"Біздің жастар тез өмір сүріп, қартаймай өлу қағидасымен өмір сүреді": Алматыда зейнетақы жүйесі халықаралық деңгейде талқыланды
28 қыркүйекте Алматыда "Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту келешегі" атты жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел өтті. Оған шетелдік және қазақстандық жетекші сарапшылар қатысты. Аталған іс-шара Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Зейнетақы жүйелеріндегі өзгермелі жағдай және қартаюдың жаһандық тенденцияларымен байланысты мәселелер үнемі ынтымақтастықта болу мен инновацияны қажет етеді. Дөңгелек үстел әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшыларға, саясаткерлерге және мүдделі тараптарға пікір алмасу, озық тәжірибелерімен бөлісу және зейнетақы жүйелерінің болашағына бағыт-бағдар беруге болатын бірегей платформа ұсынады. Біз бірлесіп инновациялық шешімдерді зерттей аламыз, технологияларды қолдана аламыз және зейнетақы схемаларының сенімді, бейімделгіш және қоғамымыздың өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне жауап беруін қамтамасыз ете аламыз. Бұл оқиға Қазақстан үшін ғана емес, зейнетақы жүйелерін дамытуға мүдделі әлемдік қоғамдастық үшін де маңызды", – деді cалтанатты шараны ашқан ХӘҚҚ президенті доктор Мохаммед Азман.
Дөңгелек үстел барысында зейнетақымен қамсыздандыру, көпдеңгейлі зейнетақы үлгілері, сын-қатерлер, жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелеріндегі мүмкіндіктер мен шешімдер, коммуникациялар, халықтың қаржылық сауаттылығы және зейнетақыны жоспарлау сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин, Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (министр) Бақытжан Сағынтаев қатысып, зейнетақы жүйесіне қатысты баяндамалар жасады.
Сонымен қатар Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберіндегі қаржы нарығына қатысушылар үшін сын-қатерлер мен келешегі туралы баяндама жасады. Оның сөзінше, алдағы уақытта жеке зейнетақы компаниялары мен Ұлттық банкке бірыңғай талаптар енгізілуі мүмкін
“Бұл жүйе қазақстандықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын инвестициялық стратегиялар кешенін қамтуы керек. Дегенмен бұл мақсаттан әлі алыспыз. Біздің басты міндетіміз – салымшылардың мүддесі үшін, олардың назарында және реттеушінің ақылға қонымды бақылауында әртүрлі инвестициялық стратегиялар жиынтығы бар зейнетақы активтерін жеке басқару жүйесін құру. Біз бұл мақсаттан әлі де алыспыз", – деп атап өтті қауымдастық басшысы.
Дөңгелек үстелдің бірінші бөлігін "БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов іс-шараға қатысушыларға құттықтау сөзімен және "Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі: қазіргі жағдайы және даму келешегі" тақырыбындағы баяндамасымен аяқтады.
Өз сөзінде ол Қазақстанда, сондай-ақ бүкіл әлемде жасы 65 жастан асқан адамдардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан халықты еңбек қызметі аяқталғаннан кейін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып отыр. "БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрағасы қазақстандық көп деңгейлі зейнетақы жүйесі туралы айтып, жинақтаушы құрамдауыштың маңыздылығының артқанын атап өтті. Сондай-ақ БЖЗҚ жұмыс істеген жылдар ішінде жинақтар мен зейнетақы шоттарының саны бойынша көрсеткіштердің қалай өзгергенін айтып, зейнетақы жүйесі нәтижелілігінің негізгі өлшемі – халықаралық стандарттар бойынша кем дегенде 40 пайыз болуы тиіс жоғалған табысты алмастыру коэффициентін қоса алғанда, жүйені одан әрі дамыту бойынша болжамдар жасады.
Сессия модераторы отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесі сәулетшілерінің және зейнетақы реформасын әзірлеушілердің бірі Григорий Марченко болды. Оның айтуынша, қазақстандықтар жас кезінен бастап зейнетақы жүйесіне қаражат салуға бейімделмеген.
“Барлығы қартайғанша өмір сүрмейміз, зейнетақыны бәрібір ешкім төлемейді деп ойлайды. 25 жасымда маған достарым да солай айтқан. Кейбіреулері зейнет жасына шыққан кезде бұрын жұмыс істеген орындарынан анықтама алды. Не үшін алды? Өзіне тиісті зейнетақысын алғысы келеді. Жастар өзінің қартайған шағына немқұрайлылықпен қарайды. Бағана спикерлеріміздің бірі қызының күйеу жігіті 22 жасында өз қалауымен зейнетақы жүйесіне қаражат салатынын айтып қалды. Меніңше, бізде ондай жастар жоқ. Бізде Голливудтың өмір салтына еліктейді. Тез өмір сүріп, қартайған шаққа жетпей өлу деген қағидамен өмір сүреді. Бірақ бұл дұрыс емес. Жақсы әрі ұзақ өмір сүруге болады”, – дейді Григорий Марченко.
Сонымен қатар "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев зейнетақы жүйесіндегі жинақтардың кем дегенде төрттен үш бөлігінің тапшы екенін айта кетті. Оның есептеулері бойынша, қаражат шамамен 65 триллион теңге болуы тиіс.
Сондай-ақ Жәмішев жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі қатысушылар санының төмендігін және салымшылардың қаражатты тұрақсыз түрде салатынын атап өтті. Ол Тамара Дүйсеновадан бұл мәселе мәселесі қалай шешілетінін сұрады.
Премьер-министрдің орынбасары өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін зейнетақы жүйесіне қатысуды жеңілдету жоспарланып отырғанын айтты.
"Біз"тәуелсіз қызметкер" ұғымын енгіздік. Ол еш жерде тіркелмеген, бірақ онлайн платформаның мүшесі болуы мүмкін. Егер платформа операторлары жинақтарды аударатын болса, онда мұндай қызметкер жұмыспен қамтылған адам және зейнетақы жүйесінің қатысушысы болады. Қазір біз үшін ең бастысы – өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты зейнетақы жүйесімен қамту және әлеуметтік қамсыздандыруға қатысу қажеттілігін түсіндіру бойынша жұмысты бастау.
Жалақыға, азаматтардың уақтылы зейнетақы жарнасын аудармауына байланысты проблемалар бар. Бұған жол бермеу үшін біз жұмыс берушілерге 1975 жылдан кейін туғандарға қосымша жарна аударуға міндеттедік. 2041-2043 жылдарға қарай мұндай қатысушылардың кемінде 20 жыл еңбек өтілі, жүйеге қатысуы, сондай-ақ жинақталған қаражаты болады. Олар бойынша кірістілікті қаржы институттары қамтамасыз ететін болады. Бұл белгілі бір нәтиже береді деп үміттенемін", – деп қосты премьер-министрдің орынбасары.
Оның сөзінше, Қазақстан осы кезеңге жақындап келеді. Зейнетақының көп бөлігі жинақтаушы жүйе есебінен төленуі тиіс. Алайда билік әлі де қандай модельде жұмыс істейтінін қарастыруда. Келесі жылдан бастап зейнетақы жүйесіне үш субъект – қызметкер, жұмыс беруші және мемлекет қатысады.
"Қазақстандықтар алатын жиынтық зейнетақының 85%-дан астамы мемлекеттік төлемдер. Шамамен 12-15% – жинақтаушы зейнетақы. Болашақта қазақстандықтар бүгінгідей зейнетақының үш түрін алады. Бірақ бұның бәрі біздің жүйеге қаншалықты қатысатынымызға және қаншалықты жүйелі түрде қаражат салатынымызға байланысты болатынын түсінуіміз керек. Зейнетақы мөлшері олар аударатын табысқа байланысты болады", – деді Дүйсенова.
Сессияда Дүниежүзілік банктің әлеуметтік қорғау жөніндегі аға маманы Химанши Джейн, ХЕҰ Әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ХӘҚҚ Өңірлік үйлестірушісі Дмитрий Карасев (Женева, Швейцария), FIAP Президенті Гильермо Артур (Сантьяго, Чили), Mercer аға серіктесі Доктор Дэвид Нокс (Мельбурн, Австралия), Greycells Президенті, доктор Алехандро Бонилла-Гарсия (Женева, Швейцария) спикер болды.
Гильермо Артур зейнетақы реформасының сәтті болуы үшін төмендегі факторларды ескеру қажет екенін атап өтті.
“Таратушы жүйе демографиялық себептерге байланысты тұрақты емес, ал жинақтаушы жүйе зейнетақыларды қызметкерлердің салымдары есебінен ғана емес, сонымен қатар инвестициялық кіріс есебінен қаржыландыруға ықпал етеді, сондай-ақ, елдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады”, – деді ол.
Конференцияда зейнетақымен қамсыздандыру саласының бүкіләлемдік маңыздылығын және жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуды көрсететін өзекті тақырыптар бойынша 26 баяндама ұсынылды.