5G: жаңа меже және осы жолдағы сын-қатерлер
Kcell жаңа буын желісін өрістету жоспарын асыра орындауда, дегенмен кедергілер де жоқ емес. Солардың бірі радиофобия салдарынан базалық станциялардың алынып тасталуы. GSMA өкілі бұл кедергілерге қандай баға берді? Цифрлық министрліктің жоспары қандай? Президент қойған жаңа кестені орындауға мобилді операторлардың мүмкіндігі бар ма? Stan.kz тілшісі шараға қатысып, мамандармен тілдесіп, тақырыпты зерттеп көрді.
Жаңа меже сапаға салғырт қарауға себеп емес
5G желісін кеңінен өрістету жұмыстары биыл басталып, бүгінде 15 облыс орталығында бесінші буын байланысын қамтамасыз ететін 360-тан астам базалық станция бой көтерді. Оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын 400 мыңға жуық абонент сынап үлгерді. Осылайша цифрларды сөйлеткен мобильді оператор басшысы, жаңа технологияны дамыту жоспары кестеден көш ілгері келе жатқанына тоқталды.
Айта кету керек, өткен жылы желтоқсанда радиожиіліктер аукционында жеңіске жеткен мобильді операторлар консорциумы, 2027 жылға дейін бесінші буын байланысын елімізде кеңінен дамытып, 7000 станция орнатуы керек болатын. Дегенмен “Digital Bridge 2023” форумында Мемлекет басшысы бұл жұмысты барынша тездетуді тапсырды, бұл жоспарды екі жылға яғни 2025 жылға дейін ерте бітіруді межеледі. Бірақ санмен алысып, сападан сүрінуге болмайды деп ескертті. "Kcell" мобилді байланыс операторы артынша осы форум аясында "5G: цифрлық трансформация драйвері" тақырыбында жиын ұйымдастырып, бесінші буын құрылысына жауапты мамандарды бір ортаға жинады. Мобильді операторлар жаңа меженің жұмысқа тың серпін бергенін айтты. Тіпті бүгінгі таңда жоспарланған кестедегі жұмыстар асыра орындалып жатқанын алға тартты. Ал базалық станциялар сапасына селкеу түспейтіні сөзсіз дейді олар. Бұған мобилді операторлардың өздері де мүдделі. Себебі базалық станция жұмысының сапасы ертеңгі табысының да басты құрамдас бөлігі.
5G байланысын дамытуға не кедергі?
Кестеден оза шапқан операторлардың сүрінетін тұстары да бар екен. Солардың бірі радиофобия, яғни мобилді байланыс сәулелері зиян деген түсінікті ұстанған тұрғындардың базалық станцияларды орнатуға қарсылығы. 5G желісін дамытуды бастаған тоғыз айдың ішінде операторлар 18 базалық станцияны демонтаждаған. Былайша айтқанда, барлық қойылған 360-тан астам базалық станцияның 65% қайта бұзуға мәжбүр болған. Бұл дегеніміз 18 тұрғын үйдің байланыссыз қалуы ғана емес, бұл осы тұрғын үйлердің радиусында орналасқан жүздеген ғимараттағы мыңдаған адамның байланыс сапасы нашарлады деген сөз.
"Барлық байланыс операторларының проблемалары бірдей, шынында да 5G-дің қойылған 360 станциясының 18-ін демонтаждауға тура келді, бұл ойлантарлық көрсеткіш. Егер қаланың белгілі бір бөлігінде шартты түрде 6 базалық станция жұмыс істейтін болса, онда олардың біреуін демонтаждағаннан кейін бүкіл аудан бойынша байланыс деградацияға ұшырайды, яғни осы алты станция радиусындағы барлық абоненттер зардап шегеді. Бұл жерде маңызды және бір мәселе: барлық 5G базалық станциялары 4G-мен бірге, яғни екі жиілікте бірден екі қабатта жүреді. Тиісінше, олардың әрқайсысына үлкен жүктеме жүктеледі және олардың әрқайсысын алып тастау салдары байланыс сапасында апатты жағдайға алып келеді", – деді "Kcell" АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.
Радиофобия мәселесімен цифрлық министрлік өкілдері де етене таныс, және бұл кедергіні шешудің түрлі жолдарын қарастырып, тиімді тәсілдерді саралауда.
"Радиофобия - бұл маңызды проблемалардың бірі, жалпы 5G желісінің дамуына өте қатты әсер ететінін көріп отырмыз. Жалпы, мегаполистерде радиофобтардың кесірінен, орнатылған базалық станциялардың жалпы санынан 20%-ға дейін демонтаждалу яғни бұзып алып тастау деректері тіркелген. Бұл проблема бүкіл әлемге тән. ДДҰ желісі бойынша зерттеулер бар, ал біз қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп базалық станцияның рұқсат етілген сигналдарының нормативтерін өзгерту мақсатында өз ұлттық зерттеуімізді бастаймыз. Өйткені бізде ТМД бойынша ең төмен көрсеткіштер бар. Біз министрлік ретінде депутаттармен бірлесіп қол жинау, дауыс беру рәсімін жеңілдету мақсатында тұрғын үй қатынастары туралы заңға түзетулер енгіземіз, шешімді ОСИ емес, үй кеңесіне беру туралы ұсыныстар бар, бұл мәселе тезірек шешіледі деп үміттенеміз", - дейді ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов
Одан бөлек 5G желісін дамытуда инфрақұрылымның немесе базалық станцияларды орнататын орындардың жоқтығы да қолбайлау болады. Сонымен қатар бесінші буын байланыс стандартын өрістету ауқымды қаражатты қажет ететін жоба екендігін жиынға жиналғандар атап өтті.
Kcell өзінің желісі мен инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін, соның ішінде бесінші буын стандартын өрістету мақсатында бірінші жартыжылдықта 78 миллиард теңге қаражат құйған.
Ал соңғы үш жылдағы 106 миллиард теңгеден асатын қаржы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға жұмсалған.
Базалық станциялар орнатылар кезде барлық сертификаттаудан өтеді
Радиофобия расымен де қауіпті ме? Халықтың үрейі қаншалықты орынды? Қоғамның базалық станциялар қызметіне күдікпен қарау үрдісінен қалай арыламыз? Осы ретте радиофобия тақырыбын ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген GSMA департаментінің ғылыми-зерттеу және тұрақты даму жөніндегі аға директоры Джек Раулимен әңгіме өрбіттік.
Радиофобия – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде көп жылдан бері талқыланып келе жатқан тақырыптардың бірі. Жаңа ақпараттық технологиялар пайда болған сайын айтылатын алып-қашпа әңгімелердің аясы да кеңейе түскен.
Джек Раули радиофобтар мобильді байланыстың дамуына айтарлықтай әсерін тигізетінін айтып отыр.
“Станцияның зияны жоқ екені туралы түсіндірме жұмыстарға қарамастан, азаматтар үзілді-кесілді қарсылық танытатын жағдайлар әлі де кездеседі. Негізгі қызметі мен қалай жұмыс жасайтындығы туралы толыққанды ақпаратты білмегендіктен, қоғам осылай қабылдайды. Бірден-бір себебі осында. Расымен де, олар радио толқындардағы технологияны көрмейді ғой. Сол себепті осындай ойдың туындауы да заңдылық. Дегенмен мобильді байланыс технологиясы да, 100 жылдан бері қолданылып келе жатқан теле, радио жиіліктердің қызметі сияқты. Сондықтан үрейленуге негіз жоқ. Станциялардың зияны жоқ екенін дүниежүзі ғалымдары дәлелдеген. Оның үстіне мұнаралар орнатылар кезде барлық сертификаттаудан өтеді”, – дейді GSMA департаментінің ғылыми-зерттеу және тұрақты даму жөніндегі аға директоры Джек Раули.
Соңғы жылдары пандемия мен 5G желісінің пайда болуы халықтың қорқынышын одан сайын арттырып жібергендей. Тіпті кей елдерде байланыс нүктесі – базалық станцияларды өртеуге дейін барған. GSMA өкілі Джек Раули көптеген елде 5G немесе кез келген жаңа технологиялар төңірегінде жалған мәлімдемеге толы ақпараттық вакуум пайда болғанын айтты.
"Менің ойымша, осы саланы табысты реттеу үшін қабылданып жатқан шаралар үш құрамдас бөлікке негізделуі тиіс: халыққа дұрыс ақпаратты жеткізу, реттеуші операторлардың нақты ережелерін белгілеу және осы реттеу саласындағы үкіметтің дәйекті саясаты. Халықаралық ережелерге сүйене отырып, елге де тиімді ережелерді енгізу маңызды. Сол кезде радиофобия мәселесі өздігінен реттеледі”, – дейді ол.
Бірақ дұрыс ақпаратты халыққа жеткізудегі ең басты мәселе – сенім. Халық мобилді байланыс сәулелерінің зиянсыздығы, халық денсаулығының қауіпсіздігіне қатысты мәселеді байланыс операторларынан гөрі Үкіметке көбірек сенетіні сөзсіз. Сондықтан ақпараттық-ағарту жұмыстарында Үкімет сонымен қатар университет профессорларының және халықтың сеніміне ие басқа да ғылыми мамандардың өкілдерін тарта отырып, жүргізуге кеңес береміз", - деп сарапшы ұсыныстарымен бөлісті.
Радиожиілік спектрі, энергияның аз жұмсалуы, ең жоғары жылдамдық
Жыл сайын қолданылатын трафиктің көлемі артып келеді. Мобильді интернет үдеген сайын тұтынушылар контентінің жаңа форматтары туындап жатыр. Қарапайым сөзбен айтсақ, тұтынушылар саны көбейгендіктен, қолданыстағы желілік технологиялар мұндай үлкен жүктемені көтере алмайды. Ал 5 G желісінің ауқымын кеңейту көп мәселені шешеді.
GSMA өкілі Джек Раули мобильді байланыстың жаңа буыны қай жағынан алып қараса да икемді технология екенін атап өтті. Басқа мобильді интернеттерге қарағанда 5 G несімен тиімді екенін де маманнан сұрадық.
Радиожиілік спектрі, энергияның аз жұмсалуы, ең жоғары жылдамдық. Осы айтып өткен қызмет сапалары 5 G желісінде топтастырылған. Трафик үнемі өсіп отырғанына қарамастан, 5 G қызметі жүктемені жақсы көтереді.
“5 G жүйесі – мобильді интернет байланыстың өте жоғары жылдамдыққа ие келесі деңгейі. Бұл жүйе 4 G-ден ең кем дегенде 100 есе жылдам. Жасанды интеллекті дамытуда жаңа байланыс буынның рөлі маңызды. Айта берсе, 5 G-дің мүмкіндігі көп. 5 G дүниежүзіндегі елдерге жаңа мүмкіндіктер әкелетінін және көбірек деректі тасымалдайтынын, сондай-ақ энергияны тұтыну тұрғысынан да тиімдірек екенін дәлелдеп отыр. Мысалы, "ақылды қалаларды" салу кезінде интернетпен қызмет көрсету үшін өте маңызды. Сапалы цифрлық қызмет экономиканың дамуына жол ашады. Ал 5 G цифрландырудың негізгі құрамдас бөлігі деп айтуға толықтай негіз бар”, – деп атап өтті Джек Роули.
Қазақстандық операторлардың бірегей жобалары көп елге үлгі
Джек Раули мобильді байланыс мәселелерін шешу үшін ең алдымен қаладағы жағдайды жақсарту қажет деп есептейді. Өйткені қалай десек те, трафик тұтынушылардың басым бөлігі үлкен қалаларда шоғырланған. Сондықтан халық тығыз орналасқан қалаларда желі аясын кеңейту қажет.
“Ал ауыл-аймақтардағы интернет сапасын жетілдіруге келетін болсақ, меніңше, шалғайдағы елді мекендер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Қазақстан үкіметі ауылдық жерлерде интернет сапасын жақсарту үшін "250+" бағдарламасын тиімді жүзеге асырып келеді. Шынымен де бұл – көп елде жоқ бағдарлама. Екі жыл бұрын осы бағдарлама мобильді байланыс бағытында әлемдегі ең үздік 10 бағдарлама тізіміне кірген болатын. Қазақстанның шекарасы айтарлықтай үлкен. Отандық реттеуші операторлық компаниялар байланыс сапасын жақсарту үшін барлық жағдайды жасауда. Тіпті көп елдерге үлгі болатын бірегей жобаларымен таңғалдыруда”, – деп сөзін түйіндеді GSMA өкілі Джек Раули.