Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев Университеті оқу орындарды өзгерістерге жетелейтін көшбасшыларды қалай дайындайды

Елімізде университеттер цифрлық ортаның қарқынына бейімделе алып жатыр ма? Бүгінгі таңда жоғары білімнің қандай мәселелеріне назар аудару керек? Осы және басқа да тақырыптарды "Academic Leadership Institute" бағдарламасы аясында Қазақстанның 100 жоғары оқу орнының жетекшілері талқылауда. Осыған орай Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен талдау жобасын әзірледі.

2023 жылдың сәуір айында басталған бағдарлама 9 интерактивті модульді қамтиды. Олардың жұмысы қазан айының соңына дейін жалғаспақ. Көшбасшылармен ұйымдастырылған әрбір кездесу университеттердің өзгерістерге бейімделуінің түрлі үрдістеріне арналған. Атап айтқанда, білім ордасының құндылықтары, көшбасшылық қабілеті, қайта құрылымдау мен студенттердің мәселелерін шешу және академиялық бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету тақырыптары кіреді. Курс аясында ректорлар мен проректорлар жоғары білім саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардың, министрліктер өкілдерінің, ҚР Парламенті депутаттарының дәрістерін тыңдайды. Топтарда жұмыс істеп, практикалық мәселелерді шешеді және тәжірибе алмасады, университеттерде атқарылған жұмыстар туралы кейстермен бөліседі.

17-18 тамызда Назарбаев Университетінде (НУ) "Ұйымдық өзгерістер" тақырыбына арналған 6-шы оқу модулі өтті. Сессияны Назарбаев Университетіннің президенті доктор Илесанми Адесида құттықтау сөзбен ашты. Ол қоғам мен елдің дамуында университет басшыларының рөлі айрықша екенін атап өтті. Себебі университеттер болашақ мамандардың түрлі саладағы білімінің іргетасын қалап, әлеуетін іске асыруға тұғырнама болады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Аппарат басшысы Болат Төкежанов бағдарламаға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, "Academic Leadership Institute" курсы қарастыратын аспектілердің әрқайсысының маңыздылығын алға тартты. Олардың ішінде тұрақтылық, басқару, ұйымдық өзгерістер бар.

"Осындай бағыттарда құзыретті арттыру білім беру ұйымдарында елеулі өзгерістерді бастауға, қабілетті көшбасшыларды қалыптастыруға көмектеседі", - деді Болат Төкежанов.

6-шы модуль аясында қатысушылар саладағы өзгерістерді басқарудың негізгі аспектілерін үйренді. Атап айтқанда көшбасшылық стратегия, маркетинг, брендинг, PR және цифрлық маркетинг бағыттарын меңгерді. Ал модульдің екінші күні жоспарлау, бюджетті болжау, активтерді басқару мен тәуекелдер сияқты ұйымдық өзгерістердің қаржылық аспектілеріне тоқталды.

"Мұндай бағдарламалар өте пайдалы. Себебі білім беруде басшылықтың бір-бірімен байланысы аса маңызға ие. Көбінесе өзгерістерге сай ілгерілету кезінде ұжымның қабылдауы қиынға соғып жатады. Ал мұндай ашық алаңдар тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сол арқылы басқа университетің енгізген шараларын көріп, сенімділік жинауға болады. Ректорлар, проректорлар өте жақсы академиялық білімге ие. Дегенмен олардың барлығында басқару дағдылары жоғары емес. Бұл ешкімнің кінәсі емес. Сондықтан осындай бағдарламалар арқылы дағдыларды дамытуға болады", - деді бағдарламаға қатысушы, Л.Н. Гумилев университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.

19 тамызда Еуразия ұлттық университетімен серіктестік аясында аталған оқу орнында бағдарламаның 7-ші модулі – "Дарындылықты басқару" өтеді. Модуль бағдарламасы шетел университеттерінің таланттарды басқару жүйесін енгізудегі озық тәжірибесіне арналған. Мұнда қазіргі Қазақстандағы негізгі кадр тәжірибесі ретінде дарындылықты басқару тақырыбына ерекше назар аударылмақ.

“Бағдарламаның маған бір үлкен ұнайтын тұсы бірнеше модульдан тұратындығы. Толық 9 модульға созылғаннан кейін жиілік бар, бір логикалық байланыс бар, соңдықтан мәліметті шың мәнде меңгеруге уақыт бар. Оның үстінде, біз барымыз қызметтерде жұмыста болғаннан кейін тұтас бір айға кетіп қалмайсын жұмысынды тастап. Ал бағдарлама жарты жылға созылғанда келіп қатысуына болады. Екінші тұсы - мықты нетворкинг - әріптестермен талқылау, тәжірибе алмасу. Екіншіден, спикерлер жақсы таңдалған. Әр тақырыбты саланың маманы талқылады”, - деп Бағдарламаның қатысушысы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыс жөніндегі проректоры Ербол Сарымұрзин пікір білдірді.

“Academic Leadership Institute” қатысушыларын алда Ұлыбританияның үздік университеттері University of Bath, Cardiff University, University of Reading-ке саяхатты қамтитын 8-ші халықаралық модуль күтіп тұр. Онда қатысушыларға университеттерді түрлендіру, көшбасшылардың біліктілігін арттыру және академиялық ортада менеджментті жетілдіру бойынша біліммен бөлісудегі үздік британдық тәжірибе ұсынылмақ. Бүкіл бағдарламаның қорытындысы бойынша қатысушылар өз жобаларын қорғап, сертификаттар алады. Ең бастысы университеттердің жұмысын жақсарту үшін білім мен тәжірибе алмасылады.