.

Кестеден көріп отырғанымыздай, еліміздің өзге университеттері 601+ орында тұр. Орталық Азия мен Кавказ елдерінің университеттері де 600-дік қатарынан аспайды. Бұл Назарбаев Университетінің жас болса да елдегі басқа университеттерден қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Назарбаев Университеті Shanghai Ranking рейтингі Жаһандық академиялық пәндер 2023 (GRAS) бойынша енгізілген жалғыз қазақстандық университет болып табылады. 27 қазанда жарияланған рейтингте NU "Телекоммуникация инженериясы" пәні бойынша 201-300 аралығында, ал "Электротехника және электроника" мамандығы бойынша 401-500 аралығында орын алды.

Шанхай жаһандық рейтингі ғылым, инженерия, өмір, денсаулық пен әлеуметтік ғылымдар салаларындағы 55 пән бойынша білім беру мекемелерін бағалайды. Рейтингке енудің негізгі шарты 2018 бен 2022 жылдар аралығында ғылыми мақалалардың белгілі бір санын жариялап тұру. Сол арқылы 2023 жылы рейтингке 1900-ден астам университет енген.

Әдістемеге сәйкес, рейтингтер зерттеу нәтижелері (Q1), зерттеу әсері (CNCI), халықаралық ынтымақтастық (IC), зерттеу сапасы және халықаралық академиялық марапаттарды қоса алғанда, тиісті пәндер бойынша әлемдік университеттердің көрсеткіштерін өлшеу үшін бірқатар объективті академиялық көрсеткіштер мен үшінші тарап деректерін пайдаланады.

Times Higher Education және Shanghai Ranking сияқты беделді рейтингтерге ену Назарбаев Университетінің соңғы жылдардағы стратегиялық дамуы мен оның академиялық жетістіктерге деген ұмтылысын көрсетеді.

Талқылау